Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:22, 19 Тамыз 2024

Путин Әзірбайжанға не үшін барды?

s
Фото: EPA

Ресей президенті Владимир Путин Әзірбайжанға барды. Ресми ақпаратқа сәйкес, оның сапары - 18 және 19 тамыз, екі күнге созылады. Путин Бакуге Ресей территориясындағы Курск облысында Украина әскеріне қарсы шайқас жүріп жатқан уақытта барды, деп жазады ВВС.

Кремльдің хабарлауынша, сапар барысында Әзірбайжан мен Ресей арасындағы одақтастық және стратегиялық қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланады. Путин Ильхам Әлиевпен Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік үдерісін де талқылайды деп күтілуде.

Бұл Владимир Путиннің Украинаға қарсы соғыс ашқалы бергі екі жылда Әзірбайжанға жасаған бірінші сапары. Бұл сапар да Украина Ресей жеріне басып кіріп, Ресейдің өзінде ұрыс жүріп жатқан кезге келіп отыр.

Украина жерлерін аннексиялап алғаны үшін Батыс тарапынан оқшауланғаннан кейін ол одақтастарымен байланысын нығайтып, жаңа байланыстар табуға ұмтылады. Әскері Украина жеріне басып кірген күндері Әзербайжанмен одақтық келісімге қол қойды. Әзірбайжан үкіметі Украинамен және Батыспен жақсы қарым-қатынаста болғанымен, Путиннен ешқашан бет бұрған емес. Бұл жолғы мемлекеттік сапар да Ресей басшысының қолдауы бар екенін әлемге танытуға берілген мүмкіндік, деп жазады басылым.

Бір қызығы, Әзірбайжанға сапары алдында Путин Солтүстік Корея мен Вьетнамға мемлекеттік сапармен барған болатын.

Газ мәселесі

Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері санкция салған соң Мәскеу Еуропа елдеріне газ экспорттауын тоқтатты. Өз кезегінде Әзірбайжан Еуроодақпен келісімге қол қойып, ресейлік газсыз қалған еуропалық елдерді қамтамасыз ету үшін газ экспортын арттыруға келісті.

Саясаттанушы Фуад Шахбазов Владимир Путиннің Әзірбайжанға бұл жолғы сапарының негізгі мақсаты экономикалық және бірінші кезекте энергетика мәселелеріне байланысты деп санайды.

Оның пікірінше, сапар барысында Әзірбайжан мен Ресей арасында газ тасымалдау туралы жаңа құжатқа қол қойылуы мүмкін.

«Әзербайжан газының Еуропаға экспорт көлемін ұлғайту орнына Ресей газын Әзірбайжанға жеткізу туралы құжатқа қол қойылуы мүмкін. Яғни, ресейлік газды ішкі нарыққа пайдалануға болады. Сонымен қатар, экономикалық саладағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылуы мүмкін», - дейді Фуад Шахбазов.

Шахбазовтың айтуынша, бұл сапардың тағы бір мақсаты Армения мен Әзірбайжан арасындағы бітімгершілік процесінде Ресейдің ұстанымын нығайту болуы мүмкін. Оның пайымдауынша, соңғы кездері екі ел арасындағы шиеленісті реттеуде Батыс институттары белсендірек бола бастады, ал Ресей Оңтүстік Кавказ аймағындағы ықпалын қалпына келтіруге мүдделі.

«Бұл сапар Ресейдің аймаққа қызығушылығын растауға бағытталған», - деді Шахбазов.

Бейбітшілік келісімін қолдау

«Ресей тарапы Әзірбайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге жан-жақты үлес қосуға дайын», - деп жазады РИА Новости Кремльге сілтеме жасап.

Соңғы айларда Әзірбайжан мен Армения шекараларды делимитациялау және бітімгершілік келісімін жасау бойынша тікелей келіссөздер жүргізіп, бейбіт келісімге қол қоюға дайын екендіктерін білдірді.

Тамыз айында Баку мен Ереван бейбіт келісім жобасынан Әзірбайжан мен оның эксклавы Нахичеванды байланыстыратын көлік бағыты немесе Бакуде «Зәңгезур дәлізі» деп аталатын тармақты алып тастады. Бұл мәселе келіссөздердің келесі кезеңінде талқылау үшін кейінге қалдырылды.

Баку мен Мәскеу Әзірбайжан мен Нахичеван арасындағы жолдың Ресей бақылауында болуын қалағанымен, Армения бұған қарсы болды.

Армения мен Ресей арасындағы келіспеушіліктер Екінші Қарабақ соғысынан кейін пайда болды. Ресми Ереван Ресей мен ҰҚШҰ соғыс кезінде оған көмек көрсетпегеніне наразы. Арменияның Батыс елдерінен қару-жарақ пен әскерді дайындауға шақыруы да Ресейдің наразылығын тудырды. Ресми Мәскеу НАТО-ға мүше елдердің Арменияда болуын құптамайды.

Бұл факторлар (сондай-ақ Путин мен Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянның жеке араздығы) соңғы жылдары Ресей мен Арменияны алшақтатып кетті.

Ресей мен Армения одақтас болғанымен, Владимир Путин ол жаққа бармады, себебі Армения Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚК) шешімдерін орындау жөніндегі келісімдерге қатысушы. 2023 жылдың 17 наурызында Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді.

Сапардың Иранмен байланысы бар ма?

Ресей президенті Владимир Путиннің бүгінгі сапарының алдында, 6 тамызда Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Әзірбайжанға барып, президент Ильхам Әлиевпен кездесті. Оның Бакуге баратын жолы Иран арқылы өткен.

Сергей Шойгу ХАМАС жетекшісі Исмаил Хания Тегеранда өлтірілгеннен кейін бір аптадан соң Иранға барып, Бакуде кездесу өткізді, содан кейін ол өз еліне оралды. Шойгу сапары барысында Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен қауіпсіздік сынды мәселелерге тоқталды, бірақ аймақтағы елдердің ішінде тек Әзірбайжанда болды.

Сарапшылардың пайымдауынша, жоғары лауазымды ресейлік шенеуніктің әуелі Тегеранға, одан кейін Бакуге сапары Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ықтимал ушығуымен байланысты болуы мүмкін. Сарапшы Фуад Шахбазовтың айтуынша, Ресей Иран мен Израиль арасында қақтығыс болған жағдайда Израильге Әзірбайжан тарапынан жасырын қолдау көрсетуге алаңдайды.