Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:38, 23 Шілде 2021

Путин мақаласының астарында не жатыр?

None
None

       Ресей президенті Владимир Путиннің жақында жарық көрген «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі» атты мақаласы әлі күнге сарапшылардың назарын аударып келеді.

     «Орыстар мен украиндар – тұтас бір халық.  Бұл сөз қазіргі қалыптасқан саяси жағдайға қатысты айтылып отырған жоқ. Бұл туралы осыған дейін бірнеше рет айтқанмын. Бұл тағы да ақиқатқа көз жеткізу. Сондықтан бүгінгі жағдайға баға бере келіп, өзімнің позициямды баяндауым қажет деп таптым», – дейді Ресей президенті өз мақаласында. Владимир Путин «Ресей мен Украина арасында соңғы жылдары пайда болған мәселе, бұл –ортақ трагедия. Бұл әр жылдары жіберген қателігіміз. Қазіргі жағдайды түсіну үшін біз ортақ тарихқа назар аударуымыз керек. Белорустар, украиндар және орыстар –  ежелгі Русьтың ізбасарлары», – дейді.  

      Әрине, Путиннің ортақ тарихқа негізделген бұл мақаласының кейбір тұстарын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен бұл мақаланы жариялаудағы мақсат не? Мәселе сонда жатыр. Жалпы, КСРО-дай алып мемлекеттің ізбасары ретінде тарихқа енген Ресей сарапшыларының өктем сөйлеп, кейінгі кезде тіпті «сыйға алған территорияларымызды қайтарыңдар» деуінің жай-жапсары да осы мақаланың негізінде жатыр. Никонов, Федоров, тіпті жағы сембейтін Жириновскийдің террритория туралы әр мінберде тұрақты және үздіксіз сөйлеп отыруының астарында империялық пиғыл жатыр.

        «1922 жылы Кеңес Одағын құру кезінде Украина құрылтайшылардың бірі болды да, барлық республикалардың тең құқылы одақтық мемлекет ретіндегі лениндік жоспары қабылданды. КСРО-ны құру туралы декларацияда да және 1924 жылғы КСРО Конституциясында да «барлық республикалар Одақтан шығуға құқылы» деп жазылды. Біздің мемлекеттігіміздің іргетасына  ең қауіпті – «баяу жарылатын бомба» қойылды. Соның салдарынан жарықшақ пайда болды, алып мемлекет осылай құлады, іріп-шіріді. Сөйтіп, 1991 жылы егемендік шеруі басталды», – дейді Путин.

       Путин Ресей мен Украинаны біріктірген ортақ тарихи, рухани, экономикалық бірлік туралы айта келіп, «біздің қатынасымызды құртқан –  батысқа арқа сүйеген әсіреұлтшылдар» деп салады. Мәселенің мәнісі де осында жатыр. Ресей неге ТМД көлеміндегі, жалпы, әлемнің әр мемлекетіндегі ұлтшылдарды ұнатпайды? Өйткені кез келген  ұлтшылдың арман-мақсаты – дербес, өз саясатын өздері жүргізетін тәуелсіз ел құру. Ресми Мәскеу мұндай саясатты қаламайды, мүмкіндігінше мемлекет басына әсіреұлтшыл адамдардың келуіне мүмкіндік бермейді. Ал шынайы тұрғыдан баға берер болсақ, ұлтшылдар өз елінің, халқының тұрақты дамуы мен болашағына бас ауыртады.  

       «Ал бүгінгі Украина тұтастай алғанда, Кеңес Одағының бел баласы. Украина  Ресейдің негізінде құрылды». Путин әңгімесінің өзегі де осында жатыр. Путиннің мазасын алатын бір мәселе бар:1991 жылға дейін Ресейдің құрамында болып келген басқа республикалардың кейбір басшылары қателігінің салдарынан ТМД-да шекарасы бөлек, тәуелсіз елдер пайда болды.  Мысалы, Украина Ресеймен ортақ тарихты елемей және жоққа шығара отырып тәуелсіз ел құрды. Путиннің мақаласын сарапқа салғанда, оның өн бойынан бір өкінішті байқауға болады. Ол  – КСРО-дай алып мемлекеттіңқұрдымға кеткені.Ал Ресеймен қатынасы үзілген Украинаның бүгінгі тағдырына кім кінәлі? Путиннің ойынша, «Украина халқы емес»,

«Радикалды ұлтшылдар өз дегеніне жетті. Оларға Украинаның бар капиталын иемденген, Отанын да сатып кететін  бай олигархтар көмектесті. Геосаяси еркіндігінен айырылған украин халқы бүгін осының зардабын тартып отыр. Батыс елдері мен бірқатар басшылар осылай Украинаны өте қауіпті геоаяси ойынға еріксіз араластырды. Сөйтіп, антиресейлік көзқарас пайда болды».  

