Путин қырғыз президенті Жапаровқа орыс мектептерінің санын көбейтуді тапсырды

Ресей Президенті Владимир Путин мен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Кремльде келіссөздер жүргізді.
Өткен ресми кездесуде Қырғызстанда орыс тілінде білім беретін мектептер санын көбейту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама екі ел арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
«Қырғызстандағы 43 мектепте 200-ден астам ресейлік мұғалім еңбек етуде. Жақында ғана 6 жаңа мектеп аштық, алдағы уақытта тағы да орыс мектептерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қырғызстанда орыс тіліне ерекше мәртебе берілгені үшін алғыс білдіремін. Бұл бізге, әсіресе, экономика саласындағы әріптестікті күшейтуге жол ашады», - деді Путин.
Сондай-ақ тараптар мектепке дейінгі мекемелерде орыс тілін оқыту бағдарламаларын іске қосу, болашақ мұғалімдерді даярлауда мотивациялық жүйелер қалыптастыру және орыс тілі мен өзге де пәндердің оқытушыларын қолдау мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, Ресей мен Қырғызстан тарих пәнін оқытуда бірыңғай тәсіл қалыптастыруды көздейді. Бұл екі елдің оқу құралдарын сәйкестендіріп, тарихи қайшылықтарды болдырмауға және ортақ мәдени-тарихи векторды сақтауға бағытталған.
30 маусымда Ресейдің Білім министрлігінде екі елдің бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қағидаттарын әзірлеуге арналған бірінші отырыс өтті. Бұл топтың ұйымдастырушысы – “Еуразия” автономды коммерциялық емес ұйымы.
Жұмыс тобының құрамында:
- РФ Білім министрі Сергей Кравцов;
- РФ СІМ орынбасары Михаил Галузин;
- Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский;
- Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангельдиев;
- Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов;
- Қырғызстан Білім және ағарту министрі Догдуркул Кендирбаева;
- Қырғызстанның Цифрлық даму министрлігінің бірінші орынбасары Нурсултан Кубанов;
- Қырғызстан СІМ бірінші орынбасары Асеин Исаев;
- РФ Мемдумасының депутаты, «Еуразия» кеңесінің төрағасы Алена Аршинова;
- RT және «Россия сегодня» медиатобының бас редакторы, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Маргарита Симоньян.
2025 жылы Қырғызстанда Ресейдің қолдауымен 9 мектептің құрылысы басталды. Бұл мектептер 11 мыңнан астам оқушыны қамтымақ. Сонымен қатар Ресей Білім министрлігі Қырғызстандағы мектептерге мұғалімдер жіберуді жалғастыруда. 2019 жылдан бері Ресейлік мұғалімдер саны 12 еседен астам артқан.
Келіссөзге қатысқан ресейлік делегация мүшелері:
- СІМ басшысы Сергей Лавров;
- Үкімет төрағасының орынбасары Алексей Оверчук;
- Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Максим Орешкин;
- Президент көмекшісі Юрий Ушаков;
- Қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев;
- «Промсвязьбанк» төрағасы Петр Фрадков.
2024 жылдың соңындағы ресми деректерге сәйкес, Қырғызстанда 260 мектеп тек орыс тілінде, ал 576 мектепте қырғыз және орыс тілдерінде оқыту жүргізіледі. Бұл елдегі жалпы 2394 мектептің шамамен үштен бірін құрайды.
Соңғы он жылда таза қырғыз тіліндегі мектептердің үлесі 4%-ға азайған. Сол арада орыс тілінде білім алатын оқушылар саны 8%-ға өскен. Ал қырғыз-орыс тілінде білім алатын оқушылар саны екі еседен астам көбейген. 2024 жылдың соңына қарай тек орыс тілінде оқитын оқушылар саны 149 мыңға жетіп, бұл оқушылардың жалпы санының 21%-ын құраған.
Путин мен Жапаровтың бұл бағыттағы ынтымақтастығы екі ел арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталған қадам ретінде қарастырылып отыр.