Путин мен Уиткофф 22 қаңтарда Ресей бастамасымен кездеседі
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф 22 қаңтар күні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.
Кездесу Ресей тарапының бастамасымен өтеді. Бұл туралы Уиткофф 21 қаңтарда CNBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.
«Біз бейсенбі күні онымен (Путинмен) кездесеміз. Кездесуді ресейлік тарап сұрап отыр. Менің ойымша, олар маңызды мәлімдеме жасайды», - деді Уиткофф.
Оның айтуынша, Мәскеуге ұшпас бұрын, 21 қаңтар күні ол украин тарапының өкілдерімен де кездесуді жоспарлап отыр.
АҚШ өкілінің бұл мәлімдемесін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков те растады.
«Иә, расымен де, президенттің ертеңгі жұмыс кестесінде осындай байланыстар бар», - деді Песков РБК басылымына.
Уиткофф Мәскеуге АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнермен бірге Швейцарияның Давос қаласынан аттанады. Онда 19-23 қаңтар аралығында Дүниежүзілік экономикалық форум өтіп жатыр.
20 қаңтар күні Давоста америкалық тарап Ресей президентінің инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен келіссөздер жүргізген. Ресейдің РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, Уиткофф бұл кездесуді жақсы деп бағалаған.
Мәскеуге сапар туралы болжамдар
Уиткофф пен Кушнердің Мәскеуге жаңа сапары жөнінде БАҚ бұған дейін де жазған. 2026 жылғы 14 қаңтарда Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап, екі өкілдің Путинмен кездесу үшін Мәскеуге бару мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді. Кездесу осы айда өтуі мүмкін делінгенімен, Иран төңірегіндегі тұрақсыз жағдайға байланысты мерзім өзгеруі ықтимал екені айтылған.
Ол кезде Дмитрий Песков АҚШ тарапымен диалог жүріп жатқанын айтып, кездесудің нақты күндері келісілгеннен кейін сапар жүзеге асатынына үміт білдірген.
Айта кетейік, Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралған өткен жылдан бері Стивен Уиткофф Владимир Путинмен алты рет кездескен. Соңғы келіссөз 2 желтоқсанда Мәскеуде өткен.