Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:31

Путин мен Уиткофф Мәскеуде 3 сағаттан астам уақыт бойы жабық келіссөз өткізді

1
ТАСС

Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Келіссөздер үш жарым сағаттан астам уақытқа созылып, жабық форматта өтті.

Ресей жағынан кездесуге президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев пен көмекшісі Юрий Ушаков қатысты. Ал америкалық делегация құрамында Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ-тың Жалпы қызметтер басқармасына қарасты Федералдық сатып алу қызметінің комиссары Джош Грюнбаум болды. Соңғысы жуырда Бейбітшілік кеңесінің атқарушы комитетінің аға кеңесшісі қызметіне тағайындалып, Мәскеудегі келіссөздерге алғаш рет қатысты.

Кездесудің нәтижелері бойынша ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Алайда дереккөздер келіссөздер барысында Украинадағы соғысты реттеу жолдары мен оған қатысты бірқатар өзге мәселелер қозғалғанын хабарлайды. Бұған дейін Владимир Путин Мәскеудің Бейбітшілік кеңесіне шақырылуы мүмкін екенін, сондай-ақ Ресейдің мұздатылған активтері тақырыбы талқыланатынын айтқан болатын.

Кейін ресейлік ақпарат құралдарына пікір білдірген Юрий Ушаков Кремльдегі келіссөздерді екі тарап үшін де «пайдалы» деп бағалады. Оның айтуынша, тараптар 23 қаңтар күні Абу-Дабиде қауіпсіздік мәселелері бойынша Ресей, АҚШ және Украина өкілдері қатысатын үшжақты жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізуге келіскен. Ресей делегациясын бұл кездесуде Барлау басқармасының басшысы Игорь Костюков бастап бармақ.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, келіссөз барысында Ресей тарапы аумақтық мәселе шешілмейінше Украина бойынша ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізу мүмкін емес екенін жеткізген. Сондай-ақ Мәскеу түпкілікті саяси келісім жасалмайынша әскери әрекеттерді тоқтатпайтынын мәлімдеген. Кремльдегі кездесуде Бейбітшілік кеңесінің қызметі, Гренландия мәселесі және өзге де халықаралық тақырыптар қозғалғаны айтылады.

Бұл келіссөздер Дональд Трамптың Давоста Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен кездесуінен көп ұзамай ұйымдастырылды. Тараптар сол кездесуді оң бағалағанымен, Киевке қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты нақты құжаттарға қол қойылған жоқ.

Бұған дейін Владимир Зеленский Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздер 23–24 қаңтар күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетінін мәлімдеген еді. Ал Financial Times дерегінше, тараптар энергетика нысандарына қатысты уақытша бітім мүмкіндігін талқылап жатыр, бұл мәселені америкалық делегация Мәскеудегі келіссөздерде көтеруді жоспарлаған.