Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Путин мен Трамптың саяси шахматында Зеленский қандай жүріс жасай алады?

Трамп, Путин және Зеленский
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Ресей мен Украинаның бейбіт келісімге келуі әзірге мүмкін болмай тұр. Кейінгі күндері Покровск үшін шайқас жүріп, Мәскеу қаланы «толық алдық» деп мәлімдеді, ал Киев бұл ақпаратты жоққа шығарды.

 Әскери ахуал шиеленісіп жатқан сәтте дипломатиялық бірнеше келіссөз өтті. АҚШ ұсынған 28 тармақты келісім жоспары үлкен дау туғызды, оның кей бөлігінің Мәскеуде жазылғаны белгілі болды. Еуропа бұл құжатқа балама өз нұсқасын ұсынып, Вашингтон мен Киев арасында да қызу келіссөздер жүріп жатыр. Ал 2 желтоқсанда Кремльде өткен АҚШ делегациясының Путинмен бес сағаттық кездесуі соғысты тоқтатуға деген үмітті де, күмәнді де күшейтті.

Покровск үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр

Кейінгі күндері Ресей мен Украина майданында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Әсіресе стратегиялық маңызы бар Покровск қаласы үшін ұрыс күшейді. Покровскіні толық алғаны туралы баяндамасын құптап, бұл жеңісті «маңызды жетістік» деп бағалады. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың арнайы өкілі Мәскеуге келген сәтке туралап жарияланғанға ұқсайды – Ресей тарапының майдандағы ілгерілеуін көрсету арқылы келіссөздер қарсаңында өз ұстанымын күшейту ниеті байқалады. Алайда Украина әскери басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар украин әскерилері Покровскінің солтүстік бөлігін әлі де ұстап тұрғанын, қаланың толық берілуі туралы қарсылас мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Расында, тәуелсіз деректер тараптардың мәлімдемесін толық растаған жоқ, бірақ соңғы апталарда қаланың басым бөлігі ұрыс өртіне оранып, 90 пайызы ресейлік әскердің бақылауына өткені байқалады. Ресейдің Покровск қаласына күш салып жатқан себебі – бұл қала Донбастың маңызды логистикалық торабы. Оның ресейліктер қолына өтуі – Украина қорғанысына елеулі соққы болары сөзсіз. Мәскеу үшін бұл қала Донецк облысының солтүстігіндегі украин бекіністеріне (Краматорск, Словянск бағыттарына) жол ашатын стратегиялық бағыт саналады. Ресей 2024 жылдың орта тұсынан бері Покровскіге қарсы шабуылды күшейтіп, қаланы жартылай қоршауға алу тактикасын жүргізген болатын. Егер Покровск толық алынса, бұл 2024 жылдың басында Авдеевканы алғаннан бергі ең ірі аумақ болмақ. Бұл жеңіс Кремльге келіссөзде моральдық-психологиялық негіз береді деген пікір ресейлік сарапшылар тарапынан айтылды. Путиннің өзі де Покровскінің алынуы бастапқы әскери мақсаттарды орындауға септігін тигізеді деп мәлімдеді.

Дегенмен Украина тарапы Покровск үшін шайқастағы уақытты ұту және Ресей әскерін әлсірету тактикасына көшкендей. Президент Владимир Зеленский соғыс жағдайы «өте қиын» болғанымен, қажет болса қорғанысты және сарбаздардың өмірін сақтау мақсатында кей позицияларды тастап шығуға да дайын екенін білдірді.

Трамптың 28 тармақтан тұратын жоспары

АҚШ әкімшілігі Ресей-Украина соғысын тоқтату мақсатында 28 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспарын ұсынды. Аталған құжат қараша айының ортасында Украина тарапының қолына табысталып, кейіннен БАҚ-та жария болды. Бастапқы нұсқасы шыққан сәтте бұл жоспардың көптеген тармақтары Мәскеу мүддесін көбірек қолдайтыны үшін сынға ұшырады. Әсіресе Украина өзіне тиесілі кейбір аумақтарды Ресейге беруге келісуге тиіс болды. Атап айтқанда, Донецк облысының толықтай Ресей бақылауына өтуі талабы бар еді. Яғни, ресейліктер оккупацияламаған украин жерлерінен украин әскері шығуы, сол арқылы Донбастың шығысындағы қалаларды беру талап етілді. Тағы бір дау болған тармақ – Украинаға НАТО-ға мүше болудан бас тарту міндеттелді, болашақта альянсқа қосылмайтынына кепілдеме беруі тиіс болды. Сондай-ақ Украина Батыстың әскери қолдауынан бас тарту шарты қойылды. Бұдан бөлек, Украина армиясының саны мен қуатын айтарлықтай қысқарту көзделді. Жоспар бойынша Украина Қарулы Күштері бейбіт уақытта белгіленген шектен аспауы керек. Жоспар Украина шешімдерінде белгілі бір шектеулер қоюды жанамалай ұсынды. Мәселен, жоғарыдағы НАТО-дан тысқары өзге одақтарға қосылмау, Ресейдің мүддесіне қайшы келетін сыртқы саясат жүргізбеу сияқты астарлы талаптар болған. Батыс сарапшылары мұны Украина тәуелсіздігін шектеу, елдің саяси бағытын Мәскеу ыңғайына қарай бейімдеу талпынысы деп бағалады.

Құжатта Ресейдің соғыс барысындағы әрекеттері үшін қудаланбауын, яғни, әскери қылмыстар мәселесін кейін көтермеуді міндеттейтін тармақ болды. Бұл Ресей басшылығы мен әскерилеріне де-факто амнистия беріп, Украинаға халықаралық сот талаптарын қоймауды жүктейтін шарт еді. Алайда бұл тармақ адам құқығын қорғау ұйымдары мен көптеген елдердің қарсылығын туғызды. Осы талаптардың басым бөлігі Украина егемендігін едәуір шектейді деп бағаланды. Сарапшылар «мұндай келісім қабылданса, Украина іс жүзінде жеңілген жақ ретінде көптеген маңызды ұлттық мүдделерінен бас тартуға мәжбүр болады» деген тұжырым жасады. Шынында да, украин тарапына қойылған бұл шарттар – әскерді әлсірету, одақтастардан айыру, территорияны беру – елдің болашақ қауіпсіздігіне қатер және Ресейдің стратегиялық жеңісін заңдастыру ретінде көрінді.

Жоспарды жариялаған АҚШ президенті Дональд Трамп оны бастапқыда «соғысқа нүкте қоятын тұжырымдама» деп дәріптегенімен, кейіннен қоғам сынына ұшырағанда ол «нақты бекітілген жоспар емес» деп ақталды. Трамптың айтуынша, 28 тармақ – тек келіссөздерге жол ашу мақсатындағы бастапқы ұсыныстар, әлі де әр тармақ бойынша талқылаулар жүріп жатыр және құжат өзгерістерге ұшырайды. Расында да, қараша айының соңына қарай бұл жоспар бірнеше рет түзетіліп, кей тармақтары қысқарды.

Трамптың жоспарын Ресей берген

28 тармақты құжаттың пайда болуы даулы пікірлер туғызды. Әуелде Ақ үй «бұл – АҚШ-тың бастамасы» деп мәлімдегенмен, кейін белгілі болғандай құжат мәтіні негізінен Мәскеуде дайындалған көрінеді. Guardian басылымының дерегінше, жоспарды жасақтауға Ресей Президентінің өкілі Кирилл Дмитриев тікелей қатысып, оны АҚШ президентінің арнаулы өкілі Стив Уиткоффпен бірлесе құрастырған. Тіпті құжат мәтінінің тілдік ерекшеліктері оның әуелде орыс тілінде жазылып, кейін ағылшын тіліне аударылғанын аңғартады делінген. Кейіннен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мұны жоққа шығарып, жоспар Вашингтон тарапынан әзірленгенін, алайда онда Ресей мен Украина ұсыныстары да ескерілгенін алға тартты. Дегенмен жоспардың «Кремльдің қолтаңбасы» бары туралы пікірлер толастаған жоқ.

