Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:59, 28 Қазан 2021

Қағынған баға, қалбалақтаған үкімет...

None
None

Азық-түлікті талонмен алып жүрмейік 

Үкімет қанша жерден «шара қабылдадық, қалыптасқан жағдай шешімін табады» дегенмен, қымбатшылық ырықтауға көнбей тұр. Қазақстан билігі бүгінде инфляцияға қарсы күреске 106 млн доллар жұмсады. Бұл теңгеге шаққанда 45 миллиардты құрайды. Осылайша Мамин үкіметіне қымбатшылықпен күресудің өзі  қымбатқа түсіп отырған жайы бар.

Ал енді аталған 106 млн доллар қайда жұмсалды? Осынша қаражат бөлінсе де, атқарылған істен неге оң нәтиже көрінбейді? Бұған қатысты  үкіметтің жариялаған есебіне сүйенсек, аталмыш қаражат өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру үшін жұмсалыпты. Бұл жобаға сәйкес,  жоспар 90,2 пайызға дейін орындалып, 306 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынған екен. Бұл ретте үкімет басшысы Асқар Мамин: «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жалпы инфляцияны тежеу өте маңызды. Әрбір тауар позициясы бойынша жағдайды күнделікті бақылауды жүзеге асыра отырып, жүйелі жұмыс жүргізу қажет», – дейді.

       Алайда премьер осылай дегенмен, жүйелі жұмыстың жүріп жатқанын ел әлі нақты сезіне қойған жоқ. Айтып отырғанымыздай, қарапайым халық бүгінде айлығын шайлығына жеткізе алмайтын күйге түсті. Сарапшылардың есебінше, жұртшылық қазір  ет пен нанды қатты үнемдей бастаған. Демек, біз үшін болашақта ең маңыздысы әлеуметке қажетті аталған өнімдердің бағасын шектеу болуы тиіс. Қарапайым халықты қажетті азықтан тарықтырмауға барынша тырысу керек.

        Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, іргеміздегі Ресей  2017 жылдан бері қарапайым елді, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды азық-түлікпен қамтудың жаңаша тетіктерін енгізіп үлгерген. Ал біздің үкімет мұндай шараларға әлі  бара қойған жоқ.

– Мысалы, Ресей үкіметі 2017 жылы азық-түлікке атаулы көмек бағдарламасын енгізу туралы шешім қабылдады. Сол жылы бұл елде  әлеуметтік аз қамтылған топтарға азық-түлік карталары енгізілді. 2018 жылғы азық-түлік купондарына 214,2 млрд бөлінді. Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып жатқаннан кейін осындай қадамға баруға мәжбүр болды. Бүгінде Ресейде халықтың ең кедей топтары үшін азық-түлік талондарын енгізу мәселесі көтеріліп жатыр. Азық-түлік бағасының жаппай өсуіне қатысты бұл елдің экономистері үкіметке осындай ұсыныстар айтуда, – дейді Арман Мусин.  

Расымен де, маман айтса айтқандай, күні кеше Ресейдің экономикалық зерттеулер қорының бас экономисі Валерий Миронов үкіметке әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды азық-түліктен тарықтырмау үшін арнайы талондар енгізу керектігін ұсынды. Экономистің айтуынша, болашақта Еуропалық энергетикалық дағдарыс азық-түлік бағасының өсуіне одан әрі қатты әсер етеді. Газдың тапшылығы мен қымбаттығына байланысты өндіріс орындары да жабыла бастауы мүмкін. «Міне, осындай дағдарыс кезінде әлеуметтік аз қамтылған топ қиналып қалмауы үшін жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікті  талонмен беру әдісін ұстанған абзал», – дейді Миронов. 

Жалпы, Ресейде қазір инфляция 7,8 пайызға өскен. Сарапшылар қымбатшылықтың әлі де артатынын болжап отыр. Мұндайда біз экономикамыз тікелей Ресейге байланған ел екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ресейде баға шарықтаса, бізде қоса қымбаттайды. Ресейде рубль құнсызданса, бізде теңге құнын жоғалтады. Мұның барлығын сарапшылар екі ел экономикасының тығыз қарым-қатынаста болуымен байланыстырады. Біздің Ресеймен ынтымақтасқанымыз сонша – кейбір заңдарымыз, қайсыбір жобаларымыздың өзі көрші елдің көшірмесі тәрізді нақпа-нақ қолданысқа еніп жатады.  Тап осы арада «біздің де күніміз азық-түлік талондарына қарап қалып жүрмесін» деген ой туындайды. Осыған орай, «Біздің үкімет болашақта әлеуметтік аз қамтылған топтарға салмақ түсірмеу үшін әлеуметтік азық-түлік талондарын енгізуі мүмкін бе?» деген сауалды сарапшыларға қойып көрдік.

Бұған қатысты «Жас Алаштың» сауалына жауап берген экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, бізде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ай сайын тұрақты түр­де жасалып отырған жоқ.

    – Қазақстанда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар аз-маз жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, жергілікті билік аз қамтылған отбасыларға бір реттік көмек көрсетумен ғана шек­теліп отыр. Мысалы, ең төменгі жәрдемақы алатын жал­ғызбасты қала тұрғынын алайық. Оған күнделікті тамақ, дәрі-дәрмек қа­жет. Оған ай сайын өсіп жатқан коммуналдық төлемді қосыңыз. Сон­да ол болмашы ақшаны қай жағына жеткізеді? Менің ойымша, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан тұрақты түр­де көмек көрсетіліп отыруы қажет. Бәлкім, ол азық-түлік талоны бо­лар, мүмкін, басқаша бір жүйе болар, әйтеуір, ай сайын берілетін бір тұрақты көмек қажет, – дейді сарапшы. Маманның айтуынша, азық-түлік талоны дегенге үрке қарамау керек.

     – Рас, бұл өткен ғасырдағы 90-жылдардағы қиын-қыстау кезеңді еске түсіреді. Бірақ инфляция ырық бермей жатыр. Азық-түлік бағасы ай сайын емес, апта сайын қымбаттауда. Елдің жалақысы құнсызданып кетті. Азық-түлік талондары қайта құру кезеңдерінде, экономикалық депрессиялар кезінде қолданысқа енетін болған. Біз үкіметтің бұған дейінгі істері аса нәтижелі болды деп айта алмаймыз. Қазір қалбалақтап ана жобаның басын бір ұстап, мынаны бір ұстап, не істеуді білмей отыратын кезең емес. Мықты пәрмен, түйінді шешім болуы керек, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Мамандардың пайымдауынша, бізге керегі – нақты қадам, нәтижелі өзгеріс. Үкімет енді ескі қағидамен жүруді доғаруы қажет. Заманға сай жаңашыл әрі сауатты топ-менеджерлердің легін қалыптастырған жөн. Қалай десек те, қазір алмағайып заман туып тұр. Халықтың тапқан-таянғанында құн қалмай, ұстаған қаражатымыздың пұл болмай қалғаны ақиқат. Күні кеше ғана еліміздің Ұлттық банкі базалық сыйақы мөлшерлемесін 9,75 пайызға тағы көтерді. Базалық сыйақы осымен бір жылда үшінші мәрте көтеріліп отыр. Әдетте экономикада барлығы жайлы болғанда базалық мөлшерлеме  түсетін, ал қазір Ұлттық банк әрбір екі ай сайын базалық ставканы көтеріп әлек. Осыдан-ақ елдегі ақша-несие саясатының, инфляция жағдайының,  жалпы экономикалық ахуалдың аса мәз емесін аңғаруға болады. Әйтеуір, «қағынған бағаны қалыпқа түсіреміз» деп үкімет те, Ұлттық банк те әлек. Бірақ біздің атқарушы биліктің бұл әрекеті «енжардың ісі кері кетедіге» көбірек ұқсайды да тұрады...

Тегтер: