Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

“Путин Берлинге бомба тастаса екен”: Кремль насихаты Германияда қалай жұмыс істейді?

Путин
Фото: zhasalash.kz

Көп немістер секілді Сюзанне Шпан да Ресейге қызығып, оның демократиялық болашағына сенген еді.

Алайда бүгінде бұрынғы журналист ресейлік насихатқа қарсы тұру керек деп санайды және бұл туралы арнайы кітап жазды.

“Ресейдің таңдауы болмады, НАТО-ға жауап берді”, “Украина геноцид жасады” — мұндай пікірлерді Сюзанне Шпан 2022 жылдың қазан айында Тюрингиядағы Альтенбург қаласында өткен Ресейдің Украинаға қарсы соғысы туралы лекциясынан кейін естіді. Үш жылдан соң Шпан ел аралап, «Ресейлік желі» атты кітабын таныстырып жүр. Бұл еңбегінде ол Германия мен Ресей арасындағы қарым-қатынастағы, соның ішінде өзінің де кеткен қателіктерін сипаттайды. Шпанның айтуынша, бұл кітап оқырмандардың көзін ашып, Ресейге деген көзқарастарын қайта қарауға септігін тигізіп жатыр.

Алайда бұрынғы ГДР аумағында жағдай басқаша. Соғыс басталған үш жылдың ішінде Германияның шығысында Батысты сынап, Ресейді жақтайтындар азайған жоқ, керісінше көбейген. Бүгінде Сюзанне Шпан Бавариядағы Пассау университетінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, кейбір тұрғындар “Путин Берлинге бомба тастаса жақсы болар еді” деп те айтады.

Мұндай көзқарастың бірнеше себебі бар: әсіресе жасы үлкен шығыс немістерінің Ресейге деген жылы ықыласы, Германияда танымалдылығы артып келе жатқан ультраоңшыл “Германия үшін альтернатива” (AfD) партиясының риторикасы және орыс тілді насихат құралдарының ықпалы. Бұл – Шпанның кітабындағы басты тақырыптардың бірі.

Сюзанне Шпан өзін бұрынғы “Russlandversteherin”, яғни “Ресейді түсінетін адам” ретінде сипаттайды. Бұл – Ресейдің өзіндік демократиялық жолына сеніп, Мәскеудің әрекеттерін ақтап алуға тырысатын саясаткерлер мен сарапшыларға берілетін бейресми атау.

Кітабында Шпан Германияда болған КСРО-ға деген еліктеу, Горбачевке (т.с.с. “горбимания”) деген сүйіспеншілік, 1990-жылдардың басындағы Ресейге жасаған алғашқы сапарлары, Санкт-Петербургте оқып, жұмыс істеп, кейін журналистикаға бет бұруы туралы жазады. Ол кезде Ресей туралы мақалаларында шындықты “әдемірек” етіп көрсеткенін мойындайды. Бұл редакциялардың, сондай-ақ сұхбат берген компаниялардың да талабымен болғанын айтады. Кейде оның мәтіндерін мүлдем қайта жазып шығатындар да табылған.

Шпанның Ресейге деген көзқарасы 2010-2011 жылдары түбегейлі өзгерген. Ол кезде Мәскеуде “басқарылатын демократияның” және Кремльдің билік үшін “циниктік ойындарының” куәсі болған. Содан кейін журналистиканы тастап, 2014 жылдан бастап Ресейдің Германиядағы насихат құралдарын зерттеуге көшкен. Бұл әсіресе сол жылы ашылған RT DE (бұрынғы Russia Today) және “Россия сегодня” медиатобына кіретін Sputnik агенттігінің жұмысына қатысты.

Шпанның айтуынша, RT DE ең белсенді кезеңін 2020-жылдардың басында өткізді. Украинаға басып кірудің алдында Германияда бұл арнаның телевизиялық хабар таратуына тыйым салынды. Содан кейін RT және басқа да ресейлік БАҚ-тардың сайттары ЕО санкциялары аясында бұғатталды.

Алайда үш жылдан кейін де Кремльдің насихаты әлсіреген жоқ, кей жағдайларда тіпті күшейген.

Мұның себебі – ресейлік тараптың “шығармашылық тәсілінде”, дейді Шпан. Ол RT DE материалы бар неміс тіліндегі 20 шақты “айна-сайтты” анықтаған. Сонымен қатар шамамен 100 сайт өзін танымал неміс басылымдарына ұқсатып, RT контентін таратып жүр.

Автордың пайымдауынша, ресейлік насихат құралдары Германияда арнайы “желіні” пайдаланып отыр: оған радикалды оңшыл саяси күштер, белсенділер және сайттар кіреді. RT DE мен Sputnik қызметкерлерінің біразы Германияда жұмысын жалғастырып жатыр, сол арқылы жергілікті контент өндірісі тоқтамаған.

Насихат көбіне өз өміріне көңілі толмайтын топтарға бағытталады — миграциялық мәселелерге, пандемия кезіндегі шектеулерге немесе инфляцияға наразыларға. Бұл — насихаттың басты нысанасы.

Сюзанне Шпан сөз бостандығы мен жалған ақпарат тарату арасындағы айырмашылыққа назар аударады. Оның айтуынша, сөз бостандығы — конституциялық құқық, бірақ бұл жалған ақпарат пен соғысты ақтауға рұқсат дегенді білдірмейді. Ал Германияда агрессиялық соғысты ақтау заңмен тыйым салынған.

Тегтер: