Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:19, 20 Мамыр 2021

Путин-Байден саммиті елордада өтуі мүмкін бе?

None
None

     Армения мен Әзірбайжан арасындағы соғыс пен Палестина және Израиль арасындағы қақтығыс әлемдегі геосаяи жағдайды реттеуде жаңа ойыншылардың қажет екенін дәлелдеуде.

Ал ондай ойыншы бар ма? Біреулер бұл саяси қақтығысқа тағы да Түркия араласуы мүмкін екенін айтуда. Ақиқатында, ресми Анкара ондаған араб елдерімен сөйлесіп үлгергенге ұқсайды.

       Кезінде ұлтарақтай араб жерін сатып алып, қуыршақтай мемлекет құрып, кейін кеңейтіп жіберген еврейлердің мықтылығына қазір ешкім төтеп бере алмай отыр. Ауызбіршілігі жоқ бүкіл араб мемлекеті қазір Израильдің қуатты әскери қуатына шыдас бере алмайды. Ердоғанның ондаған араб басшыларымен сөйлесіп, «Палестинаны  қалай құтқаруға, қолдауға болады?» деген тұрғыда ашық сөйлескені де мәлім. Бірақ Израильдың артында АҚШ тұрғанда еврейлерді ешкім жермен-жексен ете алмайды.  Мұны неге айтып отырмыз? Сирияны бүкіл қарсыластарынан азат етіп, әлемдік саясатта мерейі үстем болған  Ресейдің өзінің жағдайы қиын. Украинаның шығысындағы Донбасс аумағында әскерін жарты ай ұстап, кейін қайтарған ресми Мәскеу қазір басқа мәселеге алаңдаулы.

       Билікке Байден келгелі әлемдік жағдай қайтадан өзгерді. Бұрын Трампқа қырын қараған Еуропа елдерінің  қайтадан АҚШ-қа бүйрегі бұра бастады. Осы аптаның басында АҚШ әскери оқу-жаттығу шараларын өткізу мақсатында Ресейдің Аляскамен шектескен шекарасына 15 мың әскерін әкелді. Олардың ішінде 250  дроны мен аппараттары бар. Сондай-ақ бұл әскери шараға АҚШ-тың әуе қорғаныс әскери күштері, құрлық, теңіз әскерлері, авиалайнерлер мен көптеген корабльдер қатысады. Бұл жағдай да Ресейді алаңдатып отыр. Қазір АҚШ–Ресей арасындағы жағдай бір-бірімен сес көрсету тұрғысында ғана жүргізіліп жатыр. Екі ел арасындағы қырғиқабақ қақтығысты реттемесе болмайды. Сондықтан қазірдің өзінде Ресей–АҚШ саммитіне әскери сарапшылар мен саясаткерлер, тіпті, екі ел басшылары мен ресми өкілдерінің өзі назар аудара бастады. Әсіресе, соңғы кезде ресейлік сарапшылар жағы саммитті Қазақстанда өткізу жағын жиі айтып жүр. Ал бұл ұсынысты АҚШ тарапы құптай ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

       Сарапшылардың айтуына қарағанда,  әлемдік ірі қақтығыстарды реттеуде кейде Қазақстан сияқты көпвекторлы саясат ұстанатын мемлекеттердің  ықпалы зор болатынға ұқсайды. Мұның мысалы ретінде елордада өткен бірнеше раундқа созылған Сирия келіссөздерін атап өтуге болады.  Жалпы, әлемнің шығыс аймағында да жағдайды реттеуге араласып, ондаған жылдан бері Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) құрған елорда бұған лайық па? Ресейлік сарапшылар кейінгі кезде Қазақстан астанасын құп көріп отырғаны бекер емес. Оның үстіне, соңғы төрт-бес жылдан бері жоғары дәрежелі АҚШ–Ресей саммиті өткен жоқ. Екі арада шешілмеген мәселелер көп.

        Маусым айында өтетін  «Үлкен жетілік» кездесуі де әлемдік жағдай үшін шешуші рөл атқармақ. «Үлкен жетілік» кездесуінен соң, геосаяси дебаттарды талқыға салатын бейтарап аймақ керектігі күн тәртібіне шығады. Сондықтан ресейлік сарапшылар АҚШ тарапына да, Ресейге де қолайлы аумақты іздеп отырған сияқты. Рас, бұрынғы саммиттер  Женева, Вена және Хельсинки сияқты еуропалық құрлықта өтіп келді. Ендігі геосаяси жағдайды реттеу аумағы шығысқа қарай ойысуы тиіс. Оның үстіне, Қазақстан әлемдегі екі алпауыт мемлекет – Ресей мен Қытай аралығында орналасқан. Қазақстанның ресми Пекинмен де, Мәскеумен де қатынасы жақсы. Ешқайсысына бұра тартпайды, көпвекторлы саясат ұстанып отыр. Сондықтан бұл бастама АҚШ тарапына ұнауы тиіс. Оның үстіне, Қытайдың экономикалық тұрғыдан Қазақстан аумағына ықпалы артып келеді.

       Ресми Пекиннің «Бір белдеу – бір жол» әлемдік жобасы да Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстанның саяси элитасы Ресей мен Қытайдың Қазақстанға  ықпалы зор екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ Орталық Азиядағы бұл ел Еуропа ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымына мүше. Еуроодақ елдеріне өз өнімдерінің жартысын экспорттайды. Қазақстан құрған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі осы аумақтағы 27 елді біріктіріп отыр. Сондықтан Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты Астана процесін ойдағыдай өткізген Қазақстан АҚШ–Ресей саммитіне өте қолайлы аймақ. Ресей мен Қытайға жақын орналасқан ел Еуропа мемлекет  басшыларының да көңілінен шығады. Ресейдің әскери амбициясы мен Қытайдың әлем нарығын жаулап бара жатқан экономикалық қуаты мен әскери күші де төрткіл құрлықты толғандырып отырғаны бекер емес. Мұндай жағдайда екі елдің арасында қарым-қатынасын тең жағдайда реттеп отырған Қазақстанның саясаты үлгі алуға тұрарлық. Әр алпауыт елдердің арасындағы текетірес қарым-қатынаста кейде дамушы елдер де  жақсы ойыншы рөлін атқара алады.

       Қысқасы, Ресей сарапшылары кейінгі аптада осындай тосын ой айтып, батыл бастама көтере  бастады. Бірақ мұның қаншалықты жүзеге асатыны беймәлім нәрсе. Бұл Қазақстанның территориясына көз алартып, өз сөздерімен айтқанда, «сыйға тартқан» жоқ жерлерін даулап жүрген кейбір ресейліктердің пікірін бүркемелеу үшін құрылған алдарқату саясаты ма? Бұл жағы әзірге белгісіз. Ал АҚШ–Ресей саммитін елордада өткізуге қатысты ресми Мәскеу ләм-мим деп отырған жоқ. Бұл ұсынысты АҚШ тарапы да құптай қоя ма, ол да белгісіз. Бірақ қалай айтқанда да, жүзеге аса қойса, бұл дұрыс ұсыныс. Бұдан Қазақстан еш ұтылмайды. Дегенмен орындала қоюы да екіталай нәрсе.

Тегтер: