Қайнар Олжай: Рушылдық қазақты дамытпайды, кері тартады
Рас, атақ алуың үшін деп қандай рудан болуың өте маңызды боп кетті
«Жетісу» телеарнасының YouTube-тегі каналында ардагер журналист Қайнар Олжаймен сұхбат шыққан екен. Бұл видео «Қателік – Қайнар Олжай» деген тақырыппен тұр. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қазақ ұлтының қателігі мен мен Адамзат қателігі туралы азды-кем ой қозғап, сыр ақтарады. «Жас Алаш» сол сұхбаттан алынған үзінділерді қағазға түсіріп, оқырмандарымен бөліскенді жөн көрді.
Ұлт қателігі
– Біздің мемлекеттің, ұлттың қателігі – жемқорлыққа жол беріп қойғанымыз. Қазақстан 1991 жылғы желтоқсан айында Тәуелсіздігін жариялады. Қатты қуандық. Қатты қуанғандардың бірі мен едім. Бірақ сол тәуелсіздікпен бірге бір нәрсе жарияланбай қалды. Біз коррупциясы жоқ ел болуымыз мүмкін еді. Егер сол кезде Мемлекет міне, ақ парақ деп, бұған дейін кісі өлтіріп, жеке адамға қастандық жасағаннан басқа, экономикалық қылмыс жасағандардың бәрін сол күні босатып, амнистия беріп, БІРАҚ енді мынадай экономикалық, коррупциялық қылмыс жасағандар қатаң жазаланады, деген заң бірден керек еді. Біз коррупция дәні етек жайлай бастаған кезде онымен күреспедік. Мысалы, қатерлі ісіктің төрт-бес сатысы болады. Бірінші, екінші-үшінші сатысында оны емдейді. Ал төртінші сатысынан кейін, «әбден тарап кеткен, мұны емдеу мүмкін емес», дейді. Бізде міне, коррупция тура сол қатерлі ісік сияқты әбден дендеп, жайылып кетті. Әу баста, жол бермеу керек еді.
Қазақ жері бар еді. Жерді сату-сатпау әңгіме емес. Бірақ оның пайдасы тек қана мемлекетке түсуі керек еді. Ал бізде кез-келген байыған әкімнің туған-туыстарын айт – барлығы тек Жерді сату арқылы байыды. Кез-келген қызметте болған әкім, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде, жерді өз пайдасының көзіне айналдырды. Кәсіпорындарды таныстықпен берді. Қазір әкімнің туыстары қыл аяғы мемлекеттен берілетін түрлі қолдаулар бар ғой, мысалы, асыл тұқымға берілетіні бар, ерекше сорттарға, сүтке, төлге берілетін қолдаулар деген сияқты мемлекеттен тегін таратылатын нәрселердің өзі осы күнге дейін халыққа әділ таратылмайды. Барлық жерде коррупция. Көлеңкелі экономиканың айналымы Парламентте Үкімет есептейтін мемлекеттік бюджетпен парапар болып қалды. Көп болмаса, аз емес деуге болады. Көлеңкедегі ақшаны ешкім есептей алмайды. Ол есепте жоқ. Ал оның пайда болған себебі – біздің мемлекетте бұрын-соңды болмаған коррупция етек жайды. Жемқорлықтың бірнеше қауіпі бар. Ең алдымен, экономикамызға келетін нұқсаны, екіншіден, әділдік жоқтығын көрген жастардың барлығы шетке кетіп жатыр. Экс-президентіміз өткенде бұлар неге шетелге кете береді деді. Оның себебі коррупцияның етек жайғанында, жастарға мүмкіндіктің жоқтығында. Егер бүкіл тендер әділ бөлінсе, талапты, жақсы жоба ұсынғандар әділ жеңсе – корруцпия болмас еді. Прокурорға, сотқа кезінде жер керек болды ғой. Ол қалай әкімді соттайды, өзі әкімнен жер алып отырғаннан кейін? Бәрі бір-бірімен сыбайласып кетті. Мұны тазарту мүмкін емес деген деңгейге біз жеттік.
Біз жері өте үлкен мемлекетпіз. Бізге ешкімді, әсіресе, жастарды сыртқа жіберуге болмайды. Барсын, білім алсын, бірақ қайтып келіп, Қазақстанда жұмыс істесін! Өйткені мынадай үлкен жерде қазақтар жұмыс істеп жүрмегенде, кім жүреді? Іргеміздегі басқа халықтың алды келіп алды, олар енді жайлай береді, өйткені жер босқа жатыр.
Коррупцияға жол бергеніміз бізді діннен де, ділден де айыруға, жастарды болашақтан айыруға, қазақты жерден айыруға әкелетін бірден бір үлкен қатер. Шетелден жұмысшылардың келуін алсақ та коррупция. Есіңізде ғой, бір қытайлықтың сөмкесінен 200-дей қазақстандық паспорт табылғаны. Ол қайдан шықты? Коррупция бар, біреу беріп қойғаннан шықты. Агенттік құрдық, біресе комитет болады, біресе министрліктің бөлігі болады, күрес деген аты. Коррупция болмағанда, бізде онымен күрес деген де болмайтын еді. Дания мен Швецияға апарған бірде журналистерді. Коррупциясы жоқ мемлекет. Білім тегін. Ал бізде осы карантиннің алдында әншілердің билеттерін мектепке өткізіп, мектептен ақша жинайтынын көрдік. Балаларға «сендер мына концертті, немесе спектакльді көресіңдер» дейді, ата-анаңа айт, 200 теңге, 500 теңге беріп жіберсін дейді. Балабақшадан басталған коррупция біздің биліктің жоғары сатысына дейін жеткен. Қателігіміз осы. 90-шы жылдардың басында жол беріп қойдық, енді онымен күресе алмай келеміз. Енді қандай президент сайламайық, қандай парламент сайламайық, бұл коррупциядан қазақ арыла алмайды.
Біздің тағы бір қателігіміз – рушылдыққа жол бердік. Коррупцияда ру жоқ. Онда кім ақша берсе – сол жақсы. Коррупцияда ру сұрамайды.
Мен ойлағам. Рушылдық тоқтай ма деп. Есіңізде ғой, Ілияс Есенберлинді Лениндік сыйлыққа ұсынғанда, ең көп арыз Қазақстанның өзінен келген. Грузиядан Нодар Думбадзенің жұқа романын қолдап, осыған сыйлық берсеңіздер, деген хат келген. Мұны тудырған рушылдық болатын. Сол рушылдық 80-ші жылдардың ортасында жойыла бастап еді. Одан кейінгі буын білімге жақсы ұмтылды. 90-шы жылдардың ортасына дейін қазақ ру сұраспайтын. Ал 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басынан біз қайтадан рушыл халыққа айналып шыға келдік. Бұл өте қауіпті қасірет. 80-ші жылдың жастары рушыл болмаған. 2000-шы жылдардың басында мектепке кенже балам бара бастағанда, мектепте рушылдық пайда бола бастапты. Үш Найман бар екенбіз, бес Албан бар екен, жеті Жалайыр жүр екен дегенде, мен жағамды ұстадым. Мен университетте өзіммен бірге қанша Арғын оқығанын, қанша жеті ру оқығанын білмеймін, ал менің балам мектепке бара сап, бастауыш класта біз бәлен Найман, бәлен Жалайыр бар екенбіз деді. Рушылдық мектеп деңгейіне жеткен. Бұл бізді өсірмейді. Бізді құртады бұл. Мұның себебі – ру-руды дәріптейтін кітап көбейіп кетті.
Қазақ батырларының ескерткіші ортақ болуы керек. Қабанбайға неге Алматы мен Талдықорғанның ортасында, Шығыс Қазақстанда ескерткіш орнатылады? Қабанбайға неге Қызылордада ескерткіш орнатылмайды? Ал Қызылордада Жанқожа батырдың ескерткіші неге жоқ, ол неге Аягөзде тұрған жоқ, ол неге Қазалыда тұр? Ойлап қарасаң, міне, бізде бүкіл ұлтты құрған, тұтас елді құрған батырларды біз деген ру-руға бөліп алатын болдық. Қабанбай қазір қазақтың батыры емес, Найманның батыры саналады. Райымбек тек қана Албанның батыры саналады қазір. Осы бізді құртты. Батыр ортақ болуы керек болатын. Ата-атаға бөлінген, шежіре қуалаған кітап әдебиетке айналып кетті. Олар ғылыми айналымда ғана болуы керек еді, біз оны тұрмыстық деңгейге әкелдік. Кімнің қай рудан шыққаны ешқандай қажет емес болатын. Ал қазіргі жағдайда қызметке бару үшін, атақ алуың үшін қандай рудан шыққаның өте маңызды болып кетті. Ашаршылықтың неден болғаны кейін барып анықталды. Сол сияқты біздің рушылдық дертіне неге шалдыққанымыз кейін анықтала жатар. Бірақ мұны тоқтатпасақ, болмайды. Ру деген бір-ақ жерде керек, жеті атаға дейін қыз алыспауы үшін ғана. Бұл өте маңызды. Бұл қазақтың ең үлкен тарихи жетістіктерінің бірі. Бұл бәдәуилерде бар, көшпелі халықтарда болған. Отырықшы халықтарда ондай емес. Руды білу бізге жақын туыспен қыз алыспау үшін ғана керек болатын-ды. Одан кейін медицинада атадан балаға тарайтын ауруды зерттеу үшін керек. Одан кейін бұл тарих ғылымындағы шежіре, анау Шоқанның әкесі мынау болған, оның әкесі анау болған деген сияқты жайғдайда ғана руды тарату керек болатын. Ал күнделікті тіршілікте, қызметте, мемлекеттік қызметтің, жеке кәсіпкерліктің бір де бір саласында бізге рушылдық керек жоқ. Ал қазір жеке кәсіпкер тек өзінің ғана руын алады. Рушылдық біздің ұлтымызға дендеген үлкен дерт. Үлкен қатеміз. Бұл қазақты дамытпайды, бұл қазақты кері тартады деп ойлаймын.
Адамзат қателігі
– Қадыр-аға Мырзалиевте жақсы өлең бар: «Астында жамбасының көмір жатып, қи жағып өмір бойы өтіп еді...» деген. Қазақтың жамбасының астында көмір де болған, мұнай да болған, бірақ Қазақ оны тұтынбаған. Экология сақталған. Әлем дамудың, жұмыстың машинамен атқарылатын уақытына қалай шықты, қалай жылу-электр стансалары пайда болды – солай әлемге үлкен қатер басталған. Жердің астындағы мұнай мен көмірді пайдалану арқылы Жердің бетіне лас ауа шыға бастады. Лас ауа күн сайын, жыл сайын көбейе берді, біз қазір соның ең қатерлі шегіне келдік. Батыс елдері бұл қатерлі шекті түсініп тұр. Сондықтан да ұшақтардың дыбысы мен жағатын майына шектеу қойды. Сол сияқты Еуропада бір де бір ел көмір өндірмейді, Германияның өзі 2025 жылға дейін көмір өндіруін тоқтататынын білдірді. Рур деген бассейн болған, мына Донецкі мен Кузбасстағы, біздің Қарағандының бассейнімен деңгейлес. Соның өзін тоқтатты. Бұрынғы көмір шахталары мұз айдынға, тағы басқасына айнала бастады. Мұндай жағдайда әлем түсінді, бірақ өте кеш түсінді. Сонда адамзаттың үлкен қателігі – Жер бетіне, экологияға орны толмас апат әкелгені. Әлемдік мұздар ери бастады. Әлемнің су деңгейі көтерілді. Одан Жерді құр су басып қана қоймайды, мұның зардаптары өте зор. Бір ғана мысал айтайын, мына Алматыда бұрын-соңды болмаған Майна деген құс қаптады. Халық «афганка» дейді, ғылыми аты Майна. Бұл құстың шыққан тегі Үндістан мен Бирма. Тек жылы елдерде ғана болған. Одан Ауғанстанға келген, Ауғанстаннан өтіп, Өзбекстанға, Тәжікстанға келген де «афганка» деген атқа ие болған. Қазір Алматыда қысы-жазы осы құсты көресің. Пыр етіп, шұрқырап ұшып шығады, қанатының астынан әппақ сурет пайда болады, өзі сұр құс. Ол бұрын суық жақта болмаған құс. Енді біртіндеп, суық жаққа қарай жылжып келеді, Алматы облысы, Балқаш деңгейіне жақындап қалды. Ары қарай, Сарыарқа, әзірге, суық, бірақ ауа-райы жылына берген сайын осы бізде бұрын болмаған құс қаптады. Оның орнына өзіміздің сүйікті құстарымыз – қарлығаш безіп кетті, қарлығашты қазір көрмейсің. Қазақ даласында қарлығаш сирек боп кетті. Бәбісек деген құс болған, көкек болған, тағы басқа әдемі құстарымыздың бәрі құрып, оны орнына мын сұрқылтай сұр құс басты. Міне, ғаламдық жылынудың бір қауіпінің Қазақ даласындағы салдарыы осындай.
