Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Путин мен Әлиев Душанбеде татуласты

Владимир Путин и Ильхам Алиев
Владимир Путин мен Ильхам Алиев. Фото: kremlin.ru

Тәжікстан астанасы Душанбеде Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев кейінгі бір жыл ішіндегі алғашқы кездесуін өткізді. Бұл кездесу ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі аясында өтті.

 Бір жылдан кейінгі алғашқы жүздесу

Путин 9 қазан күні Душанбеге ресми сапармен келді. Ол Әлиевпен өткен жылдың қазан айынан бері алғаш рет бетпе-бет сөйлесті. Бұған дейін екі лидер 2024 жылы Қытайдағы ШЫҰ саммитінде қысқаша жолығып, бірақ толық әңгіме өрбіткен жоқ.

Кейінгі телефон арқылы сөйлесулері де биылғы наурыз айында болған. Тек 7 қазанда, Путиннің туған күніне орай, Әлиев құттықтап қоңырау шалған.

Ресей алғаш рет AZAL ұшағы апаты үшін кешірім сұрады

Кездесудің басты тақырыбы – 2024 жылғы желтоқсанда болған Әзербайжан жолаушылар ұшағының апаты. Баку–Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL әуе компаниясының Embraer E190 ұшағы Қазақстан аумағында апатқа ұшырап, 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы тірі қалған еді.

Ол кезде Баку тарапы ұшақ Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атқан зымыраннан зақымданды деп мәлімдеген, ал Мәскеу айыпты мойындамаған.

Бейсенбі күнгі кездесуде Путин бұл жолы алғаш рет:

«Ұшақ Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі элементтерінен зақымданған. Біз бұған өкініш білдіреміз және ресми түрде кешірім сұраймыз», – деді.

Ресей президентінің айтуынша, апаттың себебі бірнеше факторға байланысты болған:

  1. Сол күні Ресей аспанында украиналық дрондар тіркелген,

  2. Әуе қорғаныс жүйесінде техникалық ақау болған — атылған екі зымыран тікелей соққы бермей, ұшақтан шамамен 10 метр қашықтықта жарылған.

«Ұшаққа зымыранның тікелей соққысы емес, жарылған фрагменттері тиген. Сондықтан ұшқыш оқиғаны құстармен соқтығысу деп ойлап, диспетчерге солай хабарлаған», – деді Путин.

Путин сонымен қатар Ресей тарапынан құрбандардың отбасыларына өтемақы төлеу және жауапты тұлғаларға құқықтық баға беру бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

 Әлиевтің реакциясы

Әзербайжан басшысы Путиннің ашық мойындауына және жеке бақылауында тексеру жүргізіп жатқанына алғыс білдіріп, бұл жолы ешқандай сын айтқан жоқ.

Еске салсақ, биыл шілдеде Әлиев Ресейден ресми жауап ала алмаған соң, істі Халықаралық сотқа беруге ниетті екенін мәлімдеген еді. Ол кезде президент бұл оқиғаны 2014 жылы Донбасс үстінде атып түсірілген малайзиялық Boeing апатымен салыстырған болатын.

 Екінші дипломатиялық дағдарыс

Ресей мен Әзербайжан арасындағы екінші үлкен шиеленіс 2025 жылдың маусым айында Екатеринбургте Әзербайжан диаспорасы өкілдері ұсталғаннан кейін өршіді.

Ресей қауіпсіздік қызметі 2000-жылдардың басындағы адам өлтіру істеріне қатысы бар деп күдіктелген бірнеше адамды ұстаған. Екі күдікті қамау кезінде қаза тапқан. Мәскеу олардың «жүрек талмасынан өлгенін» айтса, Баку тарабы соққыдан қаза тапқанын мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Әзербайжан сегіз ресейлікті есірткі және киберқылмыс істері бойынша қамауға алып, елдегі «Русский дом» орталығын жауып, оның қызметкерлерін тыңшылықпен айыптаған. Сондай-ақ «Спутник Азербайджан» бас редакторы тұтқындалып, Ресей сұраған экс-судья Елена Хахалева босатылған.

Әзербайжан билігі Ресей азаматтарының елде болу мерзімін де жылына 90 күнге дейін қысқартқан.

Кездесу соңында Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жақсара бастағанын атап өтті:

«Биыл біздің қарым-қатынастарымыз табысты дамып келеді. Сауда айналымында да, басқа бағыттарда да оң динамика бар, ешбір баяулау немесе кері кету байқалмады», – деді Әзербайжан президенті.

Путин мен Әлиевтің кездесуі шамамен бір сағатқа созылған.