Путин Украинаны бағындыру және НАТО-ны әлсірету мақсатына жете алмады - Байден
АҚШ президенті Джо Байден Ресеймен соғыста Украинаны қолдайтынын жариялап, басқа елдерді Украинаның жеңіске жетуін, еркіндікті сақтауды және әділетті бейбітшілік орнатуды қамтамасыз етуге шақырды.
Байденнің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинаны бағындыру және НАТО-ны әлсірету мақсатына жете алмады.
Путиннің соғыс жоспары сәтсіздікке ұшырады. Ол Украинаны жоюға тырысты, бірақ Украина әлі де еркін. Ол НАТО-ны әлсіретуге тырысты, бірақ қазір НАТО бұрынғыдан да үлкен, күшті және біртұтас. Тіпті оған Финляндия мен Швеция секілді екі жаңа мүше қосылды, - деді Байден.
Сонымен қатар ол, Таяу Шығыстағы жағдайға да тоқталып, бейбіт келіссөздер Газа секторындағы соғыс пен Израиль-Ливан шекарасындағы қақтығысты тоқтатудың жалғыз жолы екенін атап өтті. Сонымен бірге ол Израильмен соғысып жатқан Хамас және Хезболла топтарын (АҚШ және басқа да бірқатар елдерде лаңкестік топтар деп таныған) айыптап, тағы да Израильде тұтқынға алынғандарды тез арада босатуға шақырды және Иранды әскери қақтығыстарды тудырғаны үшін айыптады.
Байден сөзінде сонымен бірге, оның әкімшілігінің климаттың өзгеруімен күресудегі жетістіктері, сондай-ақ кедей және аз дамыған елдерге көрсеткен көмегіне тоқталды.
Бұл Байденнің АҚШ президенті ретінде БҰҰ-дағы соңғы сөзі. Ол қайта сайлауға түспейді. Ол өз сөзінде президенттік бәсекеден бас тарту туралы шешіміне тоқталып, басқа елдердің басшыларын басшылық қызметтерге байланбауға шақырды.