Путин ұзақ өмірді зерттеу жобаларына қаржыны 8 есеге арттырған

Ресей президенті Владимир Путиннің өмірді ұзартуға деген қызығушылығы бірнеше рет ашық айтылған.
«Новая Европа» басылымының дерегінше, Ресей ғылым қоры (РҒҚ) соңғы бес жылда қартаю мен ұзақ өмірді зерттеу бағытындағы жобаларды қаржыландыруды сегіз еседен астам көбейткен. Егер 2016–2020 жылдары бұл салаға 21 млн рубль бөлінсе, 2021–2025 жылдары қаржы көлемі 172 млн рубльге жеткен. Жарияланған есепте бұл айырмашылық бұдан да жоғары болуы мүмкін екені айтылады. РҒҚ Қамқоршылар кеңесіне Путиннің көпжылдық серігі Андрей Фурсенко төрағалық етеді.
2021–2025 жылдары қор қартаюға қатысты 43 жобаны қолдаған. Салыстыру үшін: 2016–2020 жылдары мұндай жобалар саны небәрі жетеу ғана болған. Оның ішінде 34 жоба 2021–2023 жылдары мақұлданған.
Зерттеу тақырыптары:
-
туа біткен иммунитеттің қартаю процесіндегі рөлі;
-
қартаюды болжауға мүмкіндік беретін маркерлерді іздеу;
-
мидың және көздің өзгерістерін Альцгеймер ауруымен байланыстыру.
Путиннің үлкен қызы Мария Воронцова да РҒҚ-дан қаржы алған жобалардың бірі – «Ағза жасушаларының жаңаруын реттеу, тіндер мен органдардың қызметін сақтау, адамның денсаулығы мен белсенді ұзақ өмірінің ғылыми негіздері» атты зерттеу бағдарламасына жетекшілік етеді.
Путин бұл тақырыпқа халықаралық деңгейде де назар аударып жүр. Мәселен, жақында Бейжіңге сапары кезінде ол Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен жеке кездесуде өмірді ұзартудың мүмкіндіктері мен ағзаларды тұрақты ауыстыру туралы пікір алмасқан.
The Times басылымы 2024 жылғы қыркүйекте Ресейдің жоғары лауазымды шенеунігіне қартаюды тежеу бойынша зерттеулерді жеделдету жөнінде тапсырма берілгенін жазған. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми орталықтардан жасушалық қартаюға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы есеп талап еткен.