Путин үгітші Симонянды алтыншы орденмен марапаттады
Ресей Президентінің шешімімен RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян ІІІ дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Қыркүйекте АҚШ оған қарсы санкция салды.
Владимир Путин «Russia Today» халықаралық медиа тобының және RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонянды III дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапаттау туралы шешімге қол қойды.
Құжат мәтінінде айтылғандай, марапат насихатшыға «жергілікті журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі және әлеуметтік маңызды шараларды дайындау мен өткізуге белсенді қатысқаны үшін» берілді.
III дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» ордені Симонян алған алтыншы мемлекеттік награда болды. Бұған дейін «Достық» (екі рет), IV дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін», «Александр Невский» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
2025 жылы Ресей үкіметі мемлекеттік үгіт-насихатқа 137,2 миллиард рубль жұмсауды жоспарлап отыр. «Бұқаралық ақпарат құралдары» бабы бойынша шығыстар 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға немесе 15,9 миллиард рубльге өскен. Бұл бюджет Ресейдің бірқатар аймақтарының жылдық шығысынан асып түсетіні атап өтілген.
Қыркүйек айында АҚШ-тың Қаржы министрлігі «Мәскеудің президенттік сайлауға ықпал ету әрекетіне» байланысты RT телеарнасына санкция салған болатын. Шектеу Russia Today медиа тобына және оның бес филиалына - РИА Новости, RT, TV-Novosti Ruptly және Sputnik-ке қатысты қолданылды. Сондай-ақ RT бас редакторы Маргарита Симонян мен сегіз топ-менеджерге қатысты шектеулер қойылды.
Сәуірде Украина ресейлік насихатшы Маргарита Симонянды геноцид жасады деп сырттай айыптады. Ол «Украинаның азаматтық инфрақұрылымына зымыран мен бомба шабуылдарын жалғастыру үшін бірнеше рет үгіт-насихат жүргізгені» атап өтілген.