Путин қызметінен босатқан министр өлі табылды: не белгілі?

Ресей Федерациясының бұрынғы көлік министрі әрі Курск облысының экс-губернаторы Роман Старовойттың мәйіті Мәскеу маңындағы Одинцово қаласынан табылды.
Бұл туралы ресейлік RTVI телеарнасына Мемлекеттік думадағы қорғаныс комитетінің басшысы Андрей Картаполов мәлімдеді. Оның айтуынша, шенеунік өз-өзіне қол салған, әрі бұл қайғылы жағдай “біршама уақыт бұрын” болған.
Ресей Тергеу комитеті Старовойттың қазасын ресми түрде растады. Ведомствоның ресми өкілі Светлана Петренконың сөзінше, бұрынғы министрдің денесі өз көлігінің ішінде, оқ жарақатымен табылған. Тергеу негізгі нұсқа ретінде суицидті қарастыруда.
Қару қайдан шықты? Телеграм-арна Shot хабарлауынша, Старовойт 2023 жылы ІІМ тарапынан тапсырылған марапаттық қарудан оқ атқан. Бұл қару оған “қызметтік міндеттерді адал орындап, ведомство тапсырмаларын сәтті орындағаны үшін” берілген.
Қайғылы оқиға болған күні Ресей президенті Владимир Путин Роман Старовойтты көлік министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойған.
Суицидке не себеп болуы мүмкін? Telegram-арна Mash таратқан дерекке сүйенсек, Старовойттың өз-өзіне қол жұмсауына қылмыстық істің ашылуы мүмкін деген қауіп әсер еткен. Бұл іс — Курск облысында Украинамен шекарадағы инженерлік қорғаныс құрылыстары кезінде мемлекеттік қаражаттың жымқырылуына қатысты болуы ықтимал. Белгілі болғандай, дәл осы аймақта украиналық әскери бөлімшелер шабуыл жасаған.
Старовойттың өлімі Ресей қоғамында үлкен резонанс туғызып отыр. Бір жағынан бұл — жоғарғы лауазымды тұлғалар арасындағы жүйелік жемқорлық және қысымның артуы, екінші жағынан — соғыс салдарынан ішкі ахуалдың ушығуының көрінісі ретінде қарастырылуда.
Старовойттың өліміне қатысты тергеу жалғасуда. Қосымша мәліметтер мен сараптама қорытындылары жақын күндері жария етілуі мүмкін.