Путин мен Си Цзиньпиннің сесі және Трамптың сәлемі

Қазақстанда қыркүйек айының басы қашанда қарбаласқа толы.
Жаңа оқу маусымы басталады, екі ай каникулда болып, тыныққан депутаттар қайта оралады. Алғашқы Парламент отырысында президент жолдау жолдап, үкіметке үйіп-төгіп тапсырма береді. Бірақ биыл осы сценарийді Қытай президенті Си Цзиньпин бұзды.
31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-саммиті өтіп, 20-дан аса елдің басшысы жиналды. Сол қатарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытай жеріне сапар шегіп, Парламенттің алғашқы отырысына қатысқан жоқ. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қос палатаның бірлескен отырысы 8 қыркүйекте өтетінін, онда президент жылдағы дәстүр бойынша халыққа жолдау жариялайтынын хабарлады.
ШЫҰ-ның бұған дейінгі, 24-саммиті былтыр шілде айында Астанада өткен. Біздің елдегі жиын Си Цзиньпинге көрсетілген ұшан-теңіз құрмет, Беларусьті ұйымға мүшелікке қабылдау және Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың ұйымның бас хатшысы болып тағайындалуымен ғана есте қалды. Сондай-ақ Елордадағы жиында алғаш рет «ШЫҰ+» форматында кездесу өткен. Яғни оған дейінгі саммитерге тек ұйымға мүше мемлекеттер қатысса, Астанаға Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия сияқты «сырт көздер» де келді.
«ШЫҰ+» форматы Тяньцзиньде жалғасын тапты. Ұйымға мүше 10 мемлекеттен бөлек, Моңғолия, Ауғанстан сияқты бақылаушы елдер және Түркия, Армения, Әзербайжан сынды үміткерлер Қытайға қонаққа барды. Үміткер дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. 2024 жылы Түркия мен Армения ШЫҰ-ға қосылғысы келетінін мәлімдеген. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл ойын тіпті Вашингтондағы НАТО саммитінде айтып салған. ШЫҰ-ның НАТО-ға қарсы саясат жүргізетінін ескерсек, Ердоған екі кеменің құйрығын ұстауға бел буған көрінеді.
ШЫҰ саммиті қалай өтті?
Әлемдік аренада саяси тәртіп өзгеріп, БҰҰ-ның ықпалы әлсіреген тұста өз алдына отау тіккен ұйымдар күш ала бастағаны байқалады. Әсіресе Қытай, Ресей сияқты өркениетті әлемде өші бар авторитарлы елдер түрлі аумақтық және өз мүддесін көздейтін ұжымдық ұйымдар құрып, жақтастарын жанына жинай бастады. Бұл Мәскеу мен Бейжіңнің саяси ықпалын арттырып, АҚШ жетекшілік ететін әлемдік тәртіпке қарсы тұруға тырысып жатқанын аңғартады.
Әу баста аймақтық ұйым ретінде құрылған ШЫҰ-ның да амбициясы ұлғайып келеді. Си Цзиньпин бұл ұйымды халықаралық деңгейге көтеріп, тұтас Азия аумағын қамтуға ниетті. Ал мұндай мақсатқа жету үшін Ресей, Иран, Үндістан, Солтүстік Корея сияқты мемлекеттер таптырмайтын серіктес саналады. Мұны Қытай төрағасының саммитте сөйлеген сөзінен де аңғаруға болады. Си Цзиньпин Тяньцзиньде Батысқа балама күш қажет екенін айтып, ШЫҰ-ға мүше елдерді «қырғиқабақ соғыс менталитетіне қарсы тұруға» шақырды.
Ресей президенті Владимир Путин Сидің сөзін қолдай сөйлеп, «ескірген еуроцентристік және еуроатлантикалық модельді» алмастыратын жаңа жүйенің негізі қаланып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Си Цзиньпинге «Құрметті төраға мырза, қымбатты досым» деп еміренгенін ерекше айта кеткен жөн. Әрине, оның бұл ықыласын Қытай басшысы ескерусіз қалдырған жоқ. Тяньцзиньге жиналған 20-дан аса президенттен бөлектеп, ерекше құрмет көрсетті.
