Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:54, 24 Наурыз 2023

Қ.Рысқұловпен бір камерада отырған қазақ

None
None

М. Әбдіқұлов әлі ақталмады

Қазақстанның тәуелсіздігіне басқан алғаш қадам – қайғылы Желтоқсан оқиғасы болғаны бәрімізге мәлім. Бірақ біз әлі де Желтоқсан оқиғасының не шынайы тарихын білмейміз, не сол Желтоқсан құрбандарына керекті деңгейде қошемет те көрсете алмай отырмыз. Елі үшін жастық шағын, денсаулығын, тіпті болашағын құрбандыққа шалған желтоқсандықтар әлі де төрімізден орын ала алмай отыр.

Мысалы, 1986 жылы ату жазасына кесілген тек Қайрат Рысқұлбеков деп ойлаймыз. Бірақ Қайратпен бірге ату жазасына кесілген екінші қазақ жігіті болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол – Мырзағұл Әбдіқұлов  дейді тарих мәнінің мұғалімі әрі блогер Асланбек Қаңсарбаев.

Өкінішке қарай, Мырзағұл ағамыз туралы не жазылмайды, не айтылмайды. Ендеше, Мырзағұл Әбдіқұлов дегеніміз кім?

Мырзағұл Әбдіқұлов 1951 жылы Қазалы қаласында туып, Арал қаласында мектепте оқыды. Әкесі Тәжіғұлдан жастай айырылып, анасына өзі қамқор болады. 1977 жылы әскери борышын өтеп келген Мырзағұл Аралдағы күнкөріс қатты қиындап кеткеннен кейін қария анасы мен әйел бала-шағасын алып, Қаскелеңге көшіп келеді. Бірақ Алматыда да өмір оңай болмады, талай азапты бастан өткерді. Істемеген жұмысы жоқ, жалданып, күн-түн демей еңбек етіп жүріп ағамыз әйтеуір әрең дегенде ұлтарақтай жерге қол жеткізіп, сол жерге екі бөлмелі үйді әрең дегенде тұрғызады.

1986 жылы Мырзағұл Әбдіқұлов Қаскелеңде жұмыс істеп, сонымен қатар Шамалғандағы автомектепте оқып жүреді. 18 желтоқсан күні алаңға жастар жиналып жатқанын естіген Мырзағұл да сол жаққа барып, елмен бірге болады. Ағамыздың өзі берген сұқбаттарының бірінде ол бұл туралы былай деп айтады: – Менің ұлтымның ар-намысы аяққа тапталып жатқанын естіп отырып үйде жайбарақат жата алмадым. Шешем марқұмның жүрегі бірдеңені сезді ме екен, мен аялдамаға дейін жалынып қуып барды, сонда да мен оны тыңдамай, кетіп қалдым, дейді.

Кейін, алаңдағы жастарды барлығы сейілген кезде Мырзағұл ағамыз үйіне қайтып үлгереді. Алайда алаңнан келген жігітті әбден шошып қалған туыстары жолатпауға тырысып, «кет, кет» деп, үйлерінен қуып жібереді. Ақыры милициядан жасырыну үшін Мырзағұл қасына қарындасын ертіп, жездесінің үйіне баруды шешеді. Сонымен 113-ші автобуспен екеуі жолға шығады. Алайда автобусқа отырған кезде сол автобустың ішіндегі ішіп алған екі орыс жігіт ортадағы қазақтарға тиісіп, ерегес басталады. Бұған шыдамаған Мырзағұл жанжалға араласып кетеді. Ақыры ерегес қайғылы жағдаймен аяқталып, Аристов деген мас жігіттің бірі – Мырзағұлдың қолынан қаза табады. Бірақ Мырзағұл қарындасымен бірге қашып кетеді. Алайда, милиция Мырзағұлды жасырынған жерінен тез-ақ тауып алып, ақыры оны ұстайды. Милицияда Мырзағұл әрине, адам өлтіргенін мойындап, бұл қылмысқа өзін қорғау мақсатында барғанын айтты. Бірақ милицияда жас жігітті ешкім тыңдамай, оны аяусыз ұрып-соғып, ақыры мойнына бірден тоғыз статьяны іліп жібереді. Бұған дейін өмірі милиция табалдырығын аттамаған Мырзағұл Әбдіқұловқа 1987 жылдың 6 сәуірінде Өтеген Иқсанов деген сот төрешісі бастаған соттың шешімі бойынша келесі айыптар тағылады: «Ұлт араздығын қоздырғаны үшін; тәртіпсіздікке қатысып, ұйымдастырғаны үшін; суық қару алып жүргені үшін; маскүнемдік, есірткі шеккені үшін; бұзақылық ниетпен кісі өлтілгені үшін». Милиция оның қалтасына анаша салып жіберген.

Осы баптардың қосындысы бойынша Мырзағұл Әбдіқұлов ату жазасына кесіледі. Бірақ соттың осы үкімімен жас жігіттің қайғысы аяқталмады. Өлімге кесілгендерге арналған камерада Мырзағұл 345 күн отырды. Әрине, бұл оңай болмады. Себебі, «қашан мені алып кетіп, атып тастайды» деген оймен таңды атырып, таңды батырды. Және де Мырзағұлға ешқандай передача немесе туыстарынан хабар да берілмеді.

Осы жерде тағы айта кететін жайт, өлімге кесілгендердің камерасында Мырзағұл Қайрат Рысқұлбековпен бірге отырды. Мырзағұл ағамыздың өзі бұл туралы былай деп әңгімелейді: «Мен отырған камераға екі айдан кейін бір қазақтың баласын алып келді. Көз жасы мөлтілдеп, ол мені құшақтай алды. Мен де кім болса да қандасым ғой деп бауырыма тарттым. Білген ақылымды айтып, өзімше жігерлендірдім. Кейін бұл жігіт Қайрат Рысқұлбеков екенін білдім. Ол мені «Мырза аға» деп атайтын. Екі айдан аса бірге болдық. Кейін екеумізді екі камераға бөліп жіберді. Көрші камерада жатқан екеуміз айқайлап сөйлесіп тұратынбыз», – деген.

Алайда Мырзағұл ақыры атылмады. Себебі артында қалған анасы мен жұбайы табандары тозғанша әртүрлі кабинеттерді аралап жүріп, ату жазасын 1988 жылы 20 жылдық ерекше режимге сотталуға ауыстырды. Өлім жазасына кесілгендердің камерасынан кетіп бара жатқанда Мырзағұл артында қалған Қайратқа қарап тұрып, «Айналайын, еш қиналма, сенің де жазаң ауыстырылады. Және де сол кезде мен сені зонада алдыңнан күтіп аламын» деп, қолдау сөздерін айтып кетеді.

Алайда екі батырдың кездесуі мүмкін болмады. Себебі біршама уақыттан кейін Қайрат Рысқұлбеков абақтыда қаза тапты.

Ал 1988 жылы Мырзағұл Әбдіқұловтың түрмелік хикаясы басталды. Алғашында Сібірдің түрмесінде, кейін Оралда, одан кейін Өскеменде, ақыры Заречныйдағы абақтыға ауыстырылды. Бірақ қай түрмеде отырмаса да Мырзағұл ағамыз барған жерінде ұлтшыл деп айыпталып, азаптанып отырды. Талай таяқ жеді. Алайда сағы сынбады. Керісінше, отырған түрменің барлығында қолынан келгенше сол жерге түскен қазақтың жас жігіттеріне қорған, пана бола алды.

Ең қайғылысы, өзі түрмеден түрмеге ауыстырылып жүргенде бостандықта қалған Мырзағұлдың отбасының да шекпеген азабы қалмады.

30-шы жылдардағы халық жауының отбасы секілді олар қудаланды, оларға маза бермеді. Мысалы, жары Қазынагүл аяғы ауыр және кішкентай бес баласы болса да үш күнге түрмеге қамалып, милиция одан күйеуіңді ішкіш, бұзақы, анаша шегеді деп қолхат жазып бергенін талап етті. Алайда Қазынагүл ештеңені де жазбады. Бірақ сол үш күнде көрген азаптау алтыншы нәрестесінің ерте шетінеп кетуіне алып келді. 1990 жылы баласының артынан жылаумен күнін өткізген анасы Сұлуқас та қайтыс болды. Ал 1994 жылы үш жарым жыл ауырып, заң қызметкері мамандығында оқып жүрген қызы Алмагүл де қайтыс болды.

Әрине, мұның бәрін Мырзағұл аға тек 1995 жылы амнистия арқылы жартылай ақталып, бостандыққа шыққанда ғана білді. Ең сорақысы, бостандыққа шыққан Мырзағұл Әбдіқұлов әлі күнге дейін толықтай ақталмаған және «саяси қуғын-сүргін құрбаны» ретінде ешбір жәрдемақы да алмайды. Бірақ осының барлығына қарамастан, Мырзағұл Әбдіқұловтың сағы сынбай, ағамыз әлі күнге дейін осы Желтоқсан трагедиясының шындығын ашуға тырысып жүрген батырлардың бірі.

– Әр жыл сайын Мырзағұл Әбдіқұлов 16 желтоқсан күні сол қанға боялған алаңға келіп, 1986 жылы құрбандыққа шалынған жастарды еске алып, дұға жасайды. Әрине, ағамыз күннен-күнге қартайып келеді. Көрмеген қорлығынан денсаулығы да жапа шегуде. Бірақ дене жарақатына қарағанда, жүректегі дақ одан да ауыр. Ал сол жүректегі дақты емдеу – біздің қолымызда. Неге Мырзағұл ағамыздың есімі Желтоқсан құрбандарының тізіміне кірмеген? Неге Мырзағұл Әбдіқұловты қазақ тарихында сол 1986 жылғы батырлардың бірі ретінде дәріптемейді? Неге осындай Тәуелсіздік үшін нағыз үлес қосқан батыр ағамыз көзі тірісінде ел қошеметіне бөленбейді? Осы сұрақтарға әлі де жауап жоқ. Әлде, қазақ халқы өз батырларын тек өлгеннен кейін ғана дәріптеуге дағдыланып кетті ме? Міне, осындай сұрақтарды біз бір-бірімізге әлі күнге дейін қоймаймыз. Бірақ Мырзағұл ағамыз сияқты 1986 жылдың батырлары міндетті түрде төрге орналасуы керек. Мырзағұл ағамыздың өз сөзімен аяқтасақ, Желтоқсан – Қайраттың да, менің де емес, бүкіл қазаққа ортақ оқиға деп есептеймін. Желтоқсанды жекешелендіруге ешкімнің моральдық құқы жоқ. Ең өкініштісі, біз бүгін қыршыннан қиылған бауырларымызды, өліп кеткен қарындастарымызды жоқтауға жігеріміз жетпей жүр. Өліп кеткендердің атын атау, оларды құрметтеу біздің парызымыз, – дейді Асланбек Қаңсарбаев.

Тегтер: