Қай тілде білім береді?
Павлодар облысында балаларды тек мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің саны аз.
Сондықтан жаңа оқу жылында облыс орталығында ашылатын білім ордасына шәкірттерді қазақ сыныптарына ғана қабылдау жоспарланып отыр. Алайда, кейбір өзге ұлт өкілдері мен «шала» қазақтар бұған қарсы. Шенеуніктер тағы да солардың ығына жығыла ма, әлде бастапқы сөзінде нық тұра ма?
Солтүстікте жатқан Павлодар облысындағы мектептердің 43 пайызы ғана балаларға қазақ тілінде тәлім-тәрбие береді. Қалғаны – аралас және орысша мектептер. Оқу мекемелері санының аздығынан Павлодар қаласындағы кейбір білім ордаларында оқушылар саны белгіленген шамадан екі есеге көп. Мысалы, Бауыржан Момышұлы атындағы 1200 орындық №22 мектепте қазір екі мыңға жуық бала оқиды. Яғни тиісті жүктемеден 600-700 оқушы артық. Себебі бұл ауданда одан басқа қазақтілді білім беру мекемесі жоқ. Шәкірттердің тым көп болуы білімнің сапасына, санитарлық талаптардың сақталуына кері әсер ететіні сөзсіз. Үш ауысымда оқу қаупі туындағаны тағы бар. Осының барлығын ескерген жергілікті билік Сарыарқа шағын ауданында жаңадан бой көтерген, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілген мектепті қазақтілді лицей ретінде ашуды жоспарлады. Бұл туралы ақпараттың қылаң бергені сол еді, орыстілді ата-аналар бірден өре тұра келді. Олардың қатарында өзіміздің қаракөздер де бар. Бастамашыл топтың талабы – жаңа шағын ауданда орыс тілінде оқитын балаларға да жағдай жасау.
– Енді салынып, бой көтеріп жатқан шағын ауданда балаларға тең мүмкіндік жасалуы керек. Мұнда жас отбасылар, балалар көп. Олар қайда барып білім алады сонда? Іргемізде лицей тұрған кезде неге 5-6 жасар бірінші сынып оқушыларын автобуспен қаланың басқа шетіндегі мектептерге апаруымыз керек?, – дейді Тимур Гордонов есімді азамат.
Осындай пікірдегі азаматтар аз емес. Мысалы, Ирина Марчукова деген әлеуметтік желі қолданушысы балаларды қазақ-орыс деп бөлмей, барлығын бір жерде оқыту қажет деп есептейді. Сонда ұлттар арасында түсініспеушілік туындамайды-мыс.
Ал ұлтжанды павлодарлықтардың бір бөлігі мұндай жаңалықты қуана қабылдап, «бәрекелді!» десті. «Қашанғы орыс мектептерінің көлеңкесінде қаламыз?! Қазақстанда қазақ мектептері көп болуы тиіс», «№22 мектептің жүктемесі азаятын болды. Әйтпесе, ығы-жығы баланың арасында сапалы білім туралы сөз қозғаудың өзі артық», «Мемлекеттік тілде оқытатын лицейдің болуы – бұрыннан орындалмай келе жатқан заңдылық» іспетті пікірлерді жарыса жазып жатты. Осылайша, жаңа білім ордасына қатысты қоғам пікірі екіге жарылды.
Павлодар қалалық білім беру бөлімі 650 орындық оқу орны тереңдетілген жаратылыстану-математика бағытында жұмыс істейтінін, әрі мемлекеттік тілде сабақ жүргізетінін ресми түрде мәлімдеді. Солай дегенмен, ұлт болашағына алаңдаған кей азаматтардың көкейінде әлі де мектеп араластілді болып кете ме деген қауіп бар. Себебі былтыр жаңа жылда ашылған Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп әу баста тек қазақ тілінде оқытады деп хабарланған болатын. Мұны естіген №13 орыс мектебінің ата-аналары шу шығарып, жаңа мектепке баруды қалайтынын білдірген соң, бұл білім ордасы екі тілде қатар оқытатын мекемеге айналды. Қоғам белсенділері бұл жолы да осындай жағдай қайталана ма деп алаңдайды.
Бірақ облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов республикалық бұқаралық ақпарат құралдары алдында берген брифингте мектептің тек мемлекеттік тілде білім беретінін айтып өтті.
– Мамандар жағдайды саралап, тұрғындардың сұранысы мен ұсыныстарын електен өткізді. Соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі жаңа оқу жылынан бастап балаларға қазақ тілінде сабақ беретін болады, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Бұл кесімді сөз соңғы бола ма, әлде әлеуметтік желілердегі кейбір орыстілді топтардың дауыс шешімінің өзгеруіне әсер ете ме? Мұны жақын уақытта білерміз. Бір анығы, Павлодар облысына мемлекеттік тілде оқытатын мектептер керек. Қазіргі күні олардың үлесінің барлық мектептердің жартысына да жетпеуі – ұрпақ алдындағы ұят жағдай.