Мақалада баяндалған Путиннің пікірінен үзіндіні тоқтаусыз келтіре беруге болады. Бір қарағанда Ресей президенті украиндықтардың Ресеймен қарым-қатынасты қайта қалыптастырғанын жақтайтындай  болып көрінеді. Ал, ақиқатында, Путинде үрей бар. Байден билікке келгелі Украина қайтадан Порошенконың кезіндегідей саяси тұрғыдан «тіріле» бастады. Батыс елдері де ресми Киевті қолдауды күшейтті. Ал бұл Путинге ұнамайды. Сондықтан да Путин ресми Киевтің бүгінгі басшыларының позициясын елең қылмай, бүкіл мақаланы украин халқына арнап отыр. Жеме-жемге келгенде Путиннің бұл мақаласы Украинаны іштен іріту, украин халқын арандату сияқты көрінеді. «Ортақ тарих біріктірген екі елдің арасына сызат түсірген сендер емес, ат төбеліндей бірнеше топ, басшылар, солардың кінәсінен осындай ауыр жағдайға тап болып отырсыздар» деген әңгіме. Міне, сұрқия саясаттың түп төркіні де осы. Әйтпесе Ресей президенті  екі елдің бүгінгі қалыптасқан қарым-қатынасына соншалықты жаны ашып, украиндардың  жағдайына алаңдап отыр дегенге сене алмайсың.

        Бұл сонымен қатар кешегі Кеңес Одағының құрамынан шығып, тәуелсіздік алған басқа елдерге алдын ала жасалған кеудемсоқтық дабыл. Оның үстіне осыдан бірнеше күн бұрын Молдова, Украина, Грузия мемлекетінің басшылары Еуроодаққа кіру туралы Батуми декларациясына қол қойды. Қысқасы, қазір ТМД деп аталатын одақтағы елдер  Ресейден алшақтай бастады. Бұл саясатты Ресей құптап отырған жоқ және өз ықпалын күшейткісі келеді. Бірақ геосаяси ойында кімнің қуаты, ақыл-айласы мықты –  сол жеңіске жетеді.

        «2014 жылы мемлекеттік төңкеріс болғанда украин халқын ешкім ойлаған жоқ. Батыс елдері Украинаның ішкі ісіне араласты, елдегі ұлттық топтарды өз мақсатына пайдаланды. Ал радикалдар  біздің ортақ тарихымыз бен руханиятымызға осылай соққы берді. Ең бір жеккөрінішті нәрсе – Украинадағы орыстар өзінің түп тамырынан ажырап қалды. Оларға қазір Ресей жау, агрессор ретінде көрсетілуде», – дейді Путин. 

Бұдан шығатын қорытынды не? Ресей президенті украиндықтарды арандату арқылы ондағы өз қандастарының мүддесін ойлап отыр. «Біз тарихы ортақ территориямызда тұрып жатқан өз туыстарымызды ешқашан да Ресейге қарсы пайдалануға жол бермейміз».  

Бұл мақала қазаққа да алдын ала жасалған ескерту іспетті. «Қазақстанда тұратын 3,5 миллион орыс, сендер де ешқашан шет қалмайсыздар, әрдайым бізден қолдау көресіздер» деп айтылған путиндік дабыл. Біраз жылдан бері неге Жириновский, Никонов, Федоровтар тарапынан Қазақстанға қатысты «территориялық сый, жер» туралы әңгіме жиі қозғалып жүр? Мұның барлығы да Кремль тарапынан әдейі жасалған, қазақтың тамырын басып көретін жымысқы саясат екені көрінді. Тіпті Путиннің өзі «Қазақстан деген мемлекет болмаған» деп, бүкіл ұлттың намысына тиетін сөз айтты. Мұның бәрі бекер емес. Мәселе Кремльдің осындай алдын ала жасалатын арнайы саясатында жатыр. Қысқасы, Путиннің бұл мақаласына тұтастай бір институт жұмыс істегені көрініп тұр.

        Владимир Путин мақаласының соңын «Көптеген азаматтар менің сөзімді естиді деп сенемін. Ресей ешқашан Украинаға қарсы болған емес. Ал Украина қалай болады, оны украиндар өздері шешеді», – деп аяқтапты.

Дұрыс, ендеше Путинге біздің де айтарымыз бар: Қазақстан қандай бағыт ұстанады – оны өз халқы шешеді.

Тегтер: