Путин шетелде Ресейді “демократиялық мемлекет” ретінде насихаттауды тапсырды
Ресей президенті Владимир Путин 2036 жылға дейінгі жаңа ұлттық мемлекеттік саясат стратегиясын бекітті. Құжатта орыс тілін ілгерілету, «русофобияға» қарсы күрес және Ресейдің халықаралық имиджін өзгерту мәселелеріне ерекше мән берілген.
Ресейдің бейнесін “демократиялық федеративті құқықтық мемлекет” ретінде қалыптастыруды тапсырған
Стратегия мәтінінде Ресей үкіметіне шетел азаматтарының санасында Ресей Федерациясын:
- "демократиялық",
- "федеративті",
- "құқықтық" мемлекет ретінде қабылдататындай ақпараттық жұмыс жүргізу тапсырылған.
Құжатқа сәйкес мұндай мемлекет азаматтарының ұлтына, тіліне, шыққан тегіне, дініне, әлеуметтік жағдайына немесе ұйымдарға қатысына қарамастан тең құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс деп көрсетілген.
Бұл тапсырма 25 қарашада жарияланған Путиннің жарлығымен бірге ұсынылған 2036 жылға дейінгі ұлттық саясат стратегиясында бекітілген.
“Мемлекет құрушы" орыс халқының рөлін күшейту
Алты бөлімнен және 61 тармақтан тұратын стратегияда билікке орыс халқының "мемлекет құрушы ұлт" ретіндегі рөлін нығайту міндеті жүктеледі.
Құжатқа сәйкес – орыс мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттайтын бағдарламалар жалпы мәдени бастамалардың кемінде 50%-ын құрауы тиіс, орыс тілін және орыс мәдениетін шетелде ілгерілетуге күш салу қажет, “русофобияға”, ксенофобияға және неонацизмге қарсы күрес негізгі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
«Новая газета Европа» басылымының жазуынша, стратегияда нақты көрсеткіштер бар.
2036 жылға қарай – ресейліктердің 95%-ы «азаматтық сананы» танытуы керек, халықтың 85%-ы ұлтаралық қатынастарды оң бағалауы тиіс, “ұлттық негіздегі қақтығыс туындауы мүмкін” деп ойлайтындардың үлесі 15%-дан аспауы қажет.
Оккупацияланған украин аумақтарындағы халықты “жалпы ресейлік іс-шараларға” тарту
Стратегия Ресей бақылауындағы украин территорияларын да қамтиды. Құжатта ол өңір тұрғындары «жалпыресейлік шараларға» қатысуы тиіс екені, бұл бағдарламаларға кемінде 2,5 миллион адам тартылуы керек екені жазылған.
Ресми идеология мен нақты тәжірибенің қарама-қайшылығы
Ресей Конституциясында елдің «демократиялық федеративті құқықтық мемлекет» екені жазылғанымен, соңғы жылдары билік саяси көзқарасы үшін, діни сенімі үшін, “шетел агенті”, “жағымсыз ұйым”, “экстремистік ұйым” деп танылған құрылымдармен байланысы үшін кейбір топтардың құқықтарын шектейтін заңдар мен нормаларды қабылдады.
Бұл стратегиядағы декларациялық мақсаттар мен елдегі нақты тәжірибенің айқын қайшылығын көрсететін тұстар.