Путин Әлиевпен кездесуде ұшақ апаты үшін кешірім сұрап, оқиғаға украин дронын айыптады

Тәжікстанға сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев кездесті. Кездесу барысында Путин Бакудан Грозныйға бағыт алған AZAL әуе компаниясының ұшағының апатына тоқталып, кешірім сұрады.
Ресейлік РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Владимир Путин кездесуді дәл осы қайғылы оқиғадан бастау қажеттігін айтып, «AZAL ұшағымен болған трагедия Ресей әуе кеңістігінде орын алды» деп атап өтті.
«Бұл қайғылы оқиға үшін Әзербайжан халқынан және қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұраймын. Біз шын жүректен қайғырып отырмыз», — деді Ресей басшысы.
Путин: Ұшаққа оқ емес, сынықтар тиген болуы мүмкін
Путиннің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, азаматтық ұшаққа тікелей шабуыл жасалмаған, ол құлаған украиналық дрон сынықтарынан зақымданған болуы ықтимал.
«Ұшаққа, ең ықтимал нұсқа бойынша, оқ-дәрінің өзінен емес, дронның бөліктері тиген. Бұл – техникалық тұрғыда анықталып отыр», — деді ол.
Ұшақ Махачқалаға қону ұсынысын қабылдамаған
Путин сондай-ақ, ұшақ апатқа дейін Махачқала әуежайына қону ұсынысын алғанын, бірақ экипаж өздерінің әуебазасына дейін жетуге шешім қабылдағанын мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Путин бұл мәліметтерді екі күн бұрын алғанын айтқан.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Грозный үстінде Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсіріліп, Қазақстан аумағында құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапты. Әлиев Ресейден кінәні мойындауды талап етті. Алайда Мәскеу тергеу аяқталмағанын айтып, қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Бұл Әлиевтің қатқыл реакциясына түрткі болып, ол халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.