Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:30, 15 Ақпан 2022

Қағаз жүзінде қалмаса игі...

None
None

Қаңтардағы қаралы оқиға Ресеймен шекарада орналасқан Павлодар облысын да айналып өткен жоқ.

Мыңдаған адам облыстық әкімдік алдына жиналып, өз талап-тілектерін жеткізді. Жергілікті шенеуніктер халықтың алдына шығып, өтініштерін тыңдады. Тұрғындардың ұсыныстары негізінде өңірдің даму бағдарламасы әзірлене басталды.

Жалпы алғанда павлодарлықтар бейбіт шерулер, митингтер, пикеттер ұйымдастыруда аса белсенділік танытпайды. Бірақ Жаңаөзенде басталған наразылық шерулеріне үн қосып, бұл талаптардың бүкіл ел тұрғындарына ортақ екенін білдіру мақсатында мыңдаған адам облыстық әкімдік ғимаратының алдына жиналды. Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында да белсенділер әкімдерді ашық диалогқа шақырды.

Наразылық танытқан топтың алғашқы легі 5 қаңтар күні түскі уақыт шамасында облыстық әкімдік алдына жинала бастады. Араға 10-15 минут салып, олардың алдына облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов шықты.

–  Белсенді азаматтардан бастамашыл топ құрып, өз ұсыныс-талаптарыңызды айтыңыздар. Біз оларды жергілікті жерде шешуге тырысамыз. Қолымыздан келмейтін істер болса, жаңадан құрылатын Үкіметке жеткіземіз, –  деді өңірдің басшысы жиналғандарға.

Алаңға жиналған жұртшылық жанар-жағармай, азық-түлік, баспана бағаларанының қымбаттығын, айлықтың төмендігін, жұмыссыздықтың белең алып бара жатқанын алға тартты. Әкімдік көтерілген мәселелерді бірден түртіп алды.

— Басқа облыс басшылары бұғып қалып, кабинеттерінен шықпай отырғанда, өңірдің де, қаланың да басшылары халық алдына шығып, ашық әңгіме құруды ұсынуы орынды іс болды. Сол арқылы жергілікті билік диалогқа дайын екенін білдірді. Сондықтан біздің облыста қантөгіс, мародерлық әрекеттер болған жоқ деп ойлаймын. Ал халықтың талаптары негізсіз емес. Соңғы уақытта қос бүйірден қысқан қымбатшылық жұртты әбден тығырыққа тіреді, – дейді Павлодар қаласының құрметті азаматы Махмет Демесінов.

Иә, шынымен, Павлодар облысындағы шеру басқа өңірлермен салыстырғанда, тыныш өтті. Десе де, деструктивті пиғыл танытқандар да болды. Мәселен, 5 қаңтар күні кешқұрым бір топ азамат облыстық әкімдік ғимаратына кірмек болып, полиция қызметкерлерінен құрылған бекетті бұзып өтті. Әкімдіктің терезесін сындырды. Кейін белгілі болғандай, шығын көлемі 2 млн теңгені құрап, үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, қаңтардағы оқиғаларға қатысы бар деген күдікпен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мамандандырылған сотқа  – 1282 іс жолданып, 435 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде  – 324 адам қамауға алынды. Әу баста, Павлодар облысының әкімдігі мен полиция департаменті «5 қаңтар күні алаңға 500-ден астам адам жиналды» деген мәлімдеме жасаған болатын. Олай болса 1282 істің қайдан шыққаны жұмбақ күйінде қалып отыр.

Бұл ретте, наразылық шеруі облыс орталығында ғана емес, Баянауыл ауданында да өткенін айта кету керек. Ауылдағы ағайын орталық алаңға жиналып, аудан әкімі Қанат Кәрімовтің жұмысына көңілдері толмайтынын ашық білдірді. Ол қызметке келген екі жылдан астам уақытта ауданда ешқандай жұмыс атқарылмағанын алға тартты. Аудан басшысы берген «құрғақ» уәделерді де тізбектеді. Сөйтіп, Қанат Кәрімов сол жерде-ақ қызметтен кету жөнінде өтініш жазуға мәжбүр болды. Бүгінде оның орнын бұған дейін Тереңкөл ауданына басшылық еткен Серік Батырғожинов басты. Демек, баянауылдықтардың талабы аяқсыз қалмады.

Түптеп келгенде, Павлодар облысындағы митинг тыныш өткенімен, қамауға алынып, тәртіп сақшылары тарапынан азап көргендер аз емес. Мысалы, Екібастұз қаласының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі Қанат Сейітов жергілікті құқық қорғаушылар (солай деп атауға келсе, әрине) оны митингке қатысқаны үшін аяусыз соққының астына алғанын, ал мектеп директорының міндетін атқарушы жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүрлегенін әлеуметтік желі арқылы жариялады.

«Кабинет ішіндегі аяусыз соққыларды үнсіз «қабылдауға» тура келді. Себебі айуандардың арасында азаматтың құқығын қорғау туралы ауыз ашудың өзі артық еді. Майқайыңнан (Баянауыл ауданы) жеткізілген адамдардың жағдайын көргенде, «бізді қайта жеңіл ұрыпты» деген ой келді. Себебі олардың біреуін жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Осындай азаптаулардан соң, сот 91 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бірақ не үшін екенін білмеймін. Митингке барғаныма өкінбеймін. Осыдан 10 жыл бұрын Жаңаөзендегі жағдай орын алғанда, бүкіл елдің үнсіз қалғанына ұялып едім. Биыл да сондай сезім қайталанбас үшін шеруге шықтым. Енді менің арым таза. Оқушыларға Сырым, Махамбет, Исатай, Кенесары, Жанқожа, Есет сияқты батырлардың ерліктері туралы түсіндіргенде, ұялмайтын болдым, –  деді Қанат Сейітов.

Кейін Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Екібастұзға барып, мұғаліммен кездесіп, оның ешқандай қысымға алынбағанын және жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Ал облыс билігі қаңтардағы оқиғадан соң, өңірдің даму бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Ол үшін тұрғындардың ұсыныстарын қабылдады. 1 ақпанға дейін 2400-ден астам павлодарлық өмір жағдайын жақсартуға қатысты ой-пікірін білдірді. Олардың басым бөлігі несие жүктемесін азайтуды сұрайды. Ұлттық банктің дерегінше, Павлодар облысында жұмыс істейтін екі адамның бірі, яғни 220 мың тұрғын банктерге қарыз. Уақтылы төленбеген берешек сомасы 10 млрд теңгеден асып кетті.

Шенеуніктер тұрғындардың орталық алаңда айтқан талап-тілектерін, 1 ақпанға дейін жолдаған ұсыныстарын ескеріп, кедейшілікпен күрес, жастармен өзара іс-қимыл, шағын және орта бизнесті дамыту, халық табысының өсуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымның тұрақты жұмысы және халықпен коммуникацияны күшейту деп аталатын алты бағыттан тұратын бағдарламаны дайындай бастады. Осы айдың соңына дейін ол бекітілуі тиіс. Бұл ретте, жастарға баса көңіл бөлініп отыр. Себебі митингке шыққандардың дені жұмыссыз жастар екені анықталды. Енді бұл ұсыныстар ескеріліп, нақты істер қолға алынса екен деген тілек бар.

Тегтер: