Путинді сынаған тарихшы сыйлыққа ие болды

Франкфурт кітап жәрмеңкесінің басты сыйлығы — Неміс кітап саудагерлерінің Бейбітшілік сыйлығы — шығыс Еуропа елдері бойынша сарапшы, Германиядағы ең танымал тарихшылардың бірі Карл Шлегельге (Karl Schlögel) беріледі.
Бұл туралы 29 шілдеде сыйлық ұйымдастырушылары мәлімдеді.
Германиялық тарихшы және эссеист Карл Шлегель — Шығыс Еуропа мәселелері бойынша беделді сарапшы. Ол КСРО мен Ресейде оқып, ұзақ жылдар бойы осы елдерді зерттеді. 2014 жылдан кейін оның ғылыми қызығушылығы Украинаға да бағытталды. Сыйлық комиссиясының айтуынша, Шлегель — Ресей президенті Владимир Путиннің агрессивті саясатына алғашқылардың бірі болып назар аударған зерттеуші.
“Оның ескертуі біз үшін маңызды: еркін Украинасыз Еуропада бейбітшілік болмайды”, - деді ұйымдастырушылар.
Карл Шлегель 1948 жылы Баварияның Хаванген (Альгой) атты ауылында дүниеге келген. Монастырь мектебінде орыс тілін меңгеріп, кейін Берлинде Шығыс Еуропа тарихын, философия, әлеуметтану және славистика пәндерін оқыған.
Алғаш рет КСРО-ға 1966 жылы білім алу мақсатында келген. Ол Прага көктемінің куәгері болған, 1980-жылдары Мәскеу мен Ленинградта жұмыс істеген. 2014 жылы Қырым аннексиясынан кейін Украинаға сапар шегіп, бұл бағыт оның жаңа зерттеу кезеңіне айналды.
Карл Шлегельдің танымал еңбектерінің қатарында:
- «Террор және ұйқы» (2008);
- «Кеңестік ғасыр» (2017);
Осы кітаптар туралы Неміс кітап саудагерлері кеңесінің төрайымы Карин Шмидт-Фридерихс:
«Бұл еңбектер тарихты көркем әрі нақты жеткізудің стандартын орнатты», - деп бағалаған.
Шлегель өз еңбектерінде эмпирикалық тарихнаманы жеке тәжірибемен ұштастырады.