Путиннің Еуропадағы одақтасы Орбан алғаш рет Зеленскиймен кездесті
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан сейсенбі күні Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғаннан бері алғаш рет Киевке барды.
Euronews ақпаратынша, Орбан Президент Владимир Зеленскиймен және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен кездеседі.
Оның баспасөз хатшысы және Сыртқы саясат жөніндегі мемлекеттік хатшы Золтан Ковач келіссөздердің мақсаты - Еуропада бейбітшілік пен екіжақты қарым-қатынасқа қол жеткізу екенін айтты.
Guardian газеті ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Орбанның сапары екі ел шекарасына жақын аудандарда тұратын Украинадағы венгр тілді азшылықтың құқықтарына қатысты ұзақ келіссөздер нәтижесінде жоспарланғанын хабарлады.
Венгрия 1 шілдеде ЕО-ға төрағалық етті. Соңғы рет Орбан Украинаға 2010 жылы барған.
Орбан Ресей президенті Владимир Путиннің ЕО-дағы ең жақын одақтасы болып саналады және оның еуропалық серіктестері оны елдегі демократиялық институттарды талқандады және Еуроодақ саясатының негізгі басымдықтарын елемейді деп көптен бері айыптап келеді.
Блок Будапештке заңсыздықтар мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты 20 миллиард доллардан астам қаржыны тоқтатты, ал Орбан ЕО-ны тым орталықтандырылған және репрессивті ұйым ретінде көрсетіп, көптеген антиеуропалық науқандар жүргізді. Ол сондай-ақ ЕО-ның Киевке көмектесу және Мәскеуге соғысы үшін санкция салу әрекеттеріне үнемі тосқауыл қойып, кешіктірді немесе әлсіретіп, Зеленскийді де, ЕО басқа басшыларын да ренжітті, деп жазады басылым.
Айта кетейік, соңғы 24 сағатта Ресейдің Украинадағы соққыларынан кемінде төрт бейбіт тұрғын қаза тауып, 42 адам жараланды.