Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:43, 16 Ақпан 2021

Қаһарман Қасым Қайсенов

None
None

Өмірін жүргізушілікпен өткізіп келе жатқан, кезінде Алматы облыстық МАИ-да қызмет істеген, содан соң Қазақстан жазушылар одағының «Өнержай» демалыс үйінде директор болған Бекдайыр Иманбаев  Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтан бастап, тіпті әлемге әйгілі батыр-жазушы Бауыржан Момышұлын да машинасына мінгізіп, қызмет еткен екен.

Олардың ішінде әйгілі Қасым Қайсенов те бар. Партизан-жазушы туралы әңгімесін ұсынып отырмыз.

«Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін (Жұмабаев) ағаның қолында қызмет істеген жеті жыл мені талай нәрсеге үйретті. Елді таси жүріп, әрқайсысын әр қырынан таныдым. Оқуымда кідіріс болмады. Сол уақытта өзім аралас-құралас болған қаламгерлердің арасынан Қасым Қайсенов аға айрықша ыстық көрінеді. Ол кісі үнемі мені бастығымнан сұрап алатын. Қасым ағаның кіші ұлы Жамбыл облысының бірінші хатшысы Бектұрғановтың қызына үйленген. Ұлы сол жақта, ағамыз құдалары жаққа жиі барып тұратын. Жол жүрерден бір-екі күн бұрын машинасын жақсылап қаратып алады. Өзінің жасы үлкен болса да, мені қатарлас досы сияқты көретін. Машинасын қарап, босаған жерлерін тартып, майлап жатсам, Қасым аға жанымда табуреткада отырады. «Әй, черный мальчик!» — дейді, ол кісі мені солай атайтын. — «Сен машинаны жақсылап қара, жөндейтін жерін жөндеп, әйтеуір, жолда қалып қоймайтындай болайық. Мен Мырқымбай болып, сенің жаныңда отыра берейін», — дейтін әзілдеп.

    Содан бір кезде үшінші қабаттың терезесі ашылып, Асыл апа бізді түскі асқа шақыратын. Тамақтан кейін ол кісінің үлкен бөлмесіне кіріп, біраз демалатынбыз. Бөлмесінің кіреберісінің оң жағында төсегі болатын. Оның жанында алтын, күміспен жалатқан жіңішке қылыш пен алтын түсті командирлік кортиктер ілулі тұрады. Бұрын солардың қатарында карабині мен наганы қоса тұрған екен. Әскери адам ғой, командир болған соң, өзі де сондай бұйымдарды ұнатқан. Елден естуімше, үлкен бір жиналыста Қасым ағамыз әлдекімге қатты ренжісе керек. Содан жиналыс болып жатқан жерге кіріп, наганын қабынан шығара салып, бірнеше рет аспанға тарсылдатып атыпты. Сөйтіп, отырғандардың зәре-құтын ұшырады. Содан кейін жоғары жақтағылар аты-жөні жазылған Қасым ағаның наганын алдыртыпты. Бірақ осы әңгіменің рас-өтірігін Қасым ағадан сұрауға батпадым. Тіпті ол маған керек те емес еді. Тектен-текке қайдағы-жайдағыны есіне түсіріп, ренжітіп алар ма едім...

Адамның жасы ұлғайып, шау тартқан сайын балаға ұқсай береді. Дегенмен бір күні қылышы назарымды өзіне аудара берген соң, соның жайын сұрадым.

– Әй, черный мальчик, сен сұраған соң, мен ол туралы саған айтып берейін. Карпат тауында екі партизан немістердің жазалаушы отрядын күтіп жатқан едік. Олар деревняларды шарлап, кемпір-шалдарын атып тастап, жастарды жиып, Германияға жіберетін отрядтар еді. Бізге сондай қамаудағы жастарды фашистерден арашалап, алып қалу міндеті тапсырылды. Қасымдағы серігімнің аты – Петя.

Бір кезде алдымыздан үш дөңгелекті мотоциклге мінген фашистің автоматшылары көрінді. Оның арғы жағында бір қара лимузин келе жатқан. Лимузиннің артында ашық бронетранспортёр. Оған жиырма шақты автомат асынған фашистер жайғасқан. Одан арыда үш автоматшы мотоциклмен жақындап қалды. Біз екеу ғанамыз. Олар көп. Әрмен қарай жіберуге болмайды. Екеуміз тез арада бір шешімге келіп, не болса да шайқасып көрейік дедік. Мен алдында келе жатқан мотоциклистке гранатамды құлаштап лақтырып қалып едім, мотоцикл де, лимузин де аударылып түсті. Мұндайда адамды алапат күш билеп алады екен. Петя екеуміз көп фашистерге қарсы ашық шайқасқа шыққан едік. Бізді Құдай қолдады. Бір таудың бөктерінде тығылып жатып, әлгі фашистердің бәрін қырып салдық. Содан лимузинде аман қалған біреуі бар ма екен деп ішіне үңіліп қарасақ, бір генерал теңкиіп өліп жатыр. Біз қайдан білейік, оның ішінде генерал келе ме, жоқ басқа бір офицер бола ма? Мына сен сұраған қылыш мен өлтірген генералдың қылышы еді. Сол соғыс кезінде мен геройлықты алудың орнына сөгіс алдым. Айтуларынша, генералды тірідей қолға түсіру керек екен. Бірақ олай болмады. Мына қылышты кезінде Эрмитажға қойған. Сол жерден әкеліп, жақында өзіме тапсырды, – деген.

Менің көзім қарама-қарсы қабырғада ілініп тұрған үш үлкен портретке түсті.

– Аға, мына бірінші портретте тұрған – Сталин, ол сіздің бірінші бастығыңыз; екінші портреттегі – Ковпак, ол кісі туралы кітабыңыздан білемін, бүкіл Украина партизандарының және сіздің тікелей командиріңіз болған кісі. Осы екеуінің портреттерінің жанына Ілияс Есенберлиннің суретін қойыпсыз. Неге өйттіңіз? – деп сұрадым.

– Ол – менің үшінші бастығым. Ол ағаң «Жазушы» баспасының директоры болып тұрғанында, мен директордың орынбасары болғанмын. Сонда мені жұмыстан шығарып жіберген. Сол үшін үшінші бастығым деп, екі бастығымның қатарына іліп қойдым, – деп күле әңгімелеп еді.

Қасым аға бір күні Жамбыл облысындағы құдаларына барып қайтты. Келісімен ертелетіп үйге телефон шалды. Бірдеңе болып қалды ма екен деп әбіржідім. Машинасын жолға жүрер алдында әбден-ақ қарап едім. «Әй, черный мальчик, сен маған келіп кетші», дегені бекер емес. «Не болса да барып қайтайын» деген оймен жеделдетіп үйіне жеттім. Барсам, ағамыз жыларман болып тұр. Амандықтан соң, «жүр, гаражға» деп, есік алдындағы Ұлы Отан соғысының қатысушысына деп қалдырған темір гаражына ертіп алып барды. Гараждың құлпын сықырлатып ашып, тарсылдатып қақпаны екі жаққа итерді. Машина соғылмаған, сап-сау сияқты. Қасым ағаның түрінде реніш, әйтеуір, ашуланып тұр. «Мынаны қарашы, черный мальчик» деп, капоттың алдында орнатқан бұғының орнын көрсетті. Бірдеңеге ызалы. Шашы жаңадан гүлдеп тұрған шие ағашындай жан-жаққа салбырап кеткен. Бір көзі төмен қарап кеткен. Онысы тастан қойылған жасанды көз. Екінші көзі маған қадалып тұр. «Енді не істеймін, бұл машинамен қалай жүремін? Бұрын сол бұғыға қарап бағыт-бағдар жасаушы едім, енді қайда қараймын? Мына капоттың тесігіне қараймын ба, черный мальчик? Жамбылдан Алматыға әрең жеттім».

