Путин жақында Ресейдің жаңа қаруын көрсететінін мәлімдеді
Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстанға сапары барысында өткен баспасөз мәслихатында елдің жаңа әскери қаруы сәтті сынақтан өтіп жатқанын және жақын арада бұл қарулар көпшілікке көрсетілетінін айтты.
Путиннің айтуынша, Ресей қорғаныс саласындағы бірқатар заманауи жобаларын аяқтап қалды:
«Сынақтар сәтті жүріп жатыр, жақында бәрін көресіздер», – деді ол.
Бұл мәлімдеме әлемдік БАҚ назарын өзіне аударды, себебі соңғы айларда Ресейдің гипердыбыстық және ядролық қару жүйелерін жетілдіріп жатқаны жиі талқыланып келеді. Сарапшылар мұны Мәскеудің АҚШ және НАТО-мен стратегиялық тепе-теңдік орнатуға ұмтылысы деп бағалайды.
Путин сонымен қатар кейбір елдердің ядролық сынақтар өткізуге дайындалып жатқаны туралы барлау деректері бар екенін айтты:
«Біз мұндай әрекеттерге мұқият назар салып отырмыз», – деді Ресей президенті.
Бұл мәлімдеме ядролық қаруды шектеу жөніндегі халықаралық келісімдердің болашағына қатысты алаңдаушылық туғызды.
Журналистердің сұрағына жауап берген Путин Ресейдің АҚШ-пен стратегиялық тұрақтылық пен ядролық тежеу мәселелерінде келіссөздерге дайын екенін жеткізді.
Сонымен бірге Путин Украинаға америкалық Tomahawk ракеталарының берілуі туралы қауесеттерді "мақтану" деп атады.
Владимир Путин 8 қазанда Тәжікстанға келіп, ел президенті Эмомали Рахмонмен және Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездескен. Сондай-ақ ол Азербайжан президенті Ильхам Әлиевпен жеке келіссөздер өткізді.