Путин Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» 1 млрд доллар беруге дайын
Ресей бұрынғы АҚШ әкімшілігі кезінде бұғатталған активтерден Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» 1 миллиард доллар аударуға дайын.
Бұл жөнінде Ресей президенті Владимир Путин РФ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен өткен жедел кеңес барысында мәлімдеді.
— Қазірдің өзінде, тіпті «Бейбітшілік кеңесінің» құрамына қатысу және оның жұмысына араласу мәселесі шешілмей тұрып-ақ, Ресейдің палестин халқымен ерекше қарым-қатынасын ескере отырып, менің ойымша, бұрынғы АҚШ әкімшілігі кезінде бұғатталған ресейлік активтерден «Бейбітшілік кеңесіне» 1 миллиард АҚШ долларын бағыттауға болар еді, - деді Путин.
Сонымен қатар Ресей президенті Мәскеу мен Вашингтон арасында бұғатталған активтерді пайдаланудың басқа да мүмкіндіктері талқыланып жатқанын айтты.
— Айта кету керек, АҚШ-та бұғатталған активтерімізден қалған қаражатты Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасалғаннан кейін, соғыс қимылдары салдарынан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге пайдалануға болар еді. Бұл мүмкіндікті де біз АҚШ әкімшілігінің өкілдерімен талқылап жатырмыз. Осы мәселелердің барлығын Палестина президенті Махмуд Аббаспен де талқылауды жоспарлап отырмын, - деді Путин.
Бұған дейін Дональд Трамп Газа секторын қалпына келтіруді үйлестірумен айналысатын «Бейбітшілік кеңесін» құратынын жариялаған болатын. Белгілі болғандай, Ақ үй басшысы «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына 22 қаңтар күні Давоста қол қояды.