Путин Зеленскийге Мәскеуде 100 пайыз қауіпсіздікке кепіл берді

Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленский Мәскеуге келген жағдайда толық қауіпсіздік қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Шығыс экономикалық форумында айтты.
«Қауіпсіздікке жүз пайыз кепілдік береміз»
«Украина тарапы мұндай кездесуді қалайды және ұсынуда. Келсін. Біз жұмыс жағдайын да, қауіпсіздікті де мінсіз деңгейде қамтамасыз етеміз. Кепілдік – жүз пайыз», — деді Путин.
«Ең дұрыс орын – Мәскеу»
Ресей көшбасшысы сондай-ақ кездесуді басқа елде өткізуге қатысты ұсыныстарды «артық» деп атады.
«Егер біреу бізбен шынымен кездескісі келсе, біз дайынбыз. Ол үшін ең дұрыс орын – Ресей Федерациясының астанасы, қаһарман қала Мәскеу», — деді ол.
Саяси ерік жеткіліксіз
Путин әңгімелесуге дайын екенін айтқанымен, әзірге мұндай кездесудің үлкен мәні жоқ деп санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, саяси ерік болған күннің өзінде де Украинамен негізгі мәселелер бойынша келісімге келу қиын.
Бұған дейін де Ресей президенті Зеленскийді Мәскеуде келіссөз жүргізуге шақырған еді. Алайда Украина басшысы бұған тек «Мәскеуде емес» жағдайда ғана келісетінін мәлімдеген.