Путин «Буревестник» зымыранының сәтті сынақтан өткенін мәлімдеді
Ресей армиясы ядролық қозғалтқышы бар, «шексіз қашықтыққа ұша алатын» «Буревестник» қанатты зымыранын сәтті сынақтан өткізді. Владимир Путиннің айтуынша, бұл зымыран «кез келген қорғаныс жүйесін бұзып өте алады және мұндай қару ешбір елде жоқ».
26 қазанда Ресей президенті Владимир Путин «Буревестник» зымыранының сәтті сынақтан өткені туралы хабарлады. Бұл сынақтар өткен аптадағы ядролық жаттығулармен қатар өткізілген және сарапшылардың пікірінше, Батысқа бағытталған саяси белгі болып отыр.
Ресей Қарулы күштерінің Бас штабының бастығы Валерий Герасимовтың айтуынша, 21 қазандағы сынақ кезінде зымыран 14 000 шақырым қашықтыққа ұшып, шамамен 15 сағат бойы әуеде болған.
Ядролық қуат көзі есебінен «Буревестник» басқа ядролық қарулы зымырандарға қарағанда ұзақ уақыт әуеде қалуға қабілетті, деді ол. Сондай-ақ ол кез келген зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін еңсеруге мүмкіндік береді.
НАТО жіктемесінде бұл зымыран SSC-X-9 Skyfall деп аталады. «Буревестник» атауы дауылды болжаушы «боран құсы» (storm petrel) деген мағынаны білдіреді. Ол келешектегі зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін айналып өтетін «жеңілмес» қару ретінде сипатталады.
Путиннің сөзімен айтқанда:
«Бұл — әлемде ешкімде жоқ ерекше өнім. Біз енді оны әскерге енгізуге қажетті инфрақұрылымды дайындаймыз», — деді ол.
Зымыранның қай жерден ұшырылғаны, ұшу бағыты және құлаған орны туралы ресми ақпарат берілмеді. BBC дерегінше, сынақтың іздері Новая Земля архипелагындағы Рогачёво аэродромында байқалған.
Путин өткен аптада Ресейдің стратегиялық ядролық күштерінің құрлық, теңіз және әуе компоненттерін қамтитын ірі жаттығуларды да бақылады. Ол кезде «Буревестниктен» бөлек «Ярс» және «Синева» баллистикалық зымырандары, сондай-ақ екі X-102 әуе зымыраны сыналған еді.
«Біздің ядролық күшіміз кез келген басқа мемлекеттен озық деңгейде», — деді Путин.
Трамптың жауабы
Мәскеуде «Буревестник» сынағынан бір күн өткен соң, АҚШ президенті Дональд Трамп бұған қатысты пікір білдірді. Ол сынақтың маңызын төмендетіп көрсетіп:
«Біз де үнемі зымыран сынаймыз. Бірақ зымыран сынаудың орнына, соғысты тоқтату керек», — деді Трамп Малайзиядан Жапонияға ұшып бара жатып.
Трамп АҚШ-тың «Ресей жағалауларына жақын ядролық сүңгуір қайықтарға ие екенін» еске салды. Бұл мәлімдеме Мәскеудің әскери сынағына жауап іспетті қабылданды.
Қарымта белгі
Трамп бұған дейін Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атаған болатын, себебі Мәскеу Украинада тез жеңіске жете алмаған. Алайда бұл сынақтар Ресейдің ядролық салада АҚШ-пен жаһандық бәсекелес болуды жалғастырып жатқанын көрсетті.
Reuters жазуынша, Путиннің бұл мәлімдемесі Батысқа арналған «жаңа ядролық сигнал» болып саналады. Ал АҚШ-тың Украинаға Ресей аумағындағы нысандар туралы барлау ақпаратын ұсына бастауы Мәскеудің риторикасын одан әрі күшейткен.
Путин бейсенбі күнгі сынақ кезінде:
«Егер Ресейге шабуыл жасалса, біздің жауабымыз өте қатал, тіпті апатты болады», — деп мәлімдеді.
Жаңа қарулану жарысы
Путин 9М730 «Буревестник» жобасын алғаш рет 2018 жылы таныстырған. Бұл қару АҚШ-тың 2001 жылы баллистикалық зымырандарға қарсы келісімнен шығуына және НАТО-ның кеңеюіне жауап ретінде әзірленген.
Ядролық сарапшы Джеффри Льюис бұл оқиғаны алаңдатарлық деп бағалабағалаю
«Бұл — ұшатын шағын Чернобыль. Мұндай қару әлемдік тұрақтылықты шайқалтып, қару-жарақ бақылауын қиындатады», — деді.
Мәскеулік сарапшы Дмитрий Стефановичтің пікірінше, АҚШ-тың «Алтын күмбез» деп аталатын қымбат зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі Ресейді осындай жаңа жобаларға итермелеп отыр.
Ал ядролық қаруды шектеу орталығының сарапшысы Ханна Ноттенің айтуынша, Путиннің бұл мәлімдемесі — Трамп билікке оралғаннан кейінгі алғашқы ірі ядролық «шантаж».
Сарапшылар бұл жолғы Ресей әрекеті Украина майданынан гөрі Вашингтонға бағытталған, яғни АҚШ пен Ресей арасындағы жалғыз қалған қару-жарақ бақылау келісіміне байланысты деп есептейді.