Путин: Бабамыз Невский Орда хандарына бас иіп, қызмет етті
Ресей президенті Владимир Путин бүгін Ресей Қоғамдық палатасының жаңа құрамының алдында сөз сөйледі. Ол сөз барысында Украина соғысын, Батыстың саясатын, Таяу Шығыстағы қақтығыс пен әлемдегі әділетсіздік жайлы айтты. Тарихты да сөз етті.
Путиннің Қоғамдық палата алдындағы сөзі Ресейдегі 4-қараша күні өтетін Ұлттық бірлік күніне орайластырылған болатын. Ол Ресей халқы үшін бірліктің маңызды екенін атап өтті. Тарихтан мысал келтіріп, Александр Невскийдің Орда хандарына бас игенін де растады және оны мақтан тұтатынын жасырмады.
«Александр Невский дәуірін еске алайықшы. Ол Орда хандарына барып, бас иіп, тізесін бүгіп, ант етті. Қызмет етемін деп иілді. Неге? Ең алдымен батыстың отарлауынан сақтану үшін. Ордалықтар өздерін өте өктем, қатыгез ұстады. Бірақ олар біздің тілімізге, мәдениетімізге, дәстүрімізге тимеді. Ал Батыс отарлаушылары біздің бұл құндылықтарымызды жояр еді. Осы құндылықтарды жұлып алсаң, онда ұлт та біртіндеп жойылады. Көктемдегі қар іспеттес ерік кетеді. Міне, сол себепті де біз Невскийді ұлы деп құрметтейміз, әулие санаймыз. Оның осы таңдауы үшін құрмет тұтамыз. Ол орыс ұлтын және Ресейдегі өзге ұлттарды сақтап қалу үшін осындай таңдау жасады және қателеспеді», - дейді Путин.
«Қазақтың мемлекеті, тарихы» болмаған деген Ресей басшысы, осылайша өзіне қарсы жауап тауып берді. Сарапшылар Путиннің бұл сөзін «Батыстан шығысқа курс ауыстыру» деп ойлайды.