Сарапшылар ұйымдастырушы тарап саммит барысында Бейжің мен Мәскеу арасының қаншалық жақын екенін әлемге әйгілеуге барынша тырысты деп санайды. Бұл көрініс ең алдымен Си Цзиньпин қонақ президенттермен амандасу сәтінде байқалды. Мемлекет басшылары бір-бірден ортаға шығып, Қытай төрағасымен қол алысып жатты. Протокол түзген қытайлар Путинді тізімнің ең соңына қойыпты. Си Цзиньпин Кремль қожайынының қолын қос қолдап қысып, ұзақ жібермей тұрды, тіпті аудармашыны шақырып алып, ұзын сонар әңгімеге кірісті. Топтық суретке түсетін кезде де Путинді жанынан жіберген жоқ. Мұндай жақын қарым-қатынас саммит барысында да, одан кейінгі жеке кездесулерде де, 3 қыркүйектегі үлкен әскери шеруде де аңғарылып тұрды. Саммиттің негізгі тілі қытай және орыс тілі болғанын да айта кеткен жөн. Ұйымдастырушылар 20-дан аса мемлекет қатысқан ірі жиында ағылшын тілін ескерусіз қалдырғандай көрінді.
Тяньцзиньде Си мен Путиннен бөлек Қазақстан президенті Тоқаев, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз президенті Садыр Жапаров, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев сөз сөйледі. Тоқаев өз сөзінде ШЫҰ-ның тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым екенін айтты. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары 20 құжатқа қол қойды.
Тяньцзинь декларациясы. Саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда өзара ішкі іске араласпау, біржақты күш қолданбау және біржақты санкция салмау жайлы айтылған. Ұйым мүшелері қауіпсіздік саласында, жасанды интеллектің дамуына байланысты төнетін қауіпті жою бойынша бірге жұмыс істеуге келісті. Декларацияда әскери байланысты күшейту жайлы да сөз болған, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау жөнінде келісім жасалды. Саммитте ШЫҰ мүшелері АҚШ пен Израильдің Иранға соққысын сынап, Ауғанстанға қолдау көрсетуге уағдаласты.
Ресей-Украина соғысы. Қытайдағы саммитте соғыс жайлы көп сөз болған жоқ. Тек Путин өзін-өзі ақтап, соғыстың басталуына Мәскеу емес, Киев түрткі болғанын айтып, әлекке түсті. Ол Украинаның НАТО-ға кіруі Ресей үшін қауіпті деп санайды. Ал Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қақтығысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға шақырды. Путин бұрынғы әдетіне басып, соғысқа Батыс елдерін айыптаумен болды.
Су мәселесі. Саммитте Қазақстан президенті ұйым аясында Су мәселесін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Тоқаев әлемде климат өзгерісі өршіп тұрғанын айтып, адамзат су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр деген ойын ортаға салды. «Сондықтан Қазақстанда ШЫҰ-ның Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз» деді ол. Еліміздегі ең ірі өзендер Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты шет мемлекеттерден келеді. Яғни Қазақстан үшін су мәселесі өте өзекті. Бұл елдердің бәрі ШЫҰ-ға мүше болып отыр. Демек ұйым аясында су мәселесін шешіп алудың маңызы зор.
Қазақ-қытай қарым-қатынасы. Қазақстан президенті саммитке дейін Си Цзиньпинмен кездесіп, келіссөз жүргізген. Ал саммиттен кейін қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысып, ірі бизнес өкілдерімен жеке жолықты. Тоқаев Қытайды Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі деп атады. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 44 млрд долларға жеткен, бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Осы жолы Қазақстан мен Қытай арасында құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Си Цзиньпиннің әскери шеруі
3 қыркүйек күні Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында әскери парад өтті. Си Цзиньпин шеруді Екінші дүниежүзілік соғыстың және жапон басқыншылығына қарсы жеңістің 80 жылдығына арнап отыр. Әскери шеруді ШЫҰ саммитіне қатысқан президенттерден бөлек Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын тамашалады. Осылайша, Батыс елдеріне қарсы әскери альянсқа айналып үлгерген Ресей, Иран және Солтүстік Корея басшыларының басы алғаш рет бір жерде тоғысты. Бұл қатарға Қытайдың өзін де қосуға болады. Сарапшылар алдағы уақытта Батысқа қарсы бұл үштікке Қытай қосылып, әскери-саяси төрттікке айналу қаупі бар деп санайды. Парад кезінде Путин Си Цзиньпиннің оң жағында, Ким Чен Ын сол жағына отырғаны да жұрт назарынан тыс қалған жоқ.
