Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:11

Путин әскери қызметкерлер үшін Telegram қолдану қауіпті екенін айтты

Путин
Фото: ТАСС/Артем Геодакян

Ресей президенті Владимир Путин Ресей билігінің бақылауында жоқ байланыс жүйелерін әскери қызметкерлердің пайдалануы қауіп төндіретінін мәлімдеді.

 Бұл туралы ол 8 наурыз қарсаңында түрлі мамандық иелері – әйелдермен кездесу барысында айтты.

Кездесу кезінде Путин байланыс батальонының командирі Ирина Годуновамен сөйлесті. Ол Telegram-ды «жауға тиесілі байланыс құралы» деп атап, Ресейде оны бұғаттау мәселесінің көтерілгенін қолдайтынын жеткізді.

«Сіз де біздің бақылауымызда емес және біз қадағалай алмайтын байланыс жүйелерін пайдалану жеке құрам үшін қауіп төндіреді деген пікірмен келісесіз бе?» – деп сұрады Путин.

Годунова бұл пікірмен келісетінін айтты.

Сонымен қатар Годунова «Max» байланыс жүйесін одан әрі жетілдіру қажет, сонда майданда бәрі жақсы болады деп мәлімдеді.

Ресей билігі ақпан айынан бері Telegram-ды ел ішінде бұғаттау әрекеттерін күшейтіп келеді. РБК және The Bell басылымдарының дереккөздеріне сүйенсек, мессенджерді сәуір айының басында толық бұғаттау жоспарланып отыр.

Telegram Украинадағы майданда ресейлік әскери қызметкерлердің негізгі байланыс құралдарының бірі саналады.

Ақпан айының ортасында Ресейдің цифрлық даму министрі Максут Шадаев әзірге үкімет Telegram-ның майдандағы жұмысын шектеуді жоспарламайтынын айтқан болатын. РБК дереккөздері де Ресей аумағында толық бұғатталған күннің өзінде мессенджер соғыс аймақтарында жұмысын жалғастыра беруі мүмкін екенін растаған.