Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:00

Путин келіссөзге көнбейді

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Трамп билікке келе сала Путинді мақтады. Оның билік басында ұзақ отырғанына қызыға қарады. Бірақ бұл симпатия АҚШ-тағы демократиялық билікті бақылау институттарына ұнаған жоқ. Сондықтан Трамп олардың талаптарына көнді, біртіндеп Путиннің өтірікші екеніне көзі жеткесін Украинаға қарай бет бұра бастады.

Қару-жарақ қайтадан Украина майданына жеткізіле бастады. Tomahawk деген алыс қашыққа ұшатын зымыран. Онымен Мәскеуді де, басқа ядролық нысандарды да бомбалауға болады. Меніңше, Ақ үй Tomahawk зымыранын Киевке береді. Мәселе оның қанша данасын беруінде болып тұр. Мысалы, 100 данасын алса, бұл Украинаға табыс әкеледі. Бес-алтауын алса соғыстың барысы өзгере қоюы неғайбыл. Меніңше, Зеленский сол 100 шақты зымыран сатып алуға тырысады. Жақында Еуропа елдері бірнеше млрд доллар береміз деді. Сол ақшаға Tomahawk зымырандарын сатып алатын шығар. Тым болмағанда 40 шақты зымыран алса, бұл да Украина үшін үлкен күш.

Ал соғыстың тоқтайтын түрі жоқ. Путин соғысты тоқтатса, бәрінен айырылып қалатынын біледі. Сондықтан Зеленский қанша зымыран алып келсе де Путин келіссөз үстеліне отырмайды. Себебі Ресей де Қытайдан, Ираннан, Солтүстік Кореядан қаншама қару, қосалқы бөлшектер алып жатыр. Авторитарлы елдер бір-бірін қолдайды. Үндістан да қару жағынан Кремльге көмектесетін сияқты.

Ал жақында The Washington Post басылымы Қытайдың дронға қажетті бөлшектерді Ресейге көптеп жеткізіп жатқанын жазды. Оны батыс елдері халықаралық бейбітшілікке қауіп төндірді деп айыптады. Бірақ Ресейге қаншама бөлшектер жеткізілгенімен Украинаға да Еуропа елдері көмектесіп отырғанын ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл жағдай майдандағы соғыс бағытына пәлендей әсер ете қоймайды. Қазір батыс елдері Украина жеңілсе не болатынын түсінді. Болашақта өздеріне қауіп төнетінін аңдады. Сондықтан Украинаны Шығыстағы өздерінің қалқаны ретінде, майдан шебі ретінде бағалап отыр. Қазір бүкіл Еуропа Украина жағында. Сол сияқты Қытай да қолдан келген көмегін Ресейге аяп жатқан жоқ. Себебі Ресейдің жеңісі –авторитарлы жүйенің жеңісі екенін олар да жақсы біледі. Өздері сияқты режимнің әлемде үстемдік құрғанын қалайды.

Ал Газа секторына келетін болсақ, Трамп келіссөзге қол жеткізді. Қазір тұтқындарды босатып берді. Келіссөздердің екінші кезеңіне өтіп жатыр. Алдағы уақытта бейбітшілік жоспары толық жүзеге асады. Бұл жағынан Трамптың жұмысына қол соғу керек. Қазір Израильге де Палестина мемлекетін мойындатуға жұмыс істеп жатыр. Газа секторы арабтарда қалып, Израиль құрамына кірмейтін сияқты. Оның үстіне Еуропа елдері Израильді айыптай бастады. 150-ден аса мемлекет Палестина тәуелсіздігіне дауыс берді. Сондықтан алдағы уақытта Палестинаның да жеке тәуелсіз ел болғанын көріп қалатын сияқтымыз.

Сайын Борбасов,

саясаттанушы