Бұл күн жексенбі еді. Қарабазарға барсақ, ол нәрсені табатыныма сенімдімін. Сондықтан Қасым ағаны сабасына түсіріп: «Аға, сонша уайымдай бермеңіз, мен тура сондай бұғыны тауып беремін», – дедім. Сол сөзіме балаша қуанып кетті. Дегенмен іштей сенбей тұрған сыңайлы. «Не, сонда сенде осындай бұғы бар ма?» дейді. «Жоқ, аға, дегенмен оны қайдан табуды білемін» дедім. Екеуміз үйге кіріп, шай іштік. Асыл апаның шайы да, ыстық тамағы да үнемі дайын тұратын. Мен сыртқа шығар кезде Қасым аға қолыма машинаның кілтін ұстатты. «Аға, өзіңіз жүргізбейсіз бе?» деп сұрадым. «Жоқ! Мен бағдарды бұғыға қарап ұстаушы едім. Кеше апаңның айтуымен Жамбылдан үйге әрең жеттім. Енді бүгін рульге өзің отыр. Әлгі бұғыны табамын деген жерге апар», деді. Рульге өзім отырдым. Маған жолыма бағыт-бағдар алу үшін бұғының қажеті жоқ, зырылдатып барып, Қаскелеңнің арғы шетінде орналасқан қарабазардан бір-ақ шықтық. Қасым ағаны ертіп, машинаның бөлшектерін сататын қатарға қарай жүрдім. Ұзамай әдейілеп іздеп барған бұғының алдымыздан шыға келгені. Бір орыс жігіті басқа заттарымен бірге, біз іздеп келген бұғының мүсінін сатып тұр екен. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей жағдай болды біз үшін. Іздегеніміз сарсылтпай, табанымызды тоздырмай, тез табылды. Қасым ағаның мәз болғанын көрсеңіз.

– Әй, черный мальчик, мынау тура менің бұғым ғой! Дәл соның өзі, – деп, әлгі орыстың жанына қуанышы қойнына сыймай жетіп барды. Әй-шәй жоқ, капотының алдында тұратын бұғыны қолына алды. «Дорогой, сколько стоит твой олень?» деп сұрады. Анау да бұғысының өтетініне мәз. «Отец! Три рубля стоит» деді. Қасым ағамызға үш сом деген не, ол?! Әлгі жерде алтын тапқандай мәз болып, қойнынан үш сомды суырып алды. Аяқастынан қолының жымқырмасы бар, әлдекімдердің ұрлап кеткен бұғысымен қайта қауышып, төбесі көкке жеткендей болды. Сатушы орыс та риза, біздің ағамыз да разы. Сатып алған затын маған беріп жатып: «Черный мальчик, бұл өзі жақсы іс болды. Әйтеуір, сенің арқаңда тез табылды ғой. Енді сен оны орнына қондыра аласың ба?» дейді. «Қондырғанда қандай! Қатырып орнатып беремін» дедім. Қасым аға іздегенін тапқанына қатты қуанды. Машинасының жанына келісімен қапотын аштырды. Мен де бұғыны өз орнына орнатып бердім. «Әй, черный мальчик, енді машинаны өзім жүргізіп көрейін, бұғының қалай тұрғанын байқайын» деп, «Волгасының» руліне өзі отырды. Подъездің алдына келгенде Қасым аға көңіл күйінің дұрыстығын Асыл апаға сездіру үшін сигналын үсті-үстіне басты дейсің. Асыл апамыз да соны күтіп отыр екен, терезені ашып, басын шығарып жымия қарады. Капоттың алдындағы қондырылған бұғыны көріп, ол кісі де мәз.

Қасым аға әскерге кетіп, артынан соғысқа қатысып, содан кейін де араға жылдар салып әрең келген. Бір көзін соғысқа берген. Басқа алған жарақаттары да аз емес. Асыл апамыздың өмірі ол кісіні күтумен өтті. Апамызға ең қымбат адам Қасым аға еді. Ағамыздың аманшылығы деумен өмірін өткізді. Біз келгенше, қуырдағын пісіріп, дастарханын жайып қойыпты. Ағамыз: «Әй, черный мальчик, сен болмағанда Украина берген мына машинаны қайтып мінбейтін едім. Саған көп рақмет. Егер сен менімен бірге Украинаға барсаң, онда менің қуана қарсы алатын достарым өте көп. Саған бір «Запорожецті» дарить еткіземін», – деді. Ол кезде мен үшін «Запорожец» деген машина да қол жетпейтін көлік еді.

