Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Путин: Будапешттегі саммит тоқтаған жоқ, тек кейінге қалды

Трамп
Фото: ашық дереккөз

 Путин  Дональд Трамппен Будапештте өтетін кездесу тоқтатылған жоқ, тек кейінге қалды деп мәлімдеді. Бұл туралы ол 23 қазан күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде айтты.

Путин: Кездесуді асығыс өткізу дұрыс емес

Путиннің айтуынша, саммитке мұқият дайындық қажет. Осы мақсатта АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың алдын ала кездесу өткізуі жоспарланған.

«Мен АҚШ президентінің мәлімдемесімен таныспын. Ол бұл кездесуді тоқтату немесе кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Меніңше, ол кейінге қалдыруды меңзеп отыр. Қалай болғанда да, диалог – кез келген қақтығыстан, кез келген соғыстан әлдеқайда жақсы. Сол себепті біз әрқашан сөйлесуге дайынбыз және бұдан бас тартпаймыз», – деді Путин.

Саммит – АҚШ бастамасы еді

Ресей басшысы Будапешттегі саммит идеясы АҚШ тарапынан шыққанын еске салды. «Бұл кездесуді асығыс өткізіп, нәтиже бермей қалдырғаннан гөрі, дайындыққа уақыт бөлу әлдеқайда дұрыс», – деді ол.

Санкциялар туралы пікір

Путин сөзінде АҚШ енгізген жаңа санкцияларға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл шектеулер Ресейге қысым көрсету әрекеті, бірақ олардың ел экономикасына айтарлықтай әсері болмайды.

«Бұл – Ресейге қысым жасау амалы. Бірақ өзін және елін құрметтейтін ешбір халық сыртқы қысым арқылы шешім қабылдамайды», – деді Путин.

Ресей-АҚШ қатынастары қайта нашарлауы мүмкін

Путин жаңа санкциялар екі ел арасындағы қатынастарды нығайтпайтынын айтты. «Америка әкімшілігінің мұндай әрекеттері керісінше, Ресей мен АҚШ арасындағы енді қалпына келе бастаған қатынастарға зиян келтіреді», – деді Ресей президенті.

Осылайша, Кремль саммиттің толықтай тоқтатылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, оны тек кейінге қалдырылған дипломатиялық қадам ретінде сипаттап отыр.