Біз жердің астындағы мұнайды, көмірді жағып қана қойғанымыз жоқ қой, олардан түрлі пластик заттар алдық. Бұл да үлкен қауіп әкелді. Қазір Қазақ даласының кез-келген жолымен жүрсеңіз – қаптаған пластик қоқыс, баклашка. Ағаштардың жапырағының орнына ілініп тұрған пластик пакеттер. Оны жеген мал да өліп жатты. Кез-келген ауылдағы мал дәрігерінен сұрасаңыз, қаншама малдың ішіне пластик пакет кетіп, сол қорытылмағандықтан, өлген сиыр мен жылқы жайында айтады. Әсіресе, сиыр көп, бірақ жылқы да бар. Демек, мұның барлығы, өте үлкен зазал әкелді. Біз, әзірге, мына Қазақ Даласының кеңдігінің арқасында ғана аман тұрмыз. Егер біздің еліміз Лихтеншейн сияқты кішкентай ел болса, тіпті, одан сәл үлкендеу жаңағы Еуропаның Бельгиясы сияқты ел болса – қазақ даласының топырағының бір қатпары ендігі пакет-пакет болып қалар еді. Адамзаттың үлкен қателігі – мынау өндірісті қуалап, өнімнің өсуін қуалап жүргенде, осындай үлкен экологиялық апатқа ұшырағаны.
Біздің Алматымыз да, Астанамыз да көмірдің есебінен жылып тұр. Бұл – өте қауіпті. Мен Данияда болдым, Швецияда болдым. Данияңыз көмір тұрмақ, мұнай алмайды. Болды, бас тартқан. Табиғи газ ғана пайдаланады. Көмірін жақпайды, мұнайын алмайды. Электр автомобильдерге көшті, қалалардағы жылудың өзін екінші қалдықтан алатын болды. Австрияның астанасы Венада болдым. Бізді арнайы түрде үлкен заводқа апарды, сыртына қарасаң, заводы музей сияқты, керемет көркемделген. Сөйтсек, бұл қаладағы елдің тұтынған қалдықтарын жағу арқылы қалаға электр қуаты мен жылу береді. Ал өзінен ешқандай да түтін шықпайды, түтінге дейін бәленбай рет қайта өңдеп, сол түтіннің қалдығын алып, оны жердің бетіне емес, асфальттың астына төсейді. Зауыттың ішіне кіретін судан, шығатын суы таза. Жылуға жіберген суы қайтып келгенде, оны тазалап, Венаның каналына қайтарып береді. Ішке кірген ауадан шығатын ауа таза, кірген суынан шығатын суы таза. Міне, экологияны ескеру деген осындай. Әлем бұл қатені әбден шегіне жеткенде ғана түсіне бастады. Бірақ көптеген дамып жатқан елдер, енді дамитын елдер әлі бұл қатені түсінген жоқ.