Путин: Украинадағы шетелдік әскерлер Ресейдің қарсыласына айналады

РФ президенті Владимир Путин 5 қыркүйекте Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумында (ШЭФ) мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, егер Украина аумағында соғыс жүріп жатқан кезде шетелдік әскерлер пайда болса, олар Ресейдің қарсыласына айналады.
Путиннің сөзі
«Украинаға шетелдік әскери контингент енгізу – бұл соғыстың басталуына себеп болған негізгі факторлардың бірі, яғни НАТО-ға тартылу процесі. Сондықтан қазіргі соғыс жағдайында қандай да бір әскерлер пайда болса, біз оларды заңды нысана деп есептейміз», – деді Путин.
Сонымен қатар ол, егер ұзақмерзімді бейбіт келісімдер жасалса, Украинада шетелдік әскерлердің болуына қажеттілік болмайды деп атап өтті. Путиннің айтуынша, Мәскеу мұндай келісімдерге толық көлемде бағынуға дайын және қауіпсіздік кепілдіктерін Ресей мен Украина үшін бірдей етіп жасау қажет.
Зеленскиймен кездесу жайлы
Ресей басшысы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еуропа елдері ұсынған Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу тақырыбына да тоқталды. Путин бұл саммитті Мәскеуде өткізуді ұсынды. Алайда Зеленский Ресей астанасында кездесу өткізуді қабылдамайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
Халықаралық реакция
4 қыркүйекте Парижде саммит өтті. Жиында Украинаға қолдау көрсетуге дайын елдер бас қосты. Франция президенті Эммануэль Макрон соғыстан кейінгі бейбіт миссияға 26 мемлекет қатысуға дайын екенін хабарлады.
Өз кезегінде Зеленский Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерінің жалпы негіздері жөнінде келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Ал НАТО бас хатшысы Марк Рютте Мәскеудің Украина жерінде шетелдік әскерлердің болуын заңсыз деп санауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл шешімді тек Киев қабылдайды», – деді ол.