Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:47, 04 Қыркүйек 2025

Путин мен Әлиев ШЫҰ саммитінде келіссөз жүргізген жоқ

Путин мен Әлиев
Фото: Mikhail Tereshchenko/Pool Sputnik Kremlin/AP/dpa/picture alliance

Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жеке келіссөздер өткізген жоқ. Бұл ақпаратты Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.

Тек амандасумен шектелді

Песковтың айтуынша, екі мемлекет басшысы бір-бірімен жылы амандасып, қол алысты, алайда бұл жолы мазмұнды әңгіме болған жоқ.

3 қыркүйекте интернетте Путиннің залға кіріп, Әлиевпен қол алысып амандасқан сәті түсірілген бейнежазба тарады.

Қарым-қатынас шиеленіс аясында

Ресей мен Әзербайжан арасындағы кейінгі уақыттағы шиеленістерге байланысты екі президенттің кездесуі ерекше назарда болған. Ресей делегациясының мүшелеріне екіжақты келіссөздер өтеді ме деген сұрақ бірнеше рет қойылды.

31 тамыз күні Песков бұл мүмкіндікті жоққа шығармай, «үміттенеміз, ертең саммит аясында кездесу ұйымдастырылуы мүмкін» деген еді.

Айта кетейік, бұған дейін, Әзербайжан орыс тіліндегі киофильмдерге шектеу енгізіп, түрік тіліндегі контентті көбейтетінін мәлімдеген еді. 

Әзербайжанда кинотеатрлардағы орыс тіліндегі фильмдер үлесі күрт қысқарды. Егер бұған дейін мұндай көрсетілімдердің көлемі 70 пайызға дейін жетсе, қазір ол 30 пайызға дейін азайған.

Әзербайжанда орыс тілі мемлекеттік немесе өңірлік деңгейде ресми мәртебеге ие емес. Елде 10 миллионнан астам халық тұрады, олардың қаншасы орыс тілінде сөйлейтіні нақты белгісіз. Президент Ильхам Әлиев 2024 жылғы тамызда елде орыс тілінде білім беретін 324 мектеп бар екенін, онда 160 мыңға жуық оқушы оқитынын айтқан. Сондай-ақ тағы 800 мыңнан астам бала орыс тілін шет тілі ретінде меңгеріп жүр.

Баку мен Мәскеу арасындағы шиеленіс

Кинотеатрлардың бұл шешімі Әзербайжан мен Ресей арасындағы қатынастардың нашарлауымен байланысты.

  • 2024 жылдың желтоқсанында Грозный үстінде Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсіріліп, Қазақстан аумағында құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапты. Әлиев Ресейден кінәні мойындауды талап етті. Алайда Мәскеу тергеу аяқталмағанын айтып, қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Бұл Әлиевтің қатқыл реакциясына түрткі болып, ол халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

  • 2025 жылдың жазында Екатеринбургте 10-нан астам әзербайжандық азамат бұрынғы қылмыстарға байланысты ұсталған. Олардың екеуі – Зияддин және Хусейн Сафаровтар қаза тапты. Әлиев ресейлік құқық қорғау органдарын оларды қинап өлтірді деп айыптап, кейін өлімін «жүрек талмасынан болды» деп жалған түсіндірді деп сынға алды.

Бұған жауап ретінде Баку ресейліктерді ұстауды бастап, Мәскеумен бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты тоқтатты. Осыдан кейін Кремль пропагандашы Владимир Соловьевтің аузымен Әзербайжанға «жаңа арнайы әскери операция» ұйымдастырумен қоқан-лоқы жасады. Әлиев болса, елдің соғысқа дайын екенін мәлімдеп, Әзербайжанның КСРО құрамындағы тарихын «оккупация» деп атады.

Әзербайжан кинотеатрларындағы бұл өзгеріс Баку мен Мәскеу арасындағы саяси шиеленістің мәдени салаға да әсер ете бастағанын көрсетеді.