Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Путин Украинада 8–10 мамыр аралығында атысты тоқтататынын мәлімдеді

Путин
Фото: kremlin.ru

Ресей президенті Владимир Путин Украинада 8–10 мамыр күндері арасында біржақты тәртіпте атысты тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім 80 жыл бұрынғы Екінші дүниежүзілік соғыстағы Германия үстінен жеңісті атап өтуге байланысты қабылданғанын Кремль хабарлады.

28 сәуірде жарияланған ресми мәлімдемеде:

"Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Владимир Путиннің шешімімен, гуманитарлық мақсатта 80 жылдық Жеңіс күнін мерекелеу аясында 7 мамыр түнгі сағат 00:00-ден бастап 11 мамырға дейін атыс тоқтатылады", – делінген.

Кремль Киевті өздерінен үлгі алуға шақырды

Ресей жағы барлық әскери қимылдарды тоқтататынын мәлімдеді және Украина тарапын да дәл осындай шешім қабылдауға шақырды. Алайда Мәскеу, егер Киев аталған мерзімде атысты бұзса, Ресей әскері "тиісті әрі тиімді жауап қайтарады" деп ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей 19–21 сәуір күндері Пасха мейрамына орай да біржақты тәртіпте атысты тоқтататынын жариялаған еді. Ол кезде Украина президенті Владимир Зеленский атысты тоқтату бастамасын қолдап, тіпті оны ұзартуды ұсынған. Алайда Украина тарапы Ресейді Пасха күндері атысты тоқтату тәртібін бұзып, шарттарды орындамағаны үшін айыптаған болатын.

Соған қарамастан, Зеленский Ресейге жаңа форматтағы бітім ұсынысын жасаған еді: ұзақ қашықтықтағы дрондар мен ракеталар арқылы бейбіт инфрақұрылымға соққы бермеу туралы 30 күндік келісім жасасуды ұсынды. Алайда 21 сәуір күні Ресей қайтадан дрондармен шабуылдарын бастаған.