Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:23, 09 Наурыз 2023

Путиннің дегбірі қашты

None
None

АҚШ-тың мемлекттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан мен Өзбекстанға келіп кетті.

Ресми ақпарат «екіжақты қарым-қатынас мәселесі талқыланды» дегеннен ары аспады.  Әрине, Қазақстанда, жалпы, Орталық Азия аймағында тұрақтылықтың болғаны жақсы ғой. Алайда жеке жүздесуде де кейбір мәселелер ашық айтыла бермейді. Ол ақиқат.

Алайда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы келіп кеткеннен кейін Орталық Азия елдерінің Ресейге қатысты сыртқы саясаттағы көзқарасы өзгере ме, жоқ па? Ол жағын алдағы уақыт көрсете жатыр. Десек те, Блинкен кеткеннен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Шымкенттегі бейресми кездесуі өтті. Іле-шала өткен ресми кездесуде не талқыланды? Не мәселе сөз болды?

— Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда жақсы дамып келеді. Сонымен қатар, транзиттік әлеует пен мәдени байланыстарымыз жоғары деңгейде. Сондықтан аталған кездесудің Қазақстанның басқа қалаларында емес, нақты Шымкентте өтуі көңілге қонымды. Орталық Азиядағы елдердің басшылары кез келген уақытта кездесіп, бауырлас халықтар ретінде кейбір мәселелерді емін-еркін тақылауы қуантарлық жағдай, – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Ресми ақпараттың анық-қанығы осы ғана. Дұрыс-ақ делік. Жалпы, бізге Орталық Азия аймағында тұрақтылықтың болғаны керек. Қазақ пен өзбек қатынасының дамығаны аса қажет. Алайда екі ел алдағы уақытта қандай саясат ұстанады? Кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «алдағы уақытта Ресейге қарсы Орталық Азия елдері арасында коалициялық одақ құрылуы мүмкін. Оны өзбектің байы Әлішер Усманов басқаруы ықтимал. АҚШ мемлекеттік хатшысы осындай тапсырма беріп кеткенге ұқсайды», деген хабар таратты. Бұл ақпараттың қаншалықты ақиқат екені белгісіз. Алайда Блинкеннің келуі де бекер емес. Рас, Қазақстаннан АҚШ мемлекеттік хатшысы риза кейіппен аттанды. Қазақстанның позициясын, Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын айтты. Бірақ Ресей мен Украина арасындағы соғыста Путиннің күйрей жеңілгенін АҚШ тарапы қолдап отыр. Әскери техникалық көмегін және қаржысын аямай беріп жатыр. Батыс елдері мен АҚШ-тың басты мақсаты – Ресейдің тоз-тозын шығару. Бірақ ол қалай орындалады? Бұл орайда, Қазақстан мен Орталық Азия елдері қайтпек? Жалпы, бейресми кездесулерде кейде алдағы жоспардың да бағыты сөз болатынын айта кетуіміз керек. Тісқаққан саясаткер Тоқаев саясатта ешқашан тығырыққа тірелген емес. Оның халықаралық тәжірибесі өте үлкен. Сондықтан біздің мемлекет басшысының Ресей мен Украинаға қатысты ұстанып отырған саясаты да қолдауға тұрарлық.

Ал соғысты бастаған Ресей кері кетіп барады. Соғыс — шығын. Украинаға жасаған шабуылы Путинге опа беріп отырған жоқ. Шымкентте өзбек басшысымен кездескен кейін 3 күн өткен соң, Путин Тоқаевқа телефон шалды. Ресми ақпарат мәтіні әдеттегідей, таныс. «Президенттер екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі нығайту перспективасын, осыған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында талқылады. Телефон арқылы әңгімелесу барысында көлік-транзит бағдарларын кеңейту және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ екі ел басшылары алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар кестесін қарастырды».

Міне, бары осы. Бірақ телефонмен тілдесудің ар жағында да талай түйткілді мәселелер жатыр-ау. Әсіресе, АҚШ мемлекеттік хатшысы келіп кеткеннен кейін Путиннің дегбірі қашты. Оның Тоқаевқа телефон шалып, тілдесуінің ар жағында да көп нәрсе жатыр. Алдағы уақытта Ресейдің күні қалай болмақ? Әскери шығын көп. Экономика кері кетіп барады. Мәскеу әлемнен оқшаулана бастады. Дәл қазіргі уақытта Ресеймен стратегиялық одақтас ретінде 7,5 мың шақырым шекарасы бар Қазақстан ғана сенімді одақтас ретінде қалып отыр. Мұны неге айтып отырмыз? Арағайындық жасайтын Түркияның жағдай қиын қазір. Халық сенделіп кетті. Оның үстіне, биыл Түркияда президенттік сайлау өтеді. Ал Ердоған орнында қала ма, жоқ па? Ол да беймәлім. Сондықтан болашақта ресми Астана диалог алаңына да айналуы мүмкін. Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Қазақстанның тұрақтылықтың мекені екенін Ресейдегі орыстардың өзі де түсіне бастады. Оның үстіне, тарихи отаны Ресейге жөңкіле көшетін біздің орыстардың көші де қазір тоқтады. Осы аптада Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы Ресейге көштің азайғаны туралы мәлімет таратты. Қайта Қазақстанды тұрақты тұратын ел ретінде қарастыратын келушілердің саны артқан. Егер 2021 жылы біздің елге біржолата көшіп келгендер 11 мың шетелдік болса, 2022 жылы олардың саны 56,7 пайызға артып, 17,3 мың адамға жеткен. Ал Қазақстаннан Ресейге көшкен адамдар саны бірден 27,1 пайызға азайған.

Демек, бейресми кездесу мен телефонмен тілдесудің ар жағында ашық айтылмайтын болашаққа арналған жоспар жатуы да мүмкін. Халықаралық геосаяси жағдай күрделенген уақытта қайта Қазақстанның салмағы күн өткен сайын артып келеді. Қысқасы, біз осыған қуануымыз керек.

Тегтер: