Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:15

Путин Украинаның шығыс аймақтарын басып алуды «әділетті соғыс» деп атады

Путин
Фото: REUTERS

Путин Украинадағы соғысты «әділетті шайқас» деп сипаттап, Мәскеу 2022 жылы аннексиялаған аймақтарды «қорғап жатырмыз» деді. 

 Бұл туралы ол 30 қыркүйекте жарияланған бейнеүндеуінде мәлімдеді. Үндеу Ресейдің Украина жерлерін қосып алғанына үш жыл толуына орай жасалды.

«Ресеймен болуды таңдағандар»

Путиннің сөзінше, Ресей армиясы Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстары тұрғындарының «өз Отаны – Ресеймен бірге болу» шешімін қорғап отыр. Дегенмен ол бұл өңірлерде әлі де көптеген «өткір және күнделікті» мәселелер бар екенін мойындады. «Солардың ішінде – сенімді ауызсу жүйесі, қолжетімді сапалы медицина және басқа да негізгі қажеттіліктер тұр», – деді ол.

Аннексия тарихы

2022 жылғы қыркүйекте Мәскеу халықаралық қауымдастық мойындамаған «референдумдардан» кейін Украинаның төрт аймағын өзіне қосқанын жариялады. Бұл – Запорожье мен Херсон облыстары, сондай-ақ өзін-өзі жариялаған «ДНР» мен «ЛНР».

The Moscow Times мәліметінше, қазіргі таңда Ресей шамамен Донбастың 88%-ын, ал Запорожье мен Херсон облыстарының 73%-ын бақылауда ұстап отыр. Бұл – Украинаның жалпы аумағының шамамен 20%-ы.

Берлиндегі Global Public Policy Institute сарапшысы Юлия Фридрихтің айтуынша, Ресей оккупациялаған аумақтарда жергілікті халыққа қысым жасалып, украиндық бірегейлікті жою, демографияны өзгерту және ресейлік әкімшілік-экономикалық жүйеге мәжбүрлі интеграция саясаты жүргізілуде.

Ал Еуропалық хабар тарату одағы аясында бірқатар БАҚ жүргізген «Оккупацияланған Украинадағы русификация» атты зерттеуде бұл аймақтарда қорқыту, азаптау, күштеп ассимиляциялау және әскери индоктринация белең алғаны айтылады.

БҰҰ дерегіне сәйкес, бұл өңірлерде шамамен 11 миллионға жуық адам тұруы мүмкін. Оккупациялық билік олардың күнделікті өмірін Ресей паспортына тәуелді еткен: азық-түлік, жұмыс, білім, денсаулық сақтау, дәрі-дәрмек пен зейнетақыға қол жеткізу үшін ресейлік құжат алуға мәжбүрлейді.