Бір жолы Мәсімхан Бакушев пен Қасым Қайсенов ағамызды бір түнде Талдықорғанға апарып қайтқаным бар. Сонда Қасым аға преферанс ойнап, елдің бәрін ұтып алған. Ол кісі қағазға жақсылап сызып ойнайтын. Ең жақсы көретін ойыны сол еді. Ұтылғандар ағаны қошеметтеп, рюмкасын коньякқа толтырып, құя бастады. Бірақ ағаның көңілі ыдысқа толмай, «басқа дұрыстауын әкеліңдер» деді. Мен үйленген кезде Иван Шухов арақты пивоның кружкасына толтырып бір-ақ сыңғытып еді. Содан кейін көргенім – Қасым ағаның бір бөтелке коньякты түгелдей құйғызып ішкені. Қасым аға қай жағынан алса да, нағыз қас батырдың өзі еді. Айта берсе, ол кісі туралы қызықты әңгімелер таусылмайды. Он жылдай бірге жүрген кезде солардың талайына куә болдым. Мені көзі шалысымен жанына шақырып алатын.

  Енді бірде машинасының сцеплениесі құрыпты. Онысы жиі бұзылатын. Олай болатын себебі – ағамыз сцеплениені үнемі басып отыратын. Скорость қосылмайды. Қосайын десе, қырылдап машинасы жүрмей қойған екен. Содан кейін, әрине, мені шақырып алады. «Черный мальчик, мынаны жөндеп бермесең, мен машинаны орнынан қозғалта алмайтын болдым» дейді. «Қазақтелефильмде» бір кездері бірге жұмыс істеген Шәкизат деген досым болатын. Оның ауылы Жаңаарна деген жер. Бір өзіме қиындау соға ма деп, Шәкизатты жаныма қосып алып, әке-шешесі тұратын ауылға сцеплениені ауыстыруға бардық. Мен қайда жүріңіз десем, Қасым аға сол жаққа бара беретін.

Қасым аға бір күні Жазушылар одағына келе жатып машинасын солға бұра салады. Онда тұтас сызық. Бұл бұрылуға болмайды деген белгі. Әлгі жерде МАИ-дың бір қызметкері тұр екен. Оның кім екенін мен жақсы білемін. Өзін Сергей деп атайтынбыз. Қазақша бір ауыз сөз білмейтін. Балалар үйінің түлегі. Содан оны Сергей деп кеткен ғой. Ол ылғи да сол бұрышта тұрып, кім жол ережесін бұзса, шара қолданып, протокол толтырып, олай болмаса қалтасын толтырып, оған көнбей жатса куәлігін алып қоятын. Жағдайы өте жақсы. Жақын жерде тұрғандықтан, Жазушылар одағының шоферларын жақсы білетін. Олармен сәлемдесіп жүретін. Сол күні

– Вы нарушили правила дорожного движения, – деп, Қасым ағаның куәлігін сұрайды. Ол кісі саса қоймайды. Талай немістің басын қағып тастаған кісі. Қалтасынан куәлігін алып, инспектордың қолына ұстатады. Анау ала бергенде жерге түсіріп алады. «Подними права» дейді Қасым Қайсеновке. Ол кісі: «Сам уронил, теперь сам подними» дейді. Ары қарай тәжікелесіп тұрмай, Жазушылар одағына кіріп кетеді. Ол уақытта одақтың бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов болатын. Табиғатынан өте сыпайы, қарапайым адам еді. Кейде шофері Володя бір себептермен кешігіп қалса, «мені «Госкомиздатқа» жеткізіп таста» деп өтінетін. Қызметі әлгіндей кісі. Өтінішін қалай орындамайын? Қуана-қуана апарып салатын едім. Қасым аға Әнуар ағамызға бір жұмыстармен келсе керек.