АҚШ-тың бұл бастамасы Еуропа астаналарында алаңдаушылық туғызды. Вашингтонның Украина мен Ресей арасындағы келісімге белсенді кірісуі Еуропалық одақ елдерін бейсаналы түрде шеттеткендей әсер қалдырды. Көп ұзамай Еуропаның жетекші елдері Ақ үй жоспарына балама өздерінің «Киев мүддесін қорғайтын» бітім жолын ұсынды. 23 қарашада, Женевадағы АҚШ-Украина келіссөздері өтіп жатқан тұста, еуропалық елдер ортақ бейбіт ұсыныс жобасын жария етті. Еуропаның балама бейбіт жоспары АҚШ ұсынысынан едәуір өзгеше. Еуропалық елдер ең алдымен соғысты тоқтатып, тек содан кейін ғана территория мәселесін қозғауды ұсынады. Бұл Ақ үйдің бастапқы құжатынан басты айырмашылық, себебі АҚШ жоспары Украина әскерін кей қалалардан бірден шегінуді меңзеген еді. Сонымен бірге Еуропа Украинаға Донбаста қазір ұстап тұрған қалалардан шегіну талабын қоймайды: «Украина өз жерін беруге міндетті емес» деген принципті ұстанады. НАТО мәселесінде де Еуропа басқа позицияда. Киевке альянсқа мүлде кірмеу жөнінде қатаң тыйым салмайды. Еуропалық жоспар Украинаға қауіпсіздік кепілдігін қарастыруды, ал Ресей соғысты тоқтатып, шарттарды орындаған жағдайда санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдетуді ұсынады. Бұған қоса, бұғатталған ресейлік активтерді толықтай Украинаны қалпына келтіруге жұмсау, ал Запорожье АЭС-ін халықаралық бақылауға беру және оның өндірген электрін екі жаққа тең бөлу идеясы енгізілген. Осыдан соң Вашингтон Еуропа сынына құлақ асып, Киевпен бірлесіп құжатты жетілдіруге көшкенін жариялады.

Кремль мен Вашингтон арасында құпия бизнес келіссөздері жүріп жатыр

Ресей мен АҚШ өкілдері 2025 жылдың ақпанынан бері Украинадағы соғысты тоқтату тақырыбын да қамтитын бейресми және құпия деңгейдегі экономикалық келіссөздер жүргізіп келеді. Бұл келіссөздерде негізгі рөлді АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Ресей президентінің өкілі, РФ тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев атқарып жатыр. Бұл келіссөздің мәні – Мәскеу Вашингтонға «бизнес арқылы бейбітшілік» формуласына негізделген кеңейтілген стратегия ұсынып отыр. Дмитриев Ресейді АҚШ үшін қауіпті қарсылас емес, қайта инвестиция үшін зор мүмкіндік беретін үлкен нарық ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Қос тарап құпия түрде Ресей экономикасын қайта қалпына келтіруге бағытталған 2 трлн долларлық жоспар талқылап жатқанға ұқсайды. Оған Қытайға Ресейдің тәуелді болып бара жатқаны да себеп болған болуы мүмкін. Келіссөздерде осыған ұқсас тармақ болған, кейіннен Ресей сенімді одақтасы саналатын Қытайдан айырылып қалмау үшін бұл тармақты алып тастаған көрінеді.

Дмитриевтің ұсыныстары қандай?

Ресей тарапы АҚШ-қа бірнеше ірі ұсыныс жасаған. Арктикадағы кен орындарын америкалық компаниялармен бірге игеру, Ресей-АҚШ бірлескен ірі инвестициялық қорын құру, Владимир Путиннің «досы» саналатын миллиардерлермен бірлескен жобалар, тіпті Илон Масктың SpaceX компаниясымен Марсқа бірлескен миссия идеясын да көтерген. WSJ-дың ақпаратына қарағанда, Ресейге салынатын инвестицияларға Ақ үйдің өзі де қызығушылық білдірген. Қазірдің өзінде Америка компаниялары құпия келіссөздерді бастап кеткенін шетелдік БАҚ-та жазып жатыр.

Украина тарапының ұстанымы

Бастапқыда Украина басшылығы АҚШ ұсынған құжатқа үлкен сақтықпен қарады. Президент Зеленский әкімшілігі «Украинаның тағдыры өзінен тыс жерде шешілмеуі керек» екенін бірнеше мәрте ескертті. Зеленский одақтас елдердің форумында сөйлеген сөзінде: «Украинаға қатысты қауіпсіздік шешімдері міндетті түрде Украинаның өз қатысуымен қабылдануы тиіс, Еуропаға қатысты шешімдер Еуропамен бірге қабылдануы тиіс. Егер қандай да бір елдің сыртынан бірдеңе шешілсе, оның іске аспай қалуы әбден мүмкін» деп, мұндай келісімдердің жанама әсері қауіпті болатынын айтты.

Дегенмен Киев Ақ үй жоспарынан біржола бас тартпай, оны түзетуге белсенді атсалысты. Украина делегациясы АҚШ тарапымен бірнеше келіссөз жүргізді. Алдымен 23-24 қарашада Женевада Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бастаған топ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Бұл кездесудің нәтижесінде жоғарыда айтылғандай бірлескен мәлімдеме қабылданды, онда «келісім Украина егемендігін толық сақтайды» деп кепілдендірілді. Іле-шала 30 қарашада Флорида штатында (АҚШ) келесі кездесу өтті. Ақ үйде АҚШ жағынан Уиткофф пен Президенттің күйеубаласы Джаред Кушнер, Украина жағынан Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров бастаған топ жиналды. Бұл басқосуда жоспардың жаңартылған нұсқасы талқыланып, бірқатар қиын мәселелер бойынша мәмілеге жақындау үшін жұмыс істелді. Оған қоса Зеленский осы уақытта Франция және Ирландияға сапарлап жүріп, АҚШ өкілдерімен телефон арқылы тұрақты байланыста болды. АҚШ ұсынған құжаттың 28 тармағы едәуір қысқарып, 19 тармаққа түскені белгілі болды. Қай тармақтардың алынғаны да белгілі бола бастады. Мысалы, Ресейдің әрекеттеріне амнистия беру туралы талап толық алып тасталды. Бұл өзгеріс Украина үшін принципті жеңіс еді, себебі соғыс қылмыстары жазасыз қалмауы керек деген ұстаным сақталды.

Украина үшін ең ауыр қабылданатын мәселе – жерін Ресейге беру. Ресей бастапқы жоспардан осы тармақты аса маңызды деп санайды. Донбасстың толық Ресейге берілуі немесе Қырым мәртебесі тәрізді түйіндер әлі шешілген жоқ. Президент кеңсесінің басшысы Ермак «Зеленский президент болып тұрғанда ешқандай жер берілмейді» деп мәлімдеді.

Дегенмен соғысты тоқтатуға мүмкіндік пайда болғандықтан, Киев билігі дипломатиялық жолды ақырына дейін сынап көруге шешім қабылдағаны анық. Зеленский «соғыс тым ұзаққа созылды, халқымыз шаршады, бірақ әділетсіз келісімге де бармаймыз» деген сыңайдағы мәлімдеме жасап, егер шынымен өз елінің қауіпсіздігіне кепіл болса, бейбіт шешімге келісуге дайын екендігін жеткізді.

Мәскеудегі 5 сағаттық кездесу

2 желтоқсан күні Мәскеуде көпшіліктің назарын аудартқан маңызды кездесу өтті. АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф және президенттің кеңесшісі, күйеубаласы Джаред Кушнер Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльде жүздесті. Бұл келіссөз шамамен 5 сағатқа созылды. Кездесу белгіленген уақыттан едәуір кеш басталды. Путин сол күні Мәскеуде өткен инвестициялық форумда баяндама жасап, Еуропаға қоқан-лоқы сипатындағы мәлімдемелер айтып жатқандықтан, Уиткоффтарды күттіріп қойған еді. Ақыры кешкісін басталған екіжақты диалог түн ортасына дейін жалғасты. Келіссөзге Ресей жағынан Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков жоғарыда айтылған бейбіт жоспардың авторларының бірі Кирилл Дмитриев қатысты. Ушаков кездесуден кейін бірден мәлімдеме жасап, «әңгіме өте пайдалы, мазмұнды өтті, бірақ екі жақ келісе алмады» деп хабарлады. Оның айтуынша, «соғыс бойынша бейбіт шешім әлі табылмаған. Бірақ америкалықтардың кей ұсыныстары біршама қолайлы көрінеді. Келісімдердің нақты жоспары әзірге жарияланған жоқ.

Дегенмен сол күннің өзінде Путин ымыраға келуге әзір еместігін де танытты. Келіссөздің алдында ол Еуропа елдерін кінәлап, олардың бейбіт процеске кедергі жасап жатқанын айтты. Тіпті «Ресей Еуропамен соғысқысы келмейді, бірақ егер Еуропа бастаса, біз дайынбыз» деп қоқан-лоқы көрсетті. Бұл мәлімдеме Еуропа мен АҚШ арасына жік салу мақсатын да көздегені анық. Кремль өкілі Дмитрий Песков келіссөзден кейін Ресей тарапы АҚШ пен Украина арасындағы «өзара түсіністіктерді» талқылағанын, бірақ Путин «арнайы әскери операцияның мақсаттарына» жетуден бас тартпайтынын аңғартты деп мәлімдеді. Мәскеудің ол мақсаттары – жоғарыда талданған Украинаға қолайсыз шарттар жиынтығы екенін ескерсек, Ресей позициясы аса жұмсармағанын көреміз. Путин тіпті келіссөзден бірер күн бұрын «Украина мен АҚШ келісімге келсе де, бізде басқа кедергі бар: біз Зеленскийді легитимді лидер деп санамаймыз» деген уәж айтты.

Мәскеудегі кездесу аяқталған соң Кремльдің баспасөз хатшысы Песков келесі күні: «Президент Путин АҚШ ұсыныстарының біразын қабыл алды, біразын қабылдамады және келісімге келу үшін АҚШ өкілдерімен қанша қажет болса, сонша кездесуге дайынбыз» деп хабарлады. Оның айтуынша, бұл кездесу екі жақтың ұсыныстарын бетпе-бет талқылаған алғашқы мүмкіндік болды, сондықтан «Путин барлық ұсынысты жоққа шығарды деп айту қате» деді. Песков сөзі жалпы оптимизмді сақтап, диалогтың жалғаса беретінін меңзеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп болса, өз тарапынан, келісімді тезірек аяқтау үшін қысымды күшейтіп келеді. Ол алғашқыда «мерзім бейсенбіге дейін» деп ультиматум қойып көрді, кейін оны жұмсартып, «мен үшін дедлайн – соғыс аяқталатын күн ғана» деп мәлімдеді. Трамп «екі ел де шаршады, келісім өте жақын деп оптимистік көзқарас танытты және тек шамалы келіспеушіліктер қалғанын айтты.

P.S. Соғыс пен дипломатия қатар жүріп жатқан осы кезеңде Украина ішкі саясатында да күмән көбейді. Кейінгіапталарда президент Владимир Зеленскийге бағытталған қысым күшейе түсті. Әсіресе оның ең жақын серігі әрі соғыс басталғалы негізгі келіссөз жүргізушісі саналған Андрей Ермактың отставкаға кетуі Киев элитасы арасында саяси тұрақсыздық тудырды. Ермак Зеленский билігінің тірегі ғана емес, АҚШ-пен барлық жоғары деңгейдегі диалогтың негізгі архитекторы болған тұлға. Оның кетуі Вашингтон-Киев байланысына да өз ықпалын тигізбей қоймайды деген пікірлер күшейіп отыр.

Украина қоғамы да соғыстан шаршаған. Соғыс үш жылдан асып, экономикалық және демографиялық қысым өскен сайын билікке талап күшейе түсті. Сарапшылар «алдағы уақытта президент сайлауы өткізіле қалса, Зеленскийдің қатысуы екіталай» деген болжам айта бастады. Оған, бір жағынан,соғыстағы жеңілу қаупі, екінші жағынан, халықаралық әріптестердің бітімге келуге итермелеуі әсер етуі мүмкін. Зеленский әзірге мұндай пайымдарды жоққа шығарып келеді. Бірақ Покровскідегі жағдай күрделене түссе, ал халықаралық делегациялар Мәскеумен келісімге жақындай берсе, Киевтің саяси маневр жасау кеңістігі тарылуы ықтимал. Украина басшысына қойылатын талап күшті – бір жағынан, елдің жерін қорғау, екінші жағынан, ұзаққа созылған соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін дипломатиялық шешімді табу. Бұл екі мақсаттың арасындағы дұрыс жолды табу барған сайын қиындап барады.

Тұрсынбек БАШАР