Путин Херсон мен Запорожьеден бас тартуға дайын емес

The Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ бастапқыда Владимир Путиннің Запорожье мен Херсон облыстарындағы соғыс қимылдарын тоқтату ұсынысын бұл аймақтардан Ресей әскерін шығару ниеті ретінде түсінген. Алайда кейін Кремль бұл өңірлерден бас тартуға дайын еместігін анық көрсеткен.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, 6 тамызда Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесуінде Путин Киевтен Донбастан бас тартуды талап етіп, соның есесіне атысты тоқтатуға және қазіргі фронт сызығын бекітуге келісім білдірген.
Кездесуден кейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленский және бірқатар еуропалық лидерлермен телефон арқылы сөйлескен. Осы әңгімелердің кейбір қатысушылары «Путин Херсон мен Запорожьеден бас тартуға дайын» деген әсерде болғанын айтқан.
The Washington Post дерегінше, бастапқыда Вашингтон бұл ұсынысты Ресейдің аталған аймақтардан әскерін әкету қадамы ретінде қабылдаған. Бірақ кейін белгілі болғандай, Кремль Херсон мен Запорожьеден бас тартпайды. Керісінше, Путин Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын толық бақылауда ұстауды көздейді.
Кейін Уиткофф Украина және Еуропа өкілдеріне Путин тек Запорожье мен Херсондағы қазіргі позицияларын «мұздатуға» ғана дайын екенін айтқан.
Аляскадағы ықтимал саммит және Зеленскийдің қатысуы
Ақ үй қазір Дональд Трамп пен Владимир Путиннің 15 тамызда Аляскада өтетін кездесуіне дайындық жүргізіп жатыр. NBC News дерегінше, Зеленскийді Аляскаға шақыру мәселесі қарастырылуда, бірақ оның нақты шақырылатыны белгісіз. Ақ үй өкілдері Зеленский кейбір кездесулерге қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ мұндай іс-шаралар Трамп пен Путин келіссөздерінен кейін өтуі ықтимал.
Еуропаның ұстанымы
9 тамызда Лондон маңындағы Чивнинг-хаус резиденциясында Еуропа, Украина және АҚШ өкілдері келіссөздер өткізді. Онда Еуропа басшылары атысты тоқтату немесе соғыс қимылдарының қарқынын төмендету жағдайында ғана «мазмұнды келіссөздер» жүргізуге болатынын атап өтті. Олар бастапқы нүкте қазіргі қақтығыс сызығы болуы керек екенін, ал «Украинасыз Украинадағы бейбітшілік жолын анықтау мүмкін емес» екенін мәлімдеді.
Кездесу қорытындысында Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша, Финляндия және Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бірлескен мәлімдеме жасады. The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, еуропалық лидерлер соғысты тоқтату жөніндегі бірлескен жоспарды АҚШ тарабына ұсынған және Ақ үй бұл бастамаға оң көзқарас білдірген.
Украинаның жауабы
Владимир Зеленский Еуропа басшыларының бірлескен мәлімдемесін толық қолдайтынын айтты. Ол Ресей басшысы Херсон, Запорожье, Донбасс және Қырымды оккупациялағанын «кешіру» мүмкін еместігін, Украина өз аумағын бөлшектеуге жол бермейтінін және атысты дереу тоқтату қажеттігін атап өтті.
Ресейдің реакциясы
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Еуропа басшыларының мәлімдемесін «нацистік парақ» деп атап, Брюссель мен Киев арасындағы қарым-қатынасты «некрофилияға ұқсас» деп сипаттады.