Биыл көктемде Путин Қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына арналған әскери шеру өткізіп, одақтастарын шақырған. Сол кезде Си Цзиньпин шақыртуды қабыл алып, Путиннің төбесін көкке жеткізген еді. Ал Бейжіңдегі шерудің ауқымы да, қонақтардың саны да Мәскеудегіден артық болған сияқты. Парадқа 10 мыңнан астам жауынгер қатысып, құрлықта, теңізде және әуеде қолданылатын стратегиялық жаңа қару-жарақ түрлері көрсетілді. Сондай-ақ 26 мемлекеттен құрметті қонақтар келген.
Британиялық Guardian газеті Бейжіңде өткен әскери парад Қытай мен АҚШ-тың әскери қуатын салыстыруға мүмкіндік береді деп жазды. Өйткені осыдан екі ай бұрын Вашингтонда Америка армиясының 250 жылдығын атап өтуге арналған әскери шеру өткен болатын. Ең қызығы, парад Дональд Трамптың туған күнімен тұспа-тұс келіп, көпшілік наразы болған.
Жұрт назарын аударған тағы бір мәселе – бұл шерудің өткені Трампқа ұнай қойған жоқ. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялап, Сиге Қытайдың жауларын жеңуіне АҚШ үлкен көмек бергенін ұмытпауды ескертті. Сондай-ақ оның «АҚШ-қа қарсы бірігіп жатыр екенсіңдер, Путин мен Кимге жылы сәлемімді жеткізіңіз» деп қыжырта сөйлегені де әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды.
Трамп АҚШ-қа қарсы бірігіп жатсыңдар деп бекер айтып отырған жоқ. Ол Ресейдің Украинаға соғысын Бейжің мен Пхеньян қолдап отыр деп санайды. Өйткені Солтүстік Корея соғыста Ресейді қолдап, Мәскеу жағында соғысу үшін майдан даласына 12 мың әскер жіберді деген ақпарат бар. Ал Бейжің Мәскеуге дипломатиялық жолмен қолдау білдіріп келеді. Батыс елдері Қытайды Ресейге соғысқа қажетті тауарларды жеткізіп беріп отыр деп айыптап келеді.
Осылайша, бір топ президенттің төрт күнге созылған Қытай сапары соңына шықты. Әлем көз тіккен ШЫҰ саммиті де аяқталды. Ұйымның болашағына қатысты әртүрлі болжам айтылып жүр. Кей сарапшы ШЫҰ ықпалды халықаралық ұйымға айналады десе, кейбірі авторитарлы елдер ешқашан тең құқылы ұйым құра алмайды деп санайды.
«Бұған дейін әлемді Батыс елдері басқарып келді. Бұл жасырын емес. Өйткені олар экономика, технология және әскери тұрғыда мықты болды. Басқаша айтқанда, бүгінге дейін әлемде дамыған Батыс мемлекеттері қожайын болды. Ал қазір жағдай өзгерді. Қытай сияқты елдер алға озып барады. Бейжің қазір әлемдегі алғашқы қатардағы мемлекет. Экономика, технология, қару-жарақ тұрғысынан кез келген елмен бәсекеге түсе алады. Үндістан да күшейіп келеді. Демек олар мүше болып отырған ШЫҰ да күшейеді деп ойлаймын. Бұрын әлемді бір орталық басқарса, енді екінші-үшінші орталықтар шығып жатыр. Әлемнің өзгергенін көріп отырмыз. Батыс елдері қазір әлсіреп жатыр, ал бұрын әлсіз болған мемлекеттер олардың орнын басады. Демек ШЫҰ саммиті өте маңызды деп есептеймін.
Қазақстан – бұл ұйымның негізін қалаушылардың бірі. Сондықтан бұл ұйымның қызметі біз үшін де маңызды болмақ. Иә, ұйым ішінде қайшылықтар бар. Мысалы, Үндістан мен Пәкістан арасында, Үндістан мен Қытай арасында қақтығыс болғанын білеміз. Бірақ соған қармастан, ұйым болашағынан үміт күтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Батысқа альтернатива пайда болуы мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң Ялта конференциясы өтіп, әлемді бөліске салғанын білеміз. Дәл қазір жүріп жатқан процесті Ялта конференциясымен салыстыруға болады. Әлемде үлкен өзгеріс, бөліс жүріп жатыр деп санаймын», – дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.
Қуаныш Қаппас