Путинге қарсы фильм авторы Ресейде "шетел агенті" деп танылды
Ресейдің Әділет министрлігі челябинскілік мұғалім, «Ешкім мырза Путинге қарсы» («Господин Никто против Путина») деректі фильмінің авторларының бірі Павел Таланкинды «шетел агенті» деп таныды.
Сонымен қатар «шетел агенттері» тізіміне журналист әрі қоғам белсендісі Марина Скорикова, кәсіпкер Виталий Гинзбург және «Христиандар соғысқа қарсы» жобасы да енгізілген. Оларға Ресей билігінің шешімдері туралы «жалған ақпарат таратты» және Украинадағы соғысқа қарсы шықты деген айып тағылып отыр.
Ресей билігінің мәліметінше, Таланкин «шетелдік агенттер мен шетелдік БАҚ ұсынған платформаларда пікір білдірген», сондай-ақ «шетел агенттері» деп танылған ұйымдардың контентін жасауға қатысқан.
Фильмге Ресейде тыйым салынды
Челябі соты «Ешкім мырза Путинге қарсы» фильмін Ресей аумағында көрсетуге тыйым салу туралы шешім шығарды. Прокуратураның талабына сәйкес, фильмге VK Video, Yandex.kz және «Моушн видео» платформаларында қолжетімділік жабылады.
Прокуратура фильм авторлары «арнайы әскери операция» (Ресей Украинадағы соғысты осылай атайды) мен қазіргі билікке қатысты теріс көзқарас қалыптастырады деп есептейді.
Бұл фильм Ресей мектептеріндегі өзгерістерді, әсіресе Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейінгі жағдайды көрсетеді. Павел Таланкин түсірілімді мектеп ішінен жүргізіп, оқушыларға арналған үгіт-насихат шараларын да тіркеген. Ол мұндай материалдарды бастапқыда білім бөліміне есеп беру үшін түсірген.
Фильмнің режиссері – америкалық Дэвид Боренштейн.
«Оскар» алған фильм
2026 жылдың наурыз айында «Ешкім мырза Путинге қарсы» фильмі Оскар сыйлығы аясында «ең үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды.
Осыдан кейін Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңес фильмде балалардың ата-анасының келісімінсіз көрсетілгенін тексеруді талап етіп, киноакадемияға және ЮНЕСКО-ға жүгінді.
Сонымен қатар Ресейдің мемлекеттік БАҚ-тары бұл фильмнің «Оскар» алғанын елеусіз қалдырған.