Путин Қазақстан азаматтары үшін Ресей азаматтығын алуды жеңілдетті
Ресей президенті үш ел азаматтары үшін Ресей азаматтығын алуды жеңілдету туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Ресейлік БАҚ жариялаған ақпаратқа сәйкес, ендігіде Беларусь елінің азаматтары Ресейде тұрған мерзімі, тілі мен тарихын, заңнамасын білуі ескерілмей, азаматтықты өтініш беру арқылы ала алады.
«Қазақстан мен Молдова азаматтарына өтініш берген кезде елде тұрудың белгіленген мерзімін (бес жыл) сақтау және Ресей тарихы мен заңнамасын білу міндетті болмайды. Дегенмен олар үшін орыс тілін білу талабы сақталып қалады», - делінген хабарламада.
Осылайша, Беларусь азаматтары Ресей азаматтығына қабылдау туралы өтінішпен бірге тұруға рұқсат пен жеке басын куәландыратын құжат ұсынуы керек. Ал Қазақстан мен Молдова азаматтары да орыс тілін білетінін растайтын сертификат ұсынса жеткілікті болмақ.