Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 07 Сәуір 2022

Қабдеш әлемі және Шәуешек феномені

None
None

Осыдан 40 жыл бұрын еңбек жолымды Шәуешекте бастап едім. Тарбағатай педагогикалық техникумының әдебиет кафедрасында Оразхан Жақыпбай, Тұрсынғали Құрбан, Сейіт Сейдахмет және Мырзахан Құрманбай деген кісілер бар еді.

Сол кісілердің ортасына тап болдым. Бұлардың бәрі де Қабдештің сыныптастары, курстастары – қандыкөйлек достары еді. Ел көшкенде Шәуешекте қалып қойғандар.

Себебі: Шәуешек түгел қотарыла бері өткенде бұлар оқуда – Қытайдың басқа қалаларында жүріпті. Барлығы да өз болмыстарымен, өмірімен, өзіне тән мінез-келбетімен Қабдештің  кейіпкері болған жасы елуге енді ілінер жігіттер. Әсіресе «Таңғажайып дүние» романында бұл төрт адам да түгел суреттеледі. Оның ішінде үшеуі жағымдырақ, ал Қабдешпен 1956 жылы Қазақ Мемлекеттік университетіне бірге келіп түскен курстасы — Мырзахан Құрманбай романда жазса жазғандай қылығы тосын кісі, қызықты кейіпкер еді. Оқыған болсаңыздар «комонизімге таяп қалған» КСРО жеріне өтіп, Жаркент маңынан есек мінген ұйғырды көріп, таңғалатыны бар. Сонда қатты түңілген Мырзахан «Әй бұл сарттар комонизімде де есегін тастамайды-ау!» деп ұйғұр курстастарын мұқататыны бар. Сол мырзахан. Қазір бұл төртеуі де бақилық. Бәрі де Қабдештен бұрын аттанды. Екеуі Шыңжаңда қалды. Екеуі Кеңсайда жатыр.

          Олармен бір кеңседе отырып, Қабдешті әңгіме етпейтін күн болмайтын. Оның мектеп оқып жүргендегі таланты, математикаға жүйріктігі, үздік ойлы өткір оқушы, ұйымдастырғыш лидерлігі, өжеттілігі сөз болатын. Ал Шәуешек гимназиясының жоғары сыныптарында оқып жүргенде өлеңмен бастап, соңынан әңгіме жазып, бірден қаламгер аты шығып кеткенін тамсана әңгімелейтін.

          Қазақстанға келгеннен кейін бұрқырата жазып, «Соңғы көш» пен «Тағдырдың» туғанын айтып, кейіпкерлердің өмірдегі бейнесі мен көркем бейнесін салыстырып тамсанысып тоқтайтын.

          Осы «Соңғы көш» пен «Тағдырдағы» кейіпкерлердің прототипі — шынайы бейнесі мен көркем келбеті үйлері, рулы елі, басқан жері, қонған жұрты түгенделіп отыратын. Біздің кафедра «Қабдеш тану иниституты» сияқты еді. Себебі: оның романдарындағы драмалы оқиғалар, оның болған жері мен қатысқан кейіпкерінің бәрі де сол Шәуешектің өзінде, маңында жатыр. Сібеті, Қараүңгір өзендерінің аңғары ашық жатқан кез еді. «Тағдырдағы» Демежанның До Қалдайдың айдарын кесіп алатын тұсы – бәрі де Қабдеш туралы әңгіме қайнап шығатын бастаулар еді.

«Соңғы көш» романындағы Төртүкірдай мектебі, оны өртемек болған Шәкен Елубаевтың ұсталатын, атылатын жері, оны тергеген, атқан адамдар, оған жала жапқан ұйғұр, оның омыраулы қатыны бәрі қаламызда еді. Бұлбұл көмей Шәкен Елубаевтың ән салатын клубы, саябағы десеңіз де, Қабдеш Жұмаділовтың бүкіл жастық шағы өткен Шәуешек гимназиясының бас ғимараты да, жатақханасы да ол тұста аман-сау еңселі тұратын.

          Ал енді татар қызы Розалина екеуінің комсомолдық тапсырмамен Қарақабаққа кетіп бара жатқанда ат болдырып, далада қалып, татар қызы Қабдешті сүйіп, қатты «шошытып» алатын тұсы да сол Шәуешектің шығыс тұсында болатын. Демежанның қараағашы да сол күйі сау-саламат жап-жасыл болып топталып тұрған уақыты еді. Соның бәрі де Қабдештің атын атап, үн таратып, ән салып тұрғандай болатын.

          Жалпы Қабдеш жырлаған Шәуешек — Қабдеш жазған романдарға орта болған, сахна болған табиғат, оның бұлақтары мен өзендері, көшелері мен ғимараттары оның маңындағы ауылдар, бәрі де Қабдеш романдары арқылы күллі қазақтың санасына көшті. Шәуешектен мыңдаған шақырымда жатқан кез келген қазақтың көз алдына сол суретімен келетін. Ол барша ұлттың қай заманда келетін ұрпағы болса да, Қабдеш көрген уақыттағы бояуымен, сол замандағы түр-түсімен, сол заманда жасаған кейіпкерлерімен елестеп, оқырманымен бірге уақыт көшіне ілесіп отырады.      

            Біз Шәушекте жүрген уақытта да солай бүкіл табиғат суреттеушісін еске түсіріп, ол туралы отты әңгімелерге тамызық болып жататын.

          Біз Қабдешті оқымай тұрып таныдық дедім ғой. Онымен бірге мектеп оқығандардың әңгімесінен таныдық. Кейін бірінші болып «Соңғы көш» жетті, артынан «Тағдыр» романы барды. «Тағдыр» романында біздің әулет, рулы ел, аталас ауылдар түгел ру-руымен, ауыл-ауылымен роман сахнасында массовкада жүр. Анау Шәуешектегі ұлықтан «табышың дейтін мансап алдым» деп қайтатын күлкілі кейіпкер біздің ауылдан. 2012 жылы жұмыс бабымен Жаңаөзенге барғанымда сондағы Айтқали Бәшенов деген жігіт «Табышыңның ұрпақтары аман ба?» деп сұрады. Күлдім де, аманбыз дедім. Шәуешек қайда, Жаңаөзен қайда деңіз. «Табышыңды» танып тұр. 150 жыл бұрын жасаған кісі ғой.

          1868 жылғы Тарбағатай қазағының Чин династиясына бодандығын бекітерде рулары бойынша төрт үкірдайлық (Аға сұлтан шамасы) құрылымға бөліп,  одан кейін «зәңгі»  (біздіңше болыстық) шен деп аталған. Сондағы шен алғандардың бірі менің үшінші атам Шал зәңгі де кейіпкерлер арасында жүр. Таңғыт, Еңсе қажылар да біздің ауылдың билері, билеушілері — өткен өмірі еді. Сөйтіп біздің ауылды, руды, туып-өскен жерімізді, білім алған қаламызды жырлаған Қабдеш жүрегімізге әбден ұялаған-ды.

          Біз оны көрмей тұрып таныдық. Оқымай тұрып жақсы көрдік. Құдды пайғамбарды көрмей тұрып оған көңілі ауған мүміндер сияқты едік.

          1989 жылы Қабдеш Шәуешекке келді. Университетте оқитын болуы керек, Арман деген тұңғышын жетектеп келіпті. Ол сапары туралы «Көп жыл өткен соң» деген үлкен мақаласы сол уақытта «Қазақ әдебиетіне» шықты. Газет бізге Қытайдың орталық кітапханалары арқылы жеткен. Мақалада Қытайдағы реформаның басталып жатқаны туралы жазған. Ондағы қазақтардың әртүрлі ішкі әңгімелері, билеуші ұлттың қазақ арасына салған іріткісі, олардың топқа, жікке бөлу тәсілдері туралы аямай ащы жазған. Қажығұмар Шабданұлы туралы да керемет, әсерлі әңгімені алғаш рет сол мақаласында айтқан болатын.

          Сол жолы барғанда Қабдешті біраз бұрын кафедрада бірге жұмыс істеген Оразхан Жақыпбаевтың үйінде отырған жерінен көрдім. Орекең «Қабдеш үйде қонақ болады, сәлем беремін десең кел» деп шақырған болатын.

Қабдеш отырған үйіне кіріп, сәлем бердім. Мен онда «Тарбағатай» журналында жауапты редактор едім. Өжет сөйлеп, ұмтылыңқырап, дауысымды көтере келіп «Қабдеш аға, туған қалаңызға қош келдіңіз!» деп сәлем бердім. Дастарханнан асыра ұсынған қолыма, жүзіме назары ауған сыйлы қонақ: – «Сен қай баласың?» – деді.

– Мен, Қабдеш аға, өзіңіз «Тағдыр» романында суреттейтін «Қу бастан қуырдақ шығаратын қулардың айтуынша Хорошо, хорошо» деп Зайсанды тастап, Сарыемілге өтіп кеткен Қарашаның баласымын ғой, – дедім. Ол күліп алып:

– Ә, оқыған екенсің ғой. Ол енді романдағы жұрттың есінде қалатын эпизод болсын деп жазылған еді және сондай бір әзіл болатын ел арасында, – деді.

Шынында, ондай әзіл болатын. Бұл рулардың қу тілділері бір-бірін қағытпай жүрмейді ғой. Зайсанда сарыала қайыс қылыш таққан патша офицерлері «Хорошо, хорошо» дей бергенін естіген қарашалар «Әй, мыналардың «қарашасы» көбейіп кетті, бізге бір зауал» деп бір түнде Қытай асып кеткен дейтін сарындағы әзіл болатын. Әзіл әңгіме «Тағдырға» да кіріп кеткен.

          Сол үстелде түрлі әңгімелер айтып, ол кісімен таныс жан болдық. Романын алыста жатқан жиырмадан енді асқан жігіттің оқығаны қаламгер үшін әсері бөлек жәй ғой. Қабекеңмен содан былай жақын жүрдік.

            Жазушы Шәуешекте еркін демалды. Өзінің курстас-сыныптастары дін аман кезі. Бәрінің де елуден енді асқан шағы. Дегенмен Қабдештің ол баруы —  ол туралы тың тыңдаушылардың ұйымдасқан тобының бақылауында болды. Курстас-сыныптастарының ішінде тек батылы жеткендері ғана үйіне шақыра алды. Соның өзі Қабдешке айлап қонақ болатын мүмкіндік еді. Өзінің туған жеріне, сүйікті Сілбетісіне барды, Тарбағатайдың Қара үңгірінде, Қараағашында болды. Керемет бір сағынышын сарыққан көңіл-күйде жүрді. Тек өзі оқыған гимназия ғимараты осы сапардан бір жыл бұрын сүріліп, орнына жаңа құрылыс түскен. Соған іші ашып, «Әттең-ай, көре алмай қалдым, сақтап қалмапты-ау» деп өкініш білдірген. Бірақ Төртуыл мектебі, Төрт үкітай мектебі деген тайхи білім ошақтарының ғимараты, Қызылүй, Есенсейіт мешіті, орталық саябақ дін аман болатын. Бәрінің де қабырғаларын қолымен сипап, сағыныш мауқын басты. Қала ортасынан өтетін бес өзеннің бойын жағалап, ұзақ серуендеді.

          1993 жылдың 22 ақпанында Алматыға келіп, ертесіне Қабдешке хабарластым. Баяғыда танысқанда телефонын, адресін беріп еді. «Үйге кел» деді. Бардым. Қазіргі Жамбыл көшесіндегі сары үй ғой. Кең үй екен, төрт бөлмелі. Үйін аралап таныстырып шықты. Кітапханасын көрсетті. Сәуле тәтеміз қазан көтеріпті. Әңгімелестік. Ол заманда Шәуешектің «Аққошқар маркалы жүнжүнін» сәлемдеме ретінде ала жүретінбіз. Тамсанып, «Шәуешектің суы ғой» деп дәм татып отырды. Үйді таныстырып жүргенде жуыну бөлмесін «Мынау патшаның да жаяу келетін жері» деп таныстырғаны есімде қалып кетті.

          Содан былайғыда Қабекеңмен сұхбаттас, сырлас болдық, қолғанат болдық. Қай жерде Қабекеңді көре қалсақ, көлігімізге салып, үйіне жіткіземіз. Жол-жөнекей кафеге соғып, шай-шарап ұрттай отырып, әңгіме айтатынбыз.

          1996 жылы Қабекең алпысқа толғанда үлкен салтанатты той болды. Той Алматыдан басталып, әрі қарай Мақаншыда – Тарбағатай бауырында жалғасты.

          Қабдеш Шыңжаңнан келген қазақтардың жағдайы үшін ерінбей, талай жиналыстар мен кездесулердің басын шалды. Талай додаға түсті.

«Қазақстан Тәуелсіздік алғанда шетелде бір күн тұрмаймыз, елге кетеміз» деген топқа арнайы шақыру жіберген Қабдеш екенін, сөйтіп азат отанға тартқан алғашқы көштің де керуен басын Қабекең жетектегенін Армиябек Сағындық, Тұрсынхан Зәкен, Ғалым Қалибектер жазып жүр. Ол – өз алдына бір тақырып.

          Қабекеңнің алпыс бесі, жетпіс жастағы шаралары оның қоғамдық-саяси пікірлеріне, ұстанымына байланысты билік жағынан қолдаусыз өтті. Жетпіс бесінде де, сексенінде де солай болды. Сексен жасында көп жұрттан келген құттықтау елбасыдан келген жоқ. Ешқандай марапат берілген жоқ. Шығыс Қазақстан облысында 80 жасы аталып өтілген жоқ.

          Ол кез – жер дауының ушығып тұрған уақыты еді. Қабдеш соған араласып, ауқымды хаттарға, үндеулерге қол қойып еді. Ал ол өз кезегінде биліктің шамына тиген. Жазушыларға беретін стипендиядан да Қабекеңді сызып тастаған.      

          Сол кезде Жазушылар одағын басқаратын Нұрлан Оразалин де Қабекеңе пейілді болмады. Ол да Қабекеңнің қайсар мінезінен туындаған тағдырдың бір кезеңдері еді.

          Қабекеңнің – Қабдеш Жұмаділовтың керемет ықыласы ауған кісілерінің бірі – Қажығұмар Шабданұлы. Ол кісімен Шәуешек мектебінде оқып жүргенде бір-ақ рет кездесіпті. Қажығұмар Шәуешектегі талантты жастармен кездесіп, оның ішінде өлең жазып жүрген Қабдешке:

– Әй, сенің бағытың проза екен. Проза салмақ тартады, оның салмағын поэзия көтермейді. Шамаң келсе, прозаға кет, – деген. Сөйтіп болашақ классикке өмірлік бағыт берген. Қабдеш осыны аузынан тастамайтын.

            1989 жылы Шыңжаңға барып қайтқанда да Қажығұмар туралы ірі мақала жазды. Ол сол уақыттағы Қажығұмардың Шыңжаңдағы «ағайындарына» ұнамай, даулы-шулы резонанс туғаны бар. Кейін Қажығұмардың алты томдық романы Қабдешке жетіпті.

Қабдеш көне — Ахмет Байтұрсынов жазуымен жазылған ұзақ қолжазбаны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына тапсырған. Ол жерде ұзақ кезек күткен соң, қайтарып алған. Алдымен, өзі кириллицаға көшірткен. Көшірткенде де өзінің жетпіс жасындағы даулы жағдайларға байланысты Шыңжаңнан келген ағайындарға реніште жүрген кезі еді. Бізге – Талғат Мамырұлы екеумізге Шәуешек жігіттерін жинауды тапсырды. Біз Асқар Жәкулин, Дәурен Қалмет, Қару Қасен, Талғат Мамыр бастаған Шәуешектің 10 азаматын жинап, осы қолжазбаны төте жазудан кириллицаға көшіру жұмыстарын ұйымдастырдық. Сол кездегі ақшамен 10 мың доллар жиғанбыз. Алты том төтеше қолжазбаны көшіру, редакциялау, баспаға дайындауға сол ақша мол жетіп еді. Әрбір аударылған еңбекті Қабдеш пен Талғат Мамыр екеуі қарап, біршама редакциялап, корректорға оқытып, тас-түйін даярлаған. Кейін Қабекең мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке арнайы барып, қаржы бөлдірген. Алты томдық аналогы жоқ керемет роман солайша елімен қауышқан.

          Қабдеш аға алты томдық «Қылмыс» романын  Мемлекеттік сыйлыққа лайық көрді. Ұсынуды ұйымдастырды. Ол өзі бір аса даулы мәселе болған. Өзі эсселерінде жазған-жазбағанын білмеймін, Мемлекеттік сыйлық комиссиясында Қабдештің өзі де, Оразбек Сәрсенбай да бар екен. Дауысқа салғанда 17 адамның жетеуі қолдап, он адам қарсы болыпты. Содан Қабаң алты томды біраз салмақтап ұстап тұрып, шығып бара жатып артына қайырылып тұра қалады:

– Әй, мына Қажығұмардың алты томдығын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға қарсы болған он жігіт осында отырсыңдар ма? – дейді. Комиссия үнсіз. Шамасы Бексұлтан Нұржекеұлы болу керек «Иә, отыр ғой» деген әңгіме айтады. Сонда Қабекең салмақты дауыспен:

– Отырсаңдар, сендер бар ғой, ит екенсіңдер! Тура ит екенсіңдер! – дейді де есіктен шығып жүре береді. Дәл айтқан. Қажығұмарды, оның 6 томдығын Мемлекеттік сыйлықтан сызу ол — иттік еді. Қаламгерлеріміздің осынау тобында отырған 10 кісі бірдей осындай иттікке баруы, Қабдештен сөз естуі сүйкімсіз-ақ жағдай ғой. Бұл әңгімені Оразбек Сәрсенбай Қажығұмарға арналған жиналыста мінбеден айтып еді. Ол кісі де комиссиядағы 17 ліктің ішінде болыпты.     

          Ақыры ұсынылды-ау, ұсынылғанымен Астана жақтағы Мемлекеттік комиссия алты томдықты Мемлекеттік сыйлыққа лайықсыз деп таныды. Осы тұстарда Қабаң қатты күйініп, ащы-ащы мәлімдемелер жасап жүрді,

          Кейін «Жас Алаш» газеті «Ұлт рухы» деген сыйлық дайындап, жалпы жұртқа сауын айтып, осы үлкен сыйлықпен Қабекеңнің арманын орындағандай болды. Жалпы халық дайындаған сыйлықтың қомақты сыйақысы Қажығұмардың қызы – Гүлжайнарға тапсырылды. Ал біз – Қабекеңнің қолғанаты ретінде сол сыйлықтың дайындалуына белсене кіріскенімізді айта кетсек болар.

          Қабекеңнің адамдармен қарым-қатынастағы мінезі жайдары болғанымен, ұстанымы қатал еді. Бір көңілі қалған кісіге қайта жібімейтін. Ол «Бір кісіні екі сынамаймын» дейтін. Біз сол кісінің алдында қателік жібермеуге тырысатынбыз. Сол мінезге басып, сексен жасы тұсында билік өкілдерін тойына шақырып хат жазудан да бас тартты. 80 жылдық тойына шақырмады. Сол жылы мемлекет тарапынан сыйлық та, марапат та болмайтыны содан. Шәуешек жігіттері, Шыңжаң қазақтары Қабекеңнің мерейін өсірмек мақсатта жиналды. Кәсіпкер азаматтар Қабекеңе жақсы сыйлық дайындауды ұйғарды.

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында жиын болатын күні су жаңа Toyota Camry 55 маркалы автокөлікті үкілеп, көлденең тарттық. Дәурен Қалмет, Мерей Ислам, Жәйна Жәкулина және Думан, Сакош, Азат, Ғылымхан бастаған жігіттер дайындаған сыйлық Қабекеңнің көңілін біраз жасартып тастады. Бұл жолы да Қабекеңе көлік кілтін табыстау, сөз сөйлеу сахнаға бастап шыққанмын:

          – Қабеке! Азаттықтан кейінгі атажұртқа оралған Шыңжаң қазақтары, оның бүгінгі ұрпағы сізге борыштар. Қазір жарнама деген ұғым бар. Ол – танымалдық, жұртқа таныс болу. Сіз біз келмей тұрып, 30 жыл бойы жазған романдарыңызбен Шыңжаң қазақтарының өмірін, рухани күйін, жан-дүниесін бүкіл Қазақстандағы бауырлардың жүрегіне әбден орнықтырып қойдыңыз. Біз келгенде біз туралы жазылған романдар әр қазақтың үйінде әбден оқылып, мұқабасы жұқарып, түбі қайта тігілген күйде тұрды. Біз келгенде «Демежанның ауылы келді», «Нұрсапаның, Есқаттың, Нартайдың елі келді» деп жұрт бізді танып тұрды. Сондықтан атамекеннің құшағы бізге айқара ашық болды. Сол құшақты ашқан дүние – сіздің романдарыңыз, шығармашылығыңыз. Мұнша сұрапыл жарнаманың, мұнша жанкешті еңбектің борышын ешбір адам, ұйым өтей алмайды. Біз де өтей алмасақ та, сізге сексен жас мерейтойыңызға орай темір тұлпар сыйлайық деп едік. Қабыл алыңыз! – дейміз.

           Қабекең қайтқанда «Бүгін біздің әкеміз өлді» деп пост жаздым. Посттың мәтіні былай болатын:

«ҚАЙСАР ҚАЛАМГЕР ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛ қайтыс болды.      

         Жазушының бүкіл ғұмыры, жазған шығармасы – қазақ халқының рухы, болмысы, бөлек әлемі, дербестігі, азаттық аңсауы, еркі және биік мақсаттарына құрылған.

          Өз сөзімен айтқанда ол – «заман қанша ауысса да бірде-бір шығармасы банкротқа кетпеген» жазушы.

          Сонау кеңес заманында жазылған «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен», «Саржайлау», «Бір түп тораңғы» қатарлы шығармаларының қай-қайсысы да өз заманының шын сыйпатын ашқан туынды. «Заманына күйлемеген, заманы илемеген» шығармалар.

          Жазушының тілі де, шығармасында сипатталған өмірдің көркем бейнесі де, кейіпкерлердің монологтары мен диалогтары да, аса шынайы және биік шеберлікпен жазылған. Бәрі де оқушының ой-санасын шексіз баурауыш құбылыстар үйлесімі.

           Жазушы Қабдеш Жұмаділов қайсар күйінде қасқайып тұрған болмысымен, тік бейнесімен өмірден өтті. Ол шаршап-шалдыққан жоқ, қартайып қайысқан жоқ, заман қанша өзгерсе де майысқан жоқ. Ол барлық шығармашылық ғұмыры ерік пен жігерге, биік рухқа толы жазушы болды.

          Ол Шыңжаң қазақтарының жаршысы – бағыт берер жарық жұлдызы – Темірқазығы болатын. Олардың жан әлемін жалпақ Қазақ еліне жайып жіберген, күллі қазақтың жүрегіне жеткізіп орнықтырған ғажайып қаламгер.

         ОЛ БІЗДІҢ РУХАНИ ӘКЕМІЗ ЕДІ. БҮГІН БІЗДІҢ ӘКЕМІЗ ӨЛДІ.

         Ертең ел-жұрты жиналып, ол өзі өсиет еткен топыраққа көмеді. Өзі өмірімен сүйген, өмірбақи жырлаған, күллі кейіпкерінің киелі мекені Тарбағатай тауының бір қыратына оны тапсырады. Оны өзі аса сүйіспеншілікпен суреттеген Шәуешек шаһарынан Арқаға қарай келе жатқан жолдың таусылған жеріне қояды. Тірісінде тынымсыз сүйіп жырлаған ата мекені Қабдешті мәңгі тербетеді.

         Қаламгердің шығармасы – жан әлемі халқымен бірге жасайды! Ол мың жасайды».

  

Жанар таудай Қабдеш жоқ,

Әр сөйлемі бір алау.

Енді жиын мінбеміз,

Қалғып-мүлгіп тұрады-ау.

Арпалысып-айтысып,

Кешсең дағы бір ғұмыр.

«Бақыттымын!» деп өттің,

Соңғы сәтте ғұлама-ау.

Бақыт деген сол шығар,

Қазақстан кең байтақ.

Бостандықтың желімен,

Желбіреген ту анау.

Сенің жүріс-тұрысың,

Көз алдыға келердей.

Аман болса шығысым,

Қабдеш тағы туар-ау.

  Мен өз басым, Алматыны Қабдешсіз елестете алмай жүрген күйдемін. «Асқар тауың әкең құлады!» деп көңіл айтады ғой. Сол рас екен! «Алматыда Қабдеш жоқ» өлеңі содан туды. Ұлтына еңбек еткен қайсар қаламгер өз туған жерінің – Тарбағатай тауының бір салмасын бастырып барып жатты. Өз қолымызбен топырақ салып, пайғамбарын көмгендей Қабдеш ағамызды да аттандырдық.

Міне, содан бері бір жыл сырғып өте шығыпты. Қабдешсіз өткен бір жыл...

Тегтер: