Якушев Тобыл өзенінің қайда ағатынын білмей ме?
Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Путиннің Орал федералдық округі бойынша өкілі Владимир Якушевтің Ресей облыстарындағы су тасқынына Қазақстанды кінәлаған мәлімдемесін жоққа шығарды.
Бұған дейін, Якушев РБК телеарнасында басқа мәселелермен қатар Ресей аймақтарындағы су тасқынын талқылады. Атап айтқанда, Қорған және Түмен облыстарындағы «судың жоғары деңгейіне» Қазақстанда орналасқан су қоймалары әсер етті деген болатын.
«Қорған және Түмен облыстары туралы айтқанда, көрші Қазақстан аумағында орналасқан су қоймалары жүйесі сияқты факторды ескеру қажет. Бізде осындай қыс болған кезде және қардың жеткілікті мөлшері болғанда немесе су қоймасында айтарлықтай көп су жиналатын болса, су қоймаларынан бұл суды ағызу үйлестірілген, дұрыс және біркелкі болуы үшін әріптестерімізбен бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мұнда әлі жұмыс істеу керек нәрсе бар. Егер біз осы жерде түзетулер енгізсек, мұндай проблемаларды болдырмауға болады», деді ол.
Ал, қазақстандық тарап судың Қазақстаннан Ресейге емес, керісінше ағып келетініне назар аудару керектігін айтады.
Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше, су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады. Сондықтан, Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды.
2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр.
Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті кез-келген келісілмеген әрекет туралы сөз жоқ, деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Фото: www.skisport.ru