Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:48, 13 Қаңтар 2023

Қадіріңді қашпасын десең...

None
None

Баяғыда Бұқар жырау Абылай ханға басу айтып еді:

Ей, Абылай, өзің абайла!

Тыңшы бар деп маңайда.

Естіп қойса, оңай ма?

Жыртығыңды әрдайым,

Әке-шешең жамай ма?

Жасың алпыстан асқанда,

Жастарға орын бер, жарай ма?

Тарих ғылымының кандидаты Жұмамұрат Шәмшінің айтуынша, сол заманнан бері қазірге дейін 300 жылдай уақыт өтті.

– 91 жылы еліміз тәуелсіздігін алды, Қазақстан Республикасының басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев келді. Ол өзі «мен 15 жасқа дейін тойып тамақ жемегенмін», деп еді. Расында да, ол кісі 1940 жылы ашаршылық, соғыс, қырғын кездерде туған. Жейтін дым жоқ. Сол кезде туған ұрпақтың аш-жалаңаш қалғанын, тойып тамақ жемегенін біз олардың іс-әрекетінен, өмірі атақ-даңққа, мансапқа тоймайтынынан көріп жүрміз. Бәрінің сөзі баяғы атақ-мансап. Тіпті «менің алты-ақ ай өмірім қалды, сондықтан маған мемлекеттік сыйлықты беріңдер», деген ағаларымызды да көрдік, іштей білеміз. Аттарын атап, түстерін түстеп неғылайық. Ондайлардың өкпелеп қалатыны да анық.

Сол аға буын өкілдеріне қарап отырып, тәуелсіздік алғалы отыз жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін сол баяғы «дежурный» адамдар күнде сөйлеп жатады. 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде мәдениет саласында атқарған еңбегіне мемлекеттік стипендия тағайындалған адамдардың тізімі шықты. Солардың ішіндегі әнші Бибігүл Төлегенова 94-ке келеді, Асанәлі Әшімов 85-те. Дулат Исабеков, Қойшығара Салғара, Серік Тұрғымбекұлы, Төлен Әбдік, Олжас Сүлейменов, Айтқожина, Марфуға апайымыз, Ақұштап Бақтыгереева, Есенғараева апаларымыз осы стипендияға лайық деп танылыпты.

Жалпы, осы отыз жылдан астам уақыт бойы билікке қолайлы осындай адамдарға мемлекеттің сыйлықтары жылдар бойы тағайындалып келеді. Өйткені өзінің сөзін сөйлету үшін, өзінің ыңғайына жығылатыны үшін мансап-атақпен алдап отырады.

Кез келген қуаныш, қайғы болсын, бір жерге барсаң, сол баяғы «дежурный» Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Әбдірахманов, Төлен Әбдік сияқты сол бір адамдар сөйлей береді. Бізге сөз бермейді. Баяғыда Мұхтар Шахановтан сұраған едім, «аға, біздер қашан сөйлейміз десек», «айналайын, мен де сөз сөйлеу үшін қырық жыл күттім ғой» дейді. Сол секілді бұлар сөйлей береді, қалғандары аузы аңқиып, құлағы қалқиып, соларды тыңдайды да отырады. Басқа адамдар қайда? Әй, біздің артымызда өсіп келе жатқан мына орта буын, 45-тен асқан жігіттер бар арамызда, соларға берейік сөзді, «біз айтарымызды айтып болдық, жасарымызды жасадық», демейді. Өйткені тектілік жоқ. Ұлы сөзде ұят жоқ. Тоқетерін айту керек. Ұрпақ сабақтастығы атымен жоқ бізде.

Өз заманында Оспан батырға Сталин мен медаль береміз деген кезде ол «мен сендердің темір-терсегіңді тағатын қатын емеспін» деп, кері қайтарған екен. Қазақтың соңғы батыры Сталин мен Мао Цзэдунды менсінбеген! «Әрі кет, аулақ жүр, мен өзімнің сөзімнен таймаймын», деген. Не деген батырлық!

Өз заманында Мұқағали Мақатаев айтқан еді Отан деген өлеңінде:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем, Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем.Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлағанЖаным менің, кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған! Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,

– деген еді.

