Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Путин мен Әлиев Душанбеде кездесетін болды

Әлиев пен Путин
Фото: ашық дереккөз

Путин мен Әлиев 9 қазанда Душанбеде өтетін «Орталық Азия – Ресей» саммиті мен ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі аясында кездеседі.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, бұл кездесу екі ел басшыларының барлық өзекті мәселелерді талқылауға дайын екенін көрсетеді. Негізгі тақырып – Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас. Ресей тарапы бұл кездесуді оң бағалап отыр.

Айта кетейік, соңғы уақытта Әзербайжан мен Ресей қатынасы күрделене түскен еді. 

  • 2024 жылдың желтоқсанында Грозный үстінде Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсіріліп, Қазақстан аумағында құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапты. Әлиев Ресейден кінәні мойындауды талап етті. Алайда Мәскеу тергеу аяқталмағанын айтып, қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Бұл Әлиевтің қатқыл реакциясына түрткі болып, ол халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

  • 2025 жылдың жазында Екатеринбургте 10-нан астам әзербайжандық азамат бұрынғы қылмыстарға байланысты ұсталған. Олардың екеуі – Зияддин және Хусейн Сафаровтар қаза тапты. Әлиев ресейлік құқық қорғау органдарын оларды қинап өлтірді деп айыптап, кейін өлімін «жүрек талмасынан болды» деп жалған түсіндірді деп сынға алды.

Бұған жауап ретінде Баку ресейліктерді ұстауды бастап, Мәскеумен бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты тоқтатты. Осыдан кейін Кремль пропагандашы Владимир Соловьевтің аузымен Әзербайжанға «жаңа арнайы әскери операция» ұйымдастырумен қоқан-лоқы жасады. Әлиев болса, елдің соғысқа дайын екенін мәлімдеп, Әзербайжанның КСРО құрамындағы тарихын «оккупация» деп атады.