Путиннің «оққағарлары», Кремльде жайылған дастарқан және әскери парад
Еуроодақ Ресейге қарсы11-ші санкциялық пакеттің даяр болғанын жария етті… Ол мамырдың соңына дейін күшіне енуі тиіс.
Бұл жолғы санкциялық құрсау тек Ресейге ғана емес, оған жасырын түрде көмек беріп отырған кейбір елдерге салынбақ деген сыбыс бар. Оған Орта Азия республикалары да кіреді-міс...
Ықтималдығы басым бұл жайтты жайына қоя тұрып, алдымен мына бір мәселеге назар аударалық. Бір қара бұлттың төніп келе жатқанын сезсе де, Орта Азия басшылары 8 мамыр күні Мәскеуге ұшты, 9 мамыр күні Путиннің жанынан табылды. Қызыл алаңда өткен әскери парадты бірге тамашалады. Әлбетте, ай бұрын, тіпті апта бұрын қайда баратындарын жария етіп жататын президенттер бұл жолы Ресейге баратын сапарларын толық құпия түрде ұстады. Тек 8 мамыр күні Орта Азия басшылары қаздай тізіліп, Ресей орталығы Мәскеуге бет алды… Неге? Не үшін?
«Мұның бірнеше себебі бар», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. – Бірінші, мәжбүрлік, дұрысы, қауіпсіздік мәселесі. «Жыланды үш кессең де кесерткелік әлі бар» дегендей, соғыстан қанша титықтаса да Ресей әлі де мықты. Экономикалық болсын, әскери жағынан болсын Орта Азияны жалпы ТМД елдерін он орап алады. Қапысыз жүргізілген үгіт-насихаттың арқасы болар Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын кем дегенде 70-80 пайыз орыс жұрты қолдап отыр. Қазір Путин қай елге басқыншылық жасаймын десе де орыс жұрты соңынан ере кетпек. Демек осындай қауіптің барын сезінген Орта Азия басшылары оның алдын алу үшін, уақытша болса да «біз жаныңнан табыламыз» дегендей, Путинді алдарқатып, қауіптің бұлтын сейілте тұру үшін Мәскеуге барған сынды. Екіншіден, бір ақиқат дүние, біз бәріміз КСРО шекпенінен шыққанбыз. Фашистік Германияны бірге жеңдік. Майданда шейіт болған ата-баба аруағына бірлесе тағзым етіп жатсақ, оның несі айып?! Бұл жерде астарлы саясат тұр деп айта алмаймын».
Саясаттанушының айтқандарын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен осы тұста әлі де суыртпақтайтын дүние бар сияқты. Кім, қалай десе де Орта Азия елдері әзірге Ресейден теріс айнала алмайды. Оның саяси және экономикалық бірқатар себептері бар. Біріншіден, Ресей негізгі ойыншы болып отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарты және Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан кіреді. Қалған екі ел бақылаушы мәртебесіне ие. Әскери ынтымақтастық, экономикалық қарым-қатынас осы ұйымдардың аясында шешіліп жатыр. Екіншіден, Орта Азия мемлекет басшыларының бәрі тақта ұзақ отырғысы келетіндер. Жиырма жылдан астам Кремль қожайыны атанып келе жатқан Путинге Батыстың ілімімен «уланған» жас демократтар емес, Орта Азияның бұрыннан таныс-біліс болып қалған президенттерінің отыра бергені тиімді. Қажет жерінде оларды қолдайды, керек кезінде саяси-экономикалық тетіктерді іске қоса отырып «қысып» та алады. Ал ортаазиялық президенттерді Батыс «демократия құндылықтарын аяққа таптадың» деп түрпектеген кезде, диктаторлық жүйені қолдайтын Путинге барып арқа сүйейтіні анық. Сондықтан Путиннен арқан үзіп кете алмайды. Біз соңғы кездері жиі айтып жүрген «арбаны сындырмау, өгізді өлтірмеу» ойыны – сол.
Бір ғана мысал, кеше ғана Конституциясына өзгеріс енгізіп, президенттік мерзімін 7 жылға ұзартқан өзбек Мирзиеев, кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлім етті. Аяқасты бірдеңе болып қалмаса, енді оның 2040 жылға дейін тақтан түспеуге мүмкіндігі бар. Түркімен Гурбангулы Бердымұхамедов ұлы Сердарға қалай орнын босатып берді, дәл сол жағдайды тәжік президенті Эмомали Рахмон да қайталап, тақты ұлына бергісі бар. Қырғыз президенті Садыр Жапаров бүгін-ертең президенттікті тастап кететін адамға келіңкіремейді. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, ол да көршілері сияқты «алтын тақта» ұзақ отырудан дәмелі. Бұлардың бәрін қолдаушы да, қорғаушы да Путин болуы тиіс. Өйткені оның өзі де жиырма жылдан астам уақыт Ресей билігін уысында ұстап отыр. Осы тұрғыдан келгенде Орта Азия президенттерінің Путиннің бір ауыз сөзін жерге тастамай, Мәскеуге келуі жазылмаған заңдылық секілді.
Ал ТМД-ның жеті мемлекет басы келіп көрген әскери парад қалай өтті дегенге келсек, тым жұпыны һәм тым қысқа болды. Бұл Ресейдің басқыншылық соғыстан титықтағанының, сарқыла бастағанының көрінісі сынды. ТМД-лық алты президент және бір премьер-министр (Армения) қоршап отырса да, Путиннің баяғыдай жаһанды жалпағынан басып, мұрнынан есекқұрт домалап түсетін дәуірі өтіп кеткенін байқауға болады. Кейбір саясаткерлер «Путин одақтас елдердің президенттерін әдейі «тірі қалқан» ретінде шақырды. Өйткені украина ұлтшылдары 9 мамыр күні парад кезінде ұшқышсыз басқарылатын дрондар арқылы Путинге қастандық жасауды жоспарлаған еді. Тіпті ақша да тіккен. Содан жасқанған Путин ТМД-дағы одақтастарын шақырды, парадтың тым созылып кетпеуін де ескерді» деседі.
Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Қалай десек те, бұл Путиннің «оқшау, жалғыз қалған жоқпын, әлі де мені жақтайтындар бар» деп Батысқа қыр көрсетуінің бір амалы секілді. Осы тұста, тағы бір аттап кете алмайтын жайт, сол шақырылған елдердің арасында алауыздық бары байқалып қалды. Кәрі қасқыр Лукашенконың ауру екені жаһанға әшкере болды. Парадтан кейін Путин жайған дастарқанға қарамай, еліне қайтты. Шекараға байланысты дауы бар Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері бір дастарқан басында отырғысы келмеді. Садыр Жапаров та Путиннің дастарқанынан дәм татпай аттанып кетті.
Айтпақшы, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев армиян Никол Пашинянды көргісі келмеді ме, әлде Мәскеудің шақырғанын елемеді ме, әкесі Гейдар Әлиевтің 100 жылдығын атап өтеміз деген сылтаумен Ресейге аяқ баспады. Ал сол Никол Пашинян «ҰҚШҰ Әзербайжанмен соғыс кезінде бізді қолдамады, ондай ұйымнан шығуымыз керек» деп бұлқан-талқан боп жүргені тағы бар. Мұның өзі Кремль қожайынының айналасы іріп-шіри бастағанын көрсетеді. Демек алдағы уақытта Путинді қолдайтындардың қарасы азая бермек. Тіпті бұл ТМД басшыларының Мәскеуде бірге бас қосуының соңы болуы да мүмкін.
Тағы бір мәселе, Путин бастаған ТМД басшылары 9 мамыр парадын тамашалап жатқанда АҚШ 1 млрд 200 млн доллар көлемінде Украинаға әскери көмек беретінін жария етті. Дәл сол күні Киевке келген Еурокомиссия басшысы Урсуло фон дер Ляйен 1 млн артиллериялық снаряд беретінін жеткізді. Ал Ұлыбритания алыстан ататын зымырандар беретінін мәлімдеді. Демек соғыс бүгін-ертең бітпейді. Батыстың Ресейге һәм оның жақтастарына қарсы қысымы күшейе бермек. Әңгімеміздің басында Еуроодақтың 11 санкциялық пакеті даяр болғанын, жанама түрде Қазақстан да ілігіп кетуі мүмкін дегенді айтқан едік.
«Еуропа Қазақстанның мұнай-газ саласына санкция енгізбейді. Өйткені Қазақстанның мұнайы оларға керек. Біз, керісінше, барымызды Еуропаға жеткізе алмай қиналып отырмыз. Каспий құбыры консорциумы Ресей жері арқылы өтеді. Соғыс басталғалы Мәскеу бізді құбыр арқылы шөміштен қағып жатыр. Екінші дәрежелі санкция жекелеген компанияларға, оның ішінде Ресейге компьютерлік технология, микрочиптер жеткізіп отырғандарға салынуы ықтимал. Өйткені ол жерде азаматтық және әскери мақсатта қолданылатын жабдықтар бар. Батыс соған қарсы», – дейді экономист Мақсат Халық.
Бұл жайт түсінікті делік, бірақ Батыс пен Ресей арасы ушығып тұрғанда ТМД басшыларының Мәскеуде бас қосуы екінші жаққа ұнай қоймасы анық. Сыныққа сылтау іздеп отырған АҚШ бастаған топ өзгеден бұрын Орта Азия басшыларына қарсы бір кілтипан ойлап табуы да әбден мүмкін. Қысқасы, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан болып жатқан түрлі ескертулердің соңы белгілі бір дәрежеде қысымға ұласуы ықтимал. Айтпақшы, кеше Мәскеуде тайлы-таяғы қалмай бас қосқан Орта Азия мемлекет басшылары санаулы күндерден кейін Қытайға аттанбақ. Енді Си Цзиньпиннің «гөй-гөйін» тыңдамақ. Ал Қытай АҚШ-тың саясатта да, экономикада да және Тайвань мәселесінде де басты қарсыласы. Мәскеумен Бейжің арасын жол қылып шапқылап жүрген Орта Азия басшылары енді Вашингтонның қырына ілініп қалмас па екен? Әлде, географиялық күрделі аймақта орналасқанымызды ескеріп, кеңшілік танытар ма екен?