Өкінішке қарай, қазіргінің шенді мен шекпенділері, министр, әкімқара, ақын-жазушы, профессор-академиктердің барлығының қатын, бала-шағасы, бүкіл ақшасы ар жағы Америкада, бер жағы Еуропада. Сол жақта тығып ұстап отыр. Өздерінің жеке басы осында көңілдестерімен бірге тұрады, ал неке қиған нағыз қатын бала-шағасының барлығы шетелде тұрады. Сонда өзінің Отанында тұрмайды, мұнда тек ақша жасайды және бізге Қазақстанға деген патриотизм туралы әңгіме айтады. Қандай парадокс!

Өткенде бір дөкей ағамыз айтып отыр. Үш ұлым бар дейді. Біреуі Америкада тұрады. Одан соң, үш немерем бар дейді. Біреуі Италияда тұрады, біреуі Австралияда тұрады дейді. Америкадағы немерем ағылшыншаға судай, Италияда тұратындарым итальян тіліне судай, Австралияда тұратындарым немісшеге судай деп мақтанып отыр дүйім жұрттың көзінше. Мақтану, даңғазалық, даңғырып, есі кетіп елірген екен. Әй, көкем-ау, олар өз Отанында тұрмай ма, дені сау патриот, елін сүйген адам болса? Ата, әже деген қасиет қайда? Қазақ баласы кезінде ата-апасының үстінде ұйықтаушы еді, иісін иіскеп, ертегісін тыңдап. Қазақ халқы ғасырлар бойы солай өмір сүрген, үйінің ішінде ата-әже шапанының етегіне оралып жүріп. Бәріміз солай өстік қой. Ал бұлар енді Америка, Италия, Австралия, Венгрия, Лондон, Парижде тұрса, оларда қайдағы патриоттық сезім? Оларды қазақ ұлттығынан айырылды, қазақтан жойылды дей беріңіз. Осыдан жүз жыл бұрын Жүсіпбек Аймауытов айтып еді. Кім қай тілде сөйлесе, ол сол ұлттың өкілі деп. «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жойылады» деген еді Ахмет Байтұрсынұлы. Өзінің тілі, әдебиеті, мәдениеті, атамекен жерінен жерінген қазақ қайдағы жерден қазақ болады? Ол қазақ боп жарытпайды, кешіріңіздер. Сен орыс тілінде сөйлесең, сен орыстың өкілісің. Қазаққа жаның ашымайды деген сөз. Өйткені тіл – тәуелсіздіктің, мемлекеттің тұғыры, ең асқақ шыңы. Тілсіз шаруа бітпейді, тілсіз мемлекет құрылмайды. Төрткүл дүниеде солай. Ал біздің қазақтар ұл қыздарын өсірсе, қайдағы-жайдағы шетелге асырады. Қырғыз, өзбек, тәжік-түркімен болсын, олардың бір қызы шетелде оқып жатыр дегенді мен естіген жоқпын. Олар жібермейді, өйткені қыз бала ана болады. Ол сезімге берілгіш. Ол шетелде оқуын бітірмей жатып, тұрмыс құрып, бала тауып жібереді. Сол ұлттың санын көбейтеді. Қазақ айтады ғой, сауда мұраты – ұту, дау мақсаты – біту, жол мақсаты – жету, қыз мақсаты – кету! Ал ер-жігіттің мақсаты – халқына қызмет ету.

Әй, айналып кетейіндер, шетелге жібермеңіздер қыздарыңызды. Кеше ғана хабар келіп жатыр. Бір Түркияның өзінде жезөкшелікпен айналысқан алты жүз қазақ қыздары ұсталыпты. Олардан ВИЧ инфекция табылған. Бұл не деген масқара. Біз де бір өзбек қызы жүрген жоқ тентіреп, айдаланы кезіп. Некен-саяқ болмаса, мүлдем жоқтың қасы. Өйткені олардың өмір сүру дәстүрі бізден анағұрлым жоғары, – дейді Жұмамұрат Кеңесұлы.

Тегтер: