Путин отбасының досымен байланысты компания Қазақстанда ірі дәрі-дәрмек зауытын салмақ
Қазақстанда құны 103 млрд теңге болатын ірі биофармацевтикалық зауыттың құрылысы жоспарланып отыр.
Жоба Khan Tengri Biopharma компаниясына тиесілі. Кәсіпорын Алатау арнайы экономикалық аймағы аумағында салынбақ. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Жаңа зауытта 58 түрлі дәрі-дәрмек өндіру көзделіп отыр. Олардың қатарында онкологиялық, аутоиммундық, сирек кездесетін және қабыну ауруларына арналған препараттар бар. Өндірілетін өнімнің 27 атауы – халықаралық патенттелмеген дәрілік атаулар.
Билік бұл жобаны елдің импортқа тәуелділігін азайтып, дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтетін стратегиялық қадам ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар өндірілген өнімнің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД елдеріне және Таяу Шығыс нарығына экспортталуы мүмкін.
Khan Tengri Biopharma компаниясы 2025 жылғы наурызда ғана тіркелген. Қысқа мерзім ішінде осындай ауқымды жобаға қол жеткізуі сарапшылар арасында күмән тудырып отыр.
Компания құрылтайшыларының қатарында ресейлік Р-Фарм бар. Бұл компания Алексей Репик есімімен байланысты. Репик Батыс санкцияларына іліккен және ресейлік журналистік зерттеулерде оны Путин отбасының жақын танысы деп атайды.
Сарапшылар инвестициялық келісімдерге қатысушыларды іріктеу процесінің ашықтығына күмән келтіріп отыр. Қазіргі таңда Khan Tengri Biopharma-мен жасалатын келісім әлі де келісу сатысында екені хабарланды.