Путин Навальныйды өлтіруге бұйрық бермеген болуы мүмкін - WSJ
АҚШ барлау агенттіктері Ресей президенті Владимир Путин оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды биыл ақпанда Арктикадағы түрме лагерінде өлтіруге бұйрық бермеген болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазды Wall Street Journal. Журналистер дереккөздерін атамайды.
Қайтыс болған кезде 47 жастағы Навальный соңғы жылдардағы Ресейде Путинді ең қатты сынаушы болды. Билік экстремистер деп сипаттайтын оның одақтастары Путинді Навальныйдың өліміне айыптап, дәлелдер келтіретіндерін айтты.
Кремль бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарады. Өткен айда Путин Навальныйдың өлімін «қайғылы» деп атап, Навальный Ресейге оралмаған жағдайда саясаткерді тұтқындармен алмасу аясында Батысқа беруге дайын екенін айтқан. Навальныйдың одақтастары мұндай келіссөздер шынымен болғанын айтты.
Хабарда оппозициялық саясаткер Ресей билігінің ұзақ жылдар бойы қудалауына ұшырағаны айтылады. Сондықтан, Вашингтон Алексей Навальныйдың өліміне қатысты Ресей басшысын жалпы жауапкершіліктен босатпайтынын айтқан. Себебі, Навальный Батыстың саяси астары бар деп санайтын айыбымен түрмеге жабылған және 2020 жылы жүйкеге әсер ететін затпен уланған.
Ал, Кремль саясаткердің 2020 жылғы улануына қатысы жоқ екенін айтқан.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сенбіде журналдың баяндамасын оқығанын айтып, хабарламада «бос жорамалдар» бар екенін мәлімдеді.