  Сонда отырып, өзімен бір подъезде, қарама-қарсы пәтерде тұратын Алматы қаласы МАИ-ның бастығы полковник Алексеевке телефон шалады. «Әй, дороғой начальник ГАИ! Кто у тебя возле Союза писателей Казахстана стоит? Он у меня попросил права. Я ему на руки отдаю, и он же уронил на земля и просит, чтобы я поднял. Я не стал поднимать права. Сказал ему «ты уронил, ты поднимай». Так и оставил. Ты дороғой, разберись с ним» дейді. Сол сөзден кейін Алексеев дереу әлгі айтқан жерге келіп, жаңағы Сергей деген инспекторының иығындағы погонын ызалана жұлып алып, бірден жұмысынан босатып жіберді.

Келесі күні Сергей менің Қасым Қайсеновпен қандай қарым-қатынаста екенімді шоферлардан сұрап біліп алыпты. Әбден жүні жығылған, алдыма келіп көмек сұрап тұр. «Әй, Сергей, сен өзі неге байқамадың? Ол Ұлы Отан соғысының қаһарманы. Атақты командир, партизан отрядының бастығы, отставкадағы полковник, ол аз десең, мықты жазушы. Ол кісіні сыйламайтын ешкім жоқ. Тіпті Сталин де сыйлаған, Ковпак та қадірлеген. Бүкіл Украина мақтан етеді. Аты аңызға айналған батыр, партизан-жазушы. Сондай кісімен тәжікелесу – масқараның масқарасы. Сондықтан сен мені кешір, достым, сен сұрап отырған көмек менің қолымнан келмейді», – дедім.

Тағы бір сөз ететін досым бар. Ол да өмірін мен секілді шоферлықтан бастаған. Кейін «Қазақфильмде» жұмыс істеген. Екеуміздің арамыз алшақтап кетті. Бір-бірімізді көрмегелі көп уақыт өтті. Оның да тасымаған, білмеген артистері, кинорежиссерлері жоқ. Екеуміз бірге КазГУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқыдық. Талай қызықтарды бастан бірге кештік.

Бір күні сол Әдекеңе бара қалып едім, Қасым аға туралы әңгіме қозғады. Екеуміз шай ішіп отырғанда: «Бегдан, сен Қасым ағамен жақсысың ғой. Кітаптарын оқығанмен, ол кісімен жүздеспеппін», – деді. «Онда тұрған не бар? Жүр, қазір-ақ барып қайтайық. Қал-жағдайын біліп шығайық» деп елп ете түстім.

  Сөйтіп, ойламаған жерден Қасым ағаға Адик досым екеуміз жүріп кеттік. Үйі Фурманов пен Абай даңғылының қиылысында. Уақыт шамасы бестер болатын. Есікті Асыл апа ашты. Біздің келгенімізге Асыл апа да, Қасым аға да қуанып қалды. Ағаның қолында қан-қан пышақ. Бетіне қан тамшылары шашыраған. Көзіміз бірден кіреберістегі екі тоқтыға түсті. Біреуінің аяқтары онша байланбаған. Бір тоқтыны бауыздап тастапты. Екеуі де шала-жансар, аяқтарын тыпырлатып жатыр екен. Қасым аға қолындағы қан-қан пышақты Адикке ұстата қойды. «Әй, дороғой! Сенің черный мальчик екеуіңнің келгендерің қандай жақсы болды», деп жанындағы орындыққа отыра кетті. Байқауымызша, өзі де қиналып, кемпірін де қинап, малды соя алмай, ит әуре болып жатыр екен. Сондай сәтте біздің келгеніміз абырой болды.

Мен өмірімде тауық екеш тауықты да бауыздап көрмеппін. Ал Адик нағыз қасапшы екен. Демнің арасында екі тоқтының қолын-қол, бұтын-бұт қылып, бос тегештерін етке толтырды. Тіпті жілік-жілігімен бөліп тастады. «Әй, черный мальчик, мына бала менің партизан кезімде қол астымда болғанда талай фашистің терісін тірідей сыпыратын бала екен. Кім бұл, өзі? Кім болса да, молодец екен!» деп риза болды Қасым аға. «Асыл, кәне, әкел табақты, бізге тездетіп қуырдақ жаса. Мына черный мальчиктің досымен жөндеп танысып, қуырдақ жейік» деді апайға. Сөйтіп, сол күні Адик досымды Қасым ағамен таныстырып, қуырдақпен шай ішіп кеттік.

                                                         * * *

Қасым ағаның 70 жылдығы Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде өтті. Дастархан басында отырған жазушылардың бірі: «Қасым аға, сіздің біз естімеген, кітаптарыңызда жазылмаған әңгімеңіз бар шығар, сұрапыл соғыстың кезінде жантүршігерлік талай оқиғаны бастан кештіңіз ғой», – деп еді. «Иә, сондай бір оқиға бар», деп, кафе толы халықтың алдында айтып берген әңгімесі еді.

– Бір күні екі партизан Карпат тауында жазалаушы отрядтар жүретін жолды бағып отырғанбыз. Бір кезде қолында қызыл орамалы бар бір әйел қолындағысын бұлғап, «Партизаны! Партизаны!» деп айқайлап келе жатқанын көрдік. Алдынан шығып, «Что ты кричишь? Что случилось?» деп сұрап едім, «Немцы загнали весь молодежь в клуб. Они хотят их отправить в Германию» деді. Немістердің санын сұрап едім, «бесеу» деп жауап берді. Кеттік деп, әлгі әйелді алға салып жүріп кеттік. Сол бойы жастарды қамаған клубқа бардық. Клуб екіқабатты үй екен. Жанымдағы партизанмен келісіп алып, подвал жақ есігіне қарай жүрдім. «Егер мен кешігіп жатсам, онда жағдайымның онша болмағаны. Сен ана бұрыштан мына бұрышқа жүріп айқайла. Тура бір батальон солдат қоршап алғандай бұйрық бер» дедім. Сөйтіп, жерасты бөлмеге кеттім. Бір қолымда автомат, екінші қолымда бір-біріне байланған гранаталар. Белдігімде наган мен қанжар. Әлгі жерге кіріп барсам, әйел айтқандай, бес автоматшы емес, елудей фашист жендеті іште жүр. Бір-екі офицерін көзім шалып қалды. Жастардың бәрін қатарластырып, қолдарын арттарына қайырып байлап қойған. Кіре салысымен «Хенде хох!» деп айқайды салдым. Менің даусымды естіп, сырттағы серігім ол да әрекетін бастады. Бұйырған даусы біресе ана бұрыштан, біресе мына бұрыштан естіліп жүр. «Первая рота, вперед! Вторая рота, вперед! Третья, четвертая рота!» деп, қатты-қатты бұйырады. Даусы саңқ-саңқ естіледі. Клубты айнала қоршап алған сияқты даусы төрт бұрыштан естіледі. Оны естіген немістердің үрейі ұшты. Клубты жан-жағынан бір батальон қоршап алған екен деп ойлады. Менің «хенде хох» деген даусым одан да қатты әсер етті. Бәрі қолдарын бастарынан жоғары көтеріп, тұра-тұра қалды. Жастар менің бұйрығым бойынша бір-бірінің қолдарын шешіп, елу солдат пен екі офицердің қару-жарағын сыпырып алды. Бәрінің қолдарын арттарына қайырып, белдіктерімен байлап тастады. Солай немістің офицерлерін алға салып, арт жағынан солдаттарды қатарластыра айдап, подвал бөлмеден сыртқа шығарып келе жаттық. Автоматтары жастардың қолында. Сыртқа шыққан соң қараса, бар-жоғы жалғыз-ақ партизан жүр. Біз осылай Украинаның төрт жүздей қыз-жігіттерін клубқа жинап, Германияға жөнелтуден аман алып қалдық. Аналарды пленге жібердік, – деп, Қасым аға біз естімеген бір әңгімесін баяндап берді.

Қасым ағаның жас кездегі айлакерлігіне, көзсіз батырлығына тағы да бір көздері жетіп, риза болған ел дүркіретіп қол соқты.

                                 Әдеби жазбашысы Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

Тегтер: