Путин Ресей қажет болса Еуропамен де соғысқа дайын екенін мәлімдеді
Ресей президенті Владимир Путин «Россия зовёт!» инвестициялық форумында сөз сөйлеп, Украинадағы соғыс, Еуропаның бейбітшілік келісіміне кедергі келтіруі, Украинаның Қара теңіздегі танкерлерге шабуылы туралы айтты.
"Ресей Еуропамен соғысқысы келмейді, бірақ соғыс басталса, Мәскеу қазір де дайын", - деді Ресей президенті Владимир Путин.
Ол Еуропа АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуіне кедергі келтіріп жатқанын атап өтті. Брюссель бейбітшілік жоспарына қатысты «Ресей үшін қолайсыз ұсыныстарды ұсынуда дегенді мәлімдеді.
"Еуропа Ресейге стратегиялық жеңіліс әкелу тезисін қабылдады және әлі күнге дейін осы иллюзиялармен өмір сүріп жатыр. Олардың күн тәртібінде бейбітшілік жоқ. Олар соғыс жағында", - деді Путин.
Егер Украина Қара теңізде танкерлерге шабуыл жасауды жалғастыра берсе, Ресей Украинаға көмектесетін елдердің кемелеріне қарсы «жауап шараларын» қолдануы мүмкін, деді Владимир Путин.
«Егер танкерлерге шабуылдар жалғаса берсе, біз Украинаға көмектесетін елдердің кемелеріне қарсы жауап шараларын қолдану мүмкіндігін зерттейміз. Киев пен оның артында тұрғандар Қара теңіздегі кемелерге шабуылдарды жалғастыру туралы мұқият ойланады деп үміттенемін», - деді Ресей президенті.
Айта кетейік, 2 желтоқсанда Кремльде өткен Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф арасындағы келіссөздер шамамен бес сағатқа созылды. Кремльдің хабарлауынша, тараптар әзірге ортақ шешімге келе алған жоқ.
Бес сағаттық жабық келіссөз
3 желтоқсанға қараған түні Мәскеуде Украинадағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату мәселесі бойынша маңызды келіссөздер өтті.
Ресей тарапынан келіссөзге президент Владимир Путин, оның көмекшісі Юрий Ушаков және президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қатысты. АҚШ делегациясында – президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болды.
Вашингтоннан бес құжат берілген
Кездесу қорытындысы бойынша түсініктеме берген Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздер барысында Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі бірнеше нұсқа қаралған. АҚШ өздерінің бастапқы «бейбіт жоспарынан» бөлек, Ресейге тағы төрт құжат тапсырған.
Ушаков сөзінше, Владимир Путин Вашингтонның бірқатар ұсыныстарына «сыни, тіпті кей жерінде теріс көзқараста» болғанын жасырмаған. Келіссөзде «нақты аумақтық мәселелер» де талқыланған.