Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:49, 07 Наурыз 2022

Путин оңбай қателесті

None
None

Қырымда жасағанындай, «әдемі жеңіске» жылдам жетем деген болар. Бірақ бұл соғыс созылып кетті.

Созылған сайын Ресей ұтылып, Украина ұтып барады. Украиндер қолына қару алып, жаулауға келген орыс солдаттарын өлтіріп жатыр. Путин үшін ең қиыны, осы басқыншылықтың арқасында, бүкіл Украина шынымен бірігіп, ұлт болып ұйысты. Енді Ресейдің осы қадамына қарап, Украинаны айтпағанда, Грузия мен Молдова Еуроодаққа кіруге өтініш берді. Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылу жағын ойластыра бастады.   

Бұл – кәрі автократтың бір ғана Украинаға қарсы соғысы емес, барша өркениетті әлемге қарсы соғысы болды. Солдаттары ғана емес, Ресейдің азаматтық авиациясы, технология импортына тәуелді салалары да түгел өлетін болды. Ресейдің болашағы өлді. Небір сұмдық санкциялардың астында қалды. Бұл соғыста Ресейдің, әзірге, ешқандай жетістігі де көрінбейді, басып алған, жаулап алған бірде-бір қаласы жоқ.

Соңғы жылдары Украина армиясында елеулі реформалар жүргізілді, басқарудың батыстық жүйесі қабылданды. Ең бастысы, украин әскерінің әрбір сарбазы өзінің жерін, өз үйін қорғап жатыр жаудан. Бас қолбасшы Владимир Зеленскийдің өзі қолына қару алып, қан майданның ортасында жүр. Ал орыстар ше? Олар бөтен біреудің жеріне баса-көктеп кірді. Оның өзінде ресейлік жауынгерлерді «оқу-жаттығуға барасыңдар», деп Украина жеріне алдап әкелді. Ал өтірік пен алдау жүрген жерде береке бола ма? Бас қолбасшы Путин жауынгерлерінің жанында жүрген жоқ, 30 метрлік ұзын үстелдің арғы басында отырып алып, тіпті, өз генералдарын да жанына жолатпайды.

Бұл – Ресей үшін жеңісі жоқ соғыс. Даладағы ұрысқа арналған ауыр бронды техника қаланың ішінде тым қауқарсыз екен.

Жарайды, тіпті, «жеңдім» дегеннің өзінде өзіңді қас жауы санайтын 40 миллион халқы бар мемлекетті оккупациялау керек. Ол үшін соғыстан тірі қалған бар армияңды Украина жерінде жылдар бойы ұстауға тура келеді. Қаруланған, орысқа өшіккен жергілікті халық Ресей армиясына тыныштық бермес. Ол территорияны, сосын, онсыз да құрдымға кеткен өз экономикаңның есебінен асырауың керек. Ал Украина деген бар-жоғы 300 мың халқы бар Абхазия мен Осетия емес, ары кетсе, екі миллион адам тұратын ДНР мен ЛНР емес. Бұл деген – Шешенстаннан отыз есеге үлкен екінші Шешенстан болады. Міне, Путиннің жеңісі бар-жоғы осымен аяқталады, егер жеңсе. Әзірге, жеңістің иісі де сезілмейді.

Қияли Путиннің қарабайыр жоспарынша, атыс-шабыс бастала салысымен Украинаның қорқақ басшылығы елді тастап қашып кетуі тиіс болған, бұл болса, тарихта Еуропадағы ірі елдердің бірін қантөгіссіз-ақ Ресейдің ықпалына қайтарған қаһарман боп қалуы тиіс болған. Осылайша, кешегі КСРО-ны қайта құру тарихын бастамақ еді. Анау қорғаныс министрі Шойгудың фейк делінген бір бұйрығындағы кесте бойынша, десант түске дейін Киевті басып алып, кешке Газманов концерт қойып, түнде салют атылуы жоспарланған. Бірақ олай болмай қалды. Украина халқы жұдырықтай, жұмылып, қарсы тұрды. Туған жері мен елін жаудан қорғау үшін украиндер қару тарату орындарының алдында кезекте тұрғанда, қара басын ойлаған Мәскеу тұрғындары банкомат алдында ұзын-сонар кезекте тұр. Әділ сайлауда әділ сайланған Зеленскийдің ендігі рейтингі, тіпті, 100 пайызға жетіп қалды. Ал Кремль тығырыққа тірелді.

Путин үшін енді қалған жалғыз дұрыс жол – Украинадан әскерін дереу әкетіп, басқыншылық соғысын тоқтату. ЛНР мен ДНР деген сепаратистерінің қолтығына су бүркуін доғарып, украиндерді өз президентін өздері әділ сайлай алатын мүмкіндігінен айыруға тырысу пиғылын тастауы керек. Украина украиндердің елі.

Жалпы, Ресейдің тірлігі мысал түрінде мынадай бір жағдайға ұқсайды: бес-алты адам нәжіске толы шұңқырға түсіп кетіп, былайша айтқанда, боққа шыланып жатады. Сосын, арасындағы бойы ұзындау ма, ойы дұрыстау ма, әйтеуір, біреуі бостандыққа ұмтылып, секіріп барып, шұңқырдың ернеуіне жармасып, сасық шұңқырдан шығып кетуге талпынғанда, артындағылар оны етегінен тартып, шұңқырдың түбіне қайта түсіріп қоюға барын салып жатыр-ау. Орыстың қазіргі әрекеті соның сиқы сыңайлы.

Тегтер: