Путин лыпасыз қалды, ал Ресей ыдыраса не болады?
Болашақ бірер жылда Ресейді әлемнің географиялық картасынан таппай қалуы ғажап емес.
1917 жылы-ақ үкімі шығып, күйреген басқа да империялардың артынан кететін еді. Алайда, тарих басқаша бұрылып, большевиктер ғұмырын ұзартып берген. Ал бүгінгі мұрагерлерінің уақыты біткен сыңайлы. Ресейге ыдырап кету қаупі төнді.
Олай болып кетуі әбден мүмкін екенін, Пригожиннің болмай қалған «бүлігі» анық көрсетіп берді. Әлем осы күні соншалық үрей туғызған Путиннің шын болмысын көрді. Көрді де соншама асып бара жатқан ештеңесі жоқ екенін түсінді. Түсінген соң-ақ, Британ үкіметі Ресей «ыдырап кететін болса, не істеу керек?» деген сұрақты ашық талқылай бастады. Жозеп Боррель енді Украинаға әскери көмекті екі есеге арттыру керек екенін мәлімдеді. Ресейге бүйректері бұрып келген, қазір бұлғаң басып отырған Қытайдың да, басқа мемлекеттердің де іргелерін аулақ салмақ ниеттері біліне бастады. Әлем «Путин» деген үрейден арылды. Ядролық шантажға да мойын бұрмайды. Батыстың Ресей экономикасына аса ауыр тиетін санкциялардың он бірінші пакеті де дайын тұр.
Күн өткен сайын бұл «бүліктің» сыр-сипаты анықталып келеді. Жаңа детальдарға қанық болып жатырмыз. Оның ең бір маңыздысы – Минскіге ұшып келген Пригожин туралы баспасөз мәслихатын берген Лукашенко «бүлікті тоқтатып, мәмілеге келуге бар күшімді салдым», деген Путиннің өтірігін шығара сөйледі. Менің араласуымды Путиннің өзі өтінді дейді батька. Өтінген! Сөйтсе, Путин 17 рет телефон соқса да, Пригожин жауап бермей қойыпты. Лукашенко, «амал жоқ, екі арада делдал болуыма тура келді» дейді. Путиннің үсті-үсті қоңырауларына мыңқ етпеген Пригожин батькамен сөйлесуге дайын. Пригожинмен келісім біткен соң, батька ФСБ-нің басшысы Бортниковтен шегініп бара жатқан «вагнерліктерге оқ атпауды» талап етеді. Ол болса, орындайды. Міне, Путиннің екі бағыныштысы да бөтен президенттің айтқанына көнеді. Неге? Өйткені Путин Мәскеуден қашып шыққан болатын. Келісімге қатысты ешқандай да бұйрық бермегені, ол процеске араласпай қалғаны анық. Екеуара телефонмен шеше салмақшы болған, бірақ Пригожин көнбеген.
Лукашенко мақтамен бауыздай отырып, Путиннің масқарасын шығарды десек те болады. Володя «жағдайды уысында ұстай алмай отыр», яғни «билікте тұтастық жоқ» дегенді, «мы упустили момент» деп, өзін қосақтап, жұмсарта жеткізді. Оны құтқарып қалған Лукашенко екен… Әрине, батьканың бөсіңкіреп жіберуі де ғажап емес. Бірақ мұның бәрі елдің алдында ашық айтылды. Путиннің беделін жермен жексен қылды. Енді жүні көтеріле қоймас. Өйткені Путин омақаса құлады! Ел ішіндегі абыройына орасан нұқсан келді.
Кремльдегілердің шындықты қайтсе де бұрмалап, өз дегенінде қала беретіні анық. Қазір Путиннің мақтауын асырып, біршама пиарға да соғар. Бірақ уақыт күтпейді. Путин биліктегі монополиясынан айырылып қалды.
Мұндай процесс жүріп жатса, яғни Ресей ыдырайтын болса, ол бүкіл әлемдік геосаяси және экономикалық мәселелерге айтарлықтай әсер ететін болады. Әсері Ресейдің барлық көршісіне, әсіресе Қазақстанға қатты тиеді. Біз ондай өзгеріске қаншалықты дайынбыз?
Бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болатын сауал – Қазақстанның еш дайындығы жоқ! Ал неге олай екені біраз әңгіме.
Қазақстан Ресей құрған Кедендік Одақ, Евразия Одағы сынды түрлі одақтардың мүшесі. Сыртқы сауда-саттық, экспорт-импорт балансында Ресейдің үлесі басым тұр. Енді бұл байланыстардың үзілетіні анық. Ол жағдай, егер үкімет дайын болып шықса, аса бір қиындық туғыза қоймауы мүмкін. Ресейдің Қазақстанға шығаратын импортының ішінде басымдық алып отырған машина өнімдерін де, құрал-жабдықтар мен автокөлікті де басқа елдерден тасып алуға мүмкіндіктер бар. Әсілі, ол өндірістің біршамасын ел ішінде ұйымдастырған жөн. Қосымша жұмыс орны, салық, т.б. Қазақстанның ол елге импорты да аса көп емес, оның да шешімін табуға болады.
Ауыр тиетіні – логистика мәселесі. Географиялық жағдайына орай Ресей біздің Еуропаға шығатын бірден-бір күре жолымыз. Экспорт жолдарының негізі осы ел арқылы өтеді. Яғни Қазақстанға көрсетер ықпалы зор. Ал Ресейде ыдырау процесі басталып кетсе, оның Солтүстік Кавказ бен Еділ-Жайық аймағын, Кубань мен Донды да қамтитыны анық. Бұл Қазақстан тауарының Ресейдің Қара теңіздегі порттарына баратын жолында жатқан өңірлер. Мәселе шиеленістер қанша мерзімге созылады, қандай сипат алады, транспорт өткелдері кімнің бақылауында болады дегенге саяды. Ыдырау процесі қанша уақытқа созылады және ол жаңа мемлекеттер қашан және қандай тұрақты статусқа ие болады деген де аса маңызды. Яғни бүкіл жеті жарым мың шақырым шекара бойында бейберекетсіздік басталады. Егер Ресейдің аймақтардағы элиталары мұндай өзгерістерге дайын болмай шықса, ол берекетсіздіктер қанды оқиғаларға, түрлі қарулы қақтығыстарға, тіпті азаматтық соғысқа соқтыруы мүмкін. Соғысқа тән бір ерекшелік – босқындар көбейеді. Қалай десек те, бізге оңай тиетіндей ештеңесі жоқ. Ал шекара – жыртық!
Біздің шекарамызға тиіп жатқан аймақтарда қандай мемлекеттік құрылымдар орнайтыны да біздің мүддеміздің көрінетін тұсы. Егер Қазақстан билігінің геосаяси ойындарға бекем араласа алатындай қауқары болса, ондағы қандастарымыздың бар екенін пайдалана отырып, өз ықпалымызды да жүргізуге болар еді. Бірақ… Бірақ біз өйте алмаймыз. Әзірше.
Ал ғаламдық деңгейде, Ресейдің ыдырауы бүкіл геосаясаттың өзгеруіне соқтыратыны кәміл. Өйткені Тынық мұхит пен Балтық теңізінің екі арасындағы алып территория. Жабыла кетеді. Шығысында Қытай мен Жапония. Оңтүстік Корея да қарап қалмас. Бәрінің тарихи талаптары бар. Батысын НАТО елдері игере бастайды. Жаһандық жылудың нәтижесінде жуық жылдарда Солтүстіктегі теңіз суларында навигация басталатыны да белгілі. Сол кезде, ыдыраған Ресейдің Шығыс Сібір аймақтарын игергеннің арқасында Қытай ол кеме жолына қосыла алады. Өйткен болса, Еуропа мен арадағы жол қатынасы екі еседен астам қысқара түседі. Тартымды жоба емес пе? Сібір мен Шығыстың байлығы қаншама! Ол аймақтарда ендігі Қытайдың диаспорасы қалыптаса бастаған, ықпалы зор. Бір ай шамасы бұрын Ресейдің Владивосток портын Қытайдың ішкі порты деп жариялағаны белгілі. Жапондардың Курилл аралдарына бәсі бар. Сол себепті де Ресей екеуі әлі күнге бейбіт келісімге қол қоймаған. Бүгінгі жағдайды ескерсек, жапондардың Сахалинге де ауыз салатыны анық.
Сарапшылардың көпшілігі Солтүстік Кавказды Рамзан Қадыров өз ықпалында ұстап қалуға тырысады деген пікірде. Әрине, ол оның соғыстан қандай активпен шығатынына қатысты жағдай. Дегенмен осы күндері бұл аймақта одан ықпалды, одан мықты ешкім жоқ. Еділ бойында тәуелсіз мемлекет құруға татарлар мүдделі. Күші де бар. Еуропалық бөлігі мен солтүстігі Мәскеудің бақылауынан шықпайтын болар дейді. Әрине, мұның бәрі болжам ғана, шын ыдыраудың кімдерді және нені құрбан қыла келетіні де, қандай катаклизмдерге ұрындыратыны да белгісіз.
Еуро одақтың да өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Украина, Балтық республикалары, Польша және тағы бірнеше Шығыс Еуропа елдері Британиямен қосылып жаңа экономикалық одақ құруы мүмкін деген де болжам бар. Олай болмағанның өзінде одақтың шекарасын Украина кеңейтеді.
Ресейдің қолдауынсыз қалған Башар Асадтың да жағдайы қиындай түседі. Таяу Шығыстағы күштердің ара салмағы өзгереді. Түріктердің Қара теңіз аймағындағы, Жерорта теңізіндегі ықпалы артады. Қытайдың Тайвань жобасы кейінге шегеріледі. Өйткені көз алдында өткен Ресейдің мысалын қайталамауға тырысатыны анық.
Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттері басқа күштердің ықпалына түседі. Орталық Азия негізінен Қытайдың ықпалында кетеді. Оның нақты негізі де бар. Әйтсе де, біздің аймаққа АҚШ көз тігіп отырған көрінеді. Мүмкін. Бір кездері Британ королдігі мен Ресей патшалығының мүдделері қақтығысқан өңір емес пе? Англо-саксондар Орталық Азиядан әлі де бас тартпаған сыңайлы.
Ал орталық биліксіз қалған территорияда Батыс пен Қытайдың алғаш қолға алар ең басты мақсаты – ядролық қаруға басқа ешкімді жолатпау. Оның терроршы топтардың, мемлекеттердің қолына түспеуі. Ресейдің ыдырауынан туындайтын ең үлкен қауіп – осы.
Ресейдің ықпалы жоғалып, демократиялық күштердің демеуі артса, Қазақстан мен басқа да көршілеріміздің тұрақты дамып кету мүмкіндігі де арта түседі. Әрине, ол өзіміздің қандай жолды таңдағанымызға байланысты. Ал Ресей, шын мәнінде, ыдырап кетсе, Қазақстанның арқасынан аса ауыр жүк түсер еді. Бірақ шекаралық аймақтарда тудыратын қаупі де бар. Билік, ондай жағдай болып жатса, одан зардап шегіп қалмай, керісінше, оны өз пайдамызға қалай асыруға болатынын ертеден-ақ ойластырса керек еді. Қайдам. Ондай әрекеттер, әзірге